Алматыда ПТР талдауларын тәулігіне 22 мыңға жеткізу көзделіп отыр

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті онлайн-брифинг барысында шаһардың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин біраз мәселені тарқатты.

Спикер Алматыдағы бүгінгі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, кеше, яғни 19 қазанда коронавирус жұқтырған 12 жағдай тіркелген. Оның ішінде 10 жағдай жергілікті тұрғындар арасынан, 2-уі Мысырдан келген саяхатшылардан табылған. Оған қоса нақтыланбаған пневмонияның 4 оқиғасы тіркелген.
«COVID-19 тіркелген сәттен бастап Алматы қаласында 14 539 зертханалық расталған жағдай тіркелді. Оның ішінде 8 731 симптомы бар, 5 808 жағдай симптомсыз болған. 1 тамыздан бері коронавирусты пневмонияны тіркеуге алудамыз.
Қазір күн сайынғы өсім көлемі – 0,5%, репродуктивті коэффициент – 1,06%. Егер индекс мәні 1-ден көп болса, бұл эпидемияның өсіп келе жатқандығын білдіреді», – деді бас санитар дәрігері.
Спикердің сөзіне жүгінсек, Алматыда ПТР талдауларын тәулігіне 22 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Айта кетсек, бүгінде қалада 17 зертханада коронавирусқа ПТР талдауы жүргізіледі. Бір күнде барлығы 12 мың ПТР талдауы жасалады.
Ж.Бекшин Алматыда қандай жағдайда локдаун енгізілмейтінін де айтып өтті. Сондай-ақ, мониторингтік топтардың жұмысы қайта жанданғанын да тілге тиек етті.
Мегаполисте 26 мониторингтік топ қарқынды жұмыс істеп жатыр. Олар 8-18 қазан аралығында 1 518 нысанды тексеріп, нәтижесінде 360 нысанның карантин талаптарын бұзғанын анықтаған. Оған қоса, бетперде режимін бұзған 80-ге жуық жеке тұлға Әкімшілік кодекстің 460-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған.
«Тұрғындарға қауіпсіздік шараларын тынбай түсіндірудеміз. Сонда да заңбұзушылықтар орын алып жатыр. Егер маскалық режим сақталса, әлеуметтік қашықтық күшінде қалып, адам көп шоғырланған жерлерге аяқ баспайтын болсақ, онда эпидемиологиялық ахуал да тұрақты болады, локдаун да енгізілмейді», – деді Ж.Бекшин.
Бас санитар дәрігер, сондай-ақ, алматылықтарды шет елге шықпауға және қоғамдық көліктерге мейлінше отырмауға кеңес берді.
«Қазіргі таңда індет басқа мемлекеттерде өршіп жатқан тұста, бізге де бейқам жүруге, сақтық шараларын елемеуге болмайды, яғни қонақ шақырудан, жаппай отбасылық іс-шаралар өткізуден, адам көп жиналатын жерге барудан бас тартқан жөн. Қоғамдық көліктерге аса шұғыл жағдай болмаса отырмауға және шет елдерге қажеттілік туындамаса шықпауға шақырамын. Отбасындағы егде жастағы адамдар мен кішкентай балалардың амандығын ойлайық», – деді Ж.Бекшин.
Сонымен қатар, ол ЖРВИ жұқтырған жағдайда өз бетінше емделмеу керектігін ескертті. «Егер суық тиюдің белгілерін байқасаңыз, отбасы мүшелерінен оқшауланыңыз және дәрігер шақыртып, медициналық көмекке жүгініңіз», – деді ол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *