Қалдырған ізі мәңгілік

Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, тілім деп өмір сүрген Сейілбек Исаев Омбы облысында дүниеге келген. 1952 жылы ауылдағы жеті­жылдық  мектепті үздік бітірісімен, Омбы педучилищесінің дайындық курсына келеді. Бір жыл орыс тілін үйреніп, сол училищені 1957 жылы бітіргеннен кейін С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы мемлекеттік университеттің  Филология факуль­тетіне түседі.

Университетті үздік бітірген Сейілбек Мұхамеджарұлы Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының (қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы) «Қазіргі қазақ тілі теориясы» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1968 жылдың басынан педагогтік жұмысқа ауысады. Ол Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Қазақ тілі кафедрасына аға оқытушы қызметіне шақырылып, одан кейін доцент қызметінде жүріп, 1974 жылы «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің қалыптасып, дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды.

С.Исаев 1975–1987 жылдары осы институттың филология факультетінің деканы, әрі 1980–1988 жылдары арасында Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болады. 1988 жылдың шілдесінен І989 жылдың наурызына дейін Қазақтың Абай атындағы пединститутында Қазақ тілі кафедрасына жетекшілік етті. Сосын аталмыш оқу орнының ректоры болып, өмірінің соңына дейін  жемісті еңбек етті.

1995 жылы ҚР Ұлттық Ғылым акаде­миясының корреспондент-мүшесі, Жара­тылыстану ғылым академиясының акаде­мигі, 1996 жылы Жоғарғы мектеп ғылым академиясының академигі болып сайла­нады. Қазақ тіл білімінің тарихы, қазақ грамматикасының теориясы, қазақ тілін оқыту әдістемесі салаларынан ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын  даярлап шығарған ұлағатты ұстаз 1981 жылы «Үздік еңбегі үшін», «Еңбек арда­гері», 1992 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медальдармен марапатталған.

200-ге тарта ғылыми, ғылыми-әдіс­темелік, көпшілікке арналған еңбектер­дің авторы, аяулы ұстазымыз 1999 жыл­дың 9 маусымында 61 жасына қараған шағында өмірден өтті.

Ол тіліміздегі жеке сөздер мен грамма­тикалық ұғымдардың шығу, қалыптасу, даму тарихын анықтауға бағытталған зерттеулерден, алғаш рет «Қазақ тілінің  қысқаша этимологиялық сөздігін» жасаудан бастап, әдеби тіліміздің тарихы, даму кезеңдері, нормалану үрдісі, көне түркі дәуірімен байланысы сияқты мәселелерге арналған қомақты моногра­фиялық зерттеулер берді. «Қазақ әдеби тілінің кеңес дәуірінде дамуы», «Қазақ  әдеби тілінің қалыптасып, даму кезеңдері», «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы» сынды еңбектері бір төбе.

Ғалымның жемісті еңбек еткен үлкен бір саласы – қазақ тілінің грамматикалық құрылысы мен қазақ тілінің тарихи грамматика мәселесі. Жеке мақалалармен бірге  бұл салада автордың жеке кітап болып шыққан мына еңбектерін атауға болады: «Грамматикалық талдаудың тәсілдері» (Ш.Бектұровпен бірге, 1985) «Қазіргі қазақ тілі (морфология) курсы бойынша теориялық және практикалық сабақтардың мазмұны» (1991), «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» (1992), т.б. Бұл еңбектерінде ғалым сөз мағынасы, лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаның ара­қаты­насы, анықтамалары, дыбыстық комплекс жағы мен ішкі мағыналық жағының байланысы (табиғи емес, тарихи-дәстүрлік қана екендігі), грамматикалық мағынаның түрлері мен берілу жолдары, граммати­калық формамен арақатынасы, граммати­калық категорияның мәні мен шеңбері сияқты мәселелерді жаңа қырынан қарастырады.

С.Исаев шығармашылығына лексико­графиялық жұмыстар да жат емес. «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі­нен» бастап,  әр түрлі көлемдегі екі тілдік сөздік құрастыруға қатысты. «Қазақша-орысша және орысша-қазақша сөздік» (1992), Х.Махмудов пен Ғ.Мұсабаевтың «Қа­зақша-орысша сөздігін» (1954) С.Қас­қабасовпен бірлесе отырып, қайта редак­ция­лап, жаңартып, толықтырып, 1987, 1988, 1996 жылдары баспадан шығарады.

Ғалым жоғары мектептің күрмеуі көп күрделі мәселелерін тәуелсіздіктің  алғаш сын жылдарында көтере білді. Ол ұлттық ғылымды дамытуға, әсіресе, жас ғалымдар тәрбиелеуге үлкен мән берді. Бұл тұрғыда өз сөзімен айтқанда: «көп тер төгілді, өзі табан тоздырып, Мәскеуге дейін барды». Сөйтіп, нәтижесінде бұрын-соңды болып көрмеген 17 мамандық бойынша аспи­рантура, кейін республика бойынша алғаш рет отандық диссертация қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңес ашты.

Иә, ғалым-ұстаз жастарға ұлттық тәрбие беруге баса мән берді.  Ұлтымыздың тамаша дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ана білмесе, оны үйреніп, қанына сіңірмесе, халқымыздың тірлігі де, бірлігі де болып келген өрелі дәстүрлерін жас ұрпақ ұстана алмайтындығын, ұлтты тану бесіктен басталатыны туралы сом түйген түйіндері көп.

С.Исаевтың қоғамдағы ұстаз  мәрте­бесін көтеру – тәуелсіздігімізді баянды етудің алғышарттары екендігі туралы пікірі де бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Оны оқытушы, жалпы, білім саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да толғандыратын: «Алдыңғы қатарлы дамыған елдерде балабақша, мектептен бастап, білім-ғылым, медицина, мәдениет мекеме­леріне, оның қызметкерлеріне ерекше жағдай жасалатыны тиісті орындардағы билік пен бұйрық иелерін неге ойлант­пайтынына таңым бар. Тәуелсіз­дігімізді баянды етудің басты негізі, жарқын болашағы оқу, білім ғылым, мәдениет, әдебиетке тіреліп тұрған жоқ па?!» деген терең риторикалық сұрақ қоюы оның халық қамын ойлаған азаматтық бейнесін көрсетеді. 

Оқытушылардың жалақысының басқа саладағы қызметкерлерден аздығын айта келе, «Табиғаттың өзі күн мен түн, қыс пен жаз, ыстық пен суық тепе-теңдігін сақтаудан тұрады. Барлық жағдайда сол тепе-теңдік мұқияттап сақталмайынша, экономиканы дамытып, қоғамды ілгерілету мүмкін емес», – деген түйінді ойын білдерді.

Халық алдында шынайы ықылас пен зор беделге ие болған үлкен жүректі, тура­шыл, әділ, адал да парасатты  ұстазымыз үшін әрбіріміз, әр шәкірті үлкен қымбат қазына болатын. Оның аяулы бейнесі, тұлғасы, мейірім-шапағаты бізге, бүгінгі жастар үшін замана тұлғасы ретінде үлгі-өнеге болып қала бермек.

 

Ж.СҮЛЕЙМЕНОВА,

п.ғ.д., профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК…

2975Көрнекті ғалым-ұстаз Ромсейіт Қоянбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай

«Ұстаз … жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне, жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп қазақ ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған, ұстаздық қызмет пен ғалымдықты қатар ұстаған, ең алдымен шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік тұғырға қойған ұлағатты ұстаз, рухани әке бола білген Ромсейіт Мұхамеджанұлы туралы ізгілік ниетпен лебіз білдіруді мен өз парызым деп санаймын.

Кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы, парасаттылығы мен бекзаттығы «ұстаздық» деп аталатын ұлылықтың өлшеміне айналған ұстазым Ромсейіт Мұхамеджанұлы Қоянбаев өмірден өткенімен, есімі шәкірттерінің есінде мәңгілікке қалған тұлға. Шынында да, қазақ ұлтының білімі мен ғылымының бастау-арналарына жіті көз жіберсек, дара дарын мен тума таланттар, айқын көзқарас пен бедерлі қолтаңбалар, мың сан ізденіс пен парасаттылықтың парқына өшпес із қалдырған Ромсейіт Мұхамеджанұлындай тау тұлғалар ұлттық білім мен ғылым кеңістігінің негізін қалыптастырғаны сөзсіз.

Ромсейіт Қоянбаев 1939 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1957 жылы Шиелі ауылындағы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебін бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы (қазіргі Қорқыт-Ата атындағы университет) Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. Оны бітірген соң Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебінде мұғалімнен бастап, мектеп директоры­ның орынбасары ретінде еңбек жолын бастайды. Ал 1969-1973 жылдары Қызылорда облыстық партия комите­тінің ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, 1974-1978 жыл­дары Қызылорда облыстық партия комитеті бірінші хатшы­сының көмекшісі, 1979-1980 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының көмекшісі қызметін атқарды.

Ағайымыз 1980 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ педагогика инситутының педагогика кафедрасында ұстаздық еңбек жолын бастайды. 1986-1999 жылдар аралығында бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі факультетінің деканы, 1999-2000 жылдары бастауыш мектеп педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, ал 2000-2004 жылдары жаңадан құрылған психология-педагогика факультетінің деканы болады. Содан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған «Мектепке дейінгі бастауыш білім беру және педагогика» кафедрасында профессор қызметін атқарды.

Өнегелі өсиетімен, ізгілік шапағатымен, ұлағатты еңбегімен еліне кең танылған, ақыл-парасатымен ерек­шеленген қазақтың біртуар азаматы Ромсейіт Мұхамед­жанұлының жүрген жолы жастарға үлгі, істеген іс-әрекеттері ғибратқа толы, әр ісі кімге де болса өнеге болатын, үлкенге тыныс беретін іні бола білген, кішіпейіл, шынайы ісімен танылған әділ басшы, шебер ұйымдастырушы, педагогика ғылымы жолында тер төккен алып бәйтерек еді.

«Ұлтымыздың зиялыларының ұлағатын ұмытпау — ел боламын деген халықтың тарих алдындағы парызы», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Ромсейіт Мұхамеджанұлы адамгершілігімен, рухани таза болмысымен, білімділігімен, ұстаздық тұлғасымен әрдайым биік тұғырда тұратын, тағылымы мол тұлға.

Осы ретте Ромсейіт Мұхамеджанұлының кез келген педагогикалық құбылыстың шындық негізінің қарама-қайшылығы болатынын көре білгені, оның ғалымдық зеректігімен ұштасады. Шынында да, бүгінгі күні оның терең ойлы педагогикалық пікірлері мен өзекті ұстанымдарынан кез келген педагогикалық мәселені шешу барысында, әсіресе, педагогика ғылымында кешенді-жүйелі қадам жасаудың бастамасы екенін айқын аңғаруға болады.

Ромсейіт Мұхамеджанұлы егемендігімізді алғанға дейінгі тарихи кезеңде күрделі педагогикалық мәселелерді шешуде салмақтылық танытып, оны дәуірдің заңды құбылысы деп, сол кезеңде қоғамда болатын өзгерістерді алдын ала болжап, жоғары кәсіптік білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін дайындаудың оқу-әдістемелік мәселелерімен айналысатын ғылыми-әдістемелік орталық құрды. Ғылыми-әдістемелік орталықта болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауда оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтардың қажеттілігіне баса назар аударды. Өйткені, сол жылдары болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау бойынша нормативтік құжаттардың болмауы маман даярлауда көптеген қиындықтар келтірді.

Р.М.Қоянбаев педагогтарды дайындау бағытының еліміздегі жалпыға міндетті білім стандартының жасалуына тікелей басшылық жасады. Ол – жоғары кәсіби білімі бар бастауыш сынып мұғалімдерін дайындау жүйесінің негізін қалаушы педагог-ғалым.

Тарихтың шешуші кезеңінде педагогика ғылымының классикалық қағидаларын сақтап, Ромсейіт Мұхамеджанұлы теорияға негізделген стратегиялық жоспар жасауды басшы­лыққа алатын. Педагогика ғылымының басым бағыттарын­дағы теориялық мәселелерді шешуге әрдайым белсене қатысатын. Соның бір дәлелі, егемендігімізге дейін болашақ бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап жазылған «Педаго­гиканың жалпы негіздері», «Тәрбие теориясы», «Білім беру мен оқыту теориясы» атты оқулықтары. Бұл оқулықтар дәріс жинағы ретінде студенттердің түсініп оқуына, қабылдауына жеңіл жазылған егемендігімізге дейінгі қазақ тілінде алғашқы төл оқулықтар еді. Тарихқа көз жіберсек, 1980 – 1990 жылдары педагогикалық мамандықта оқитын студенттер Е.Н.Ильиннің аударма «Педагогика» оқулығы мен сол кезеңге арнап Қ.Бержанов пен С.Мусиннің бірігіп жазған ана тіліндегі «Педагогика тарихы» оқулығын ғана пайдаланды.

Ромсейіт Мұхамеджанұлы ғылымда, қоғамдық өмірде, шәкірт алдындағы борышын өтеуде айтулы тұлға болды. Педагогика ғылымына қосқан жаңалықтары өзінің өміршеңдігімен, құндылығымен дара еді. Соның бірі – бастауыш білім беру мазмұнының даму болашағы. Бастауыш білім беру мазмұнын анықтаудың теориясы мен тәжірибесіне арнап 1998 жылы қазақ тілінде жазылған «Педагогика» оқулығы Ромсейіт Мұхамеджанұлының өз еңбегі еді.

Аталмыш оқулыққа «1929 жылы өз заманындағы ұлттық психологияны ескере жазған М.Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығынан кейін 69 жылдық үзілістен соң 1998 жылы жарық көрген қазақ тіліндегі Ромсейіт Мұхамеджанұлының төл оқулығы «Педагогикасымен» республикамыздың талай мұғалім кадрлары даярланып шықты және әлі де даярлана береді деп сенеміз. Бұл еңбектің мазмұнында Р.М.Қоянбаевтың тек ғылыми позициясы  ғана емес, сонымен қатар өмірлік позициясы, көзқарасы, қатынасы, адамгершілік және азаматтық бейнесі анық көрінеді» деп Абай атындағы ҚазҰПУ-дің дене мәдениеті педагогтарын даярлайтын теория мен әдістеме кафедрасының меңгерушісі., п.ғ.д., профессор А.Н.Ильясова құнды пікір берген.

Білім беру мазмұнының басым бағыттарын анықтайтын 12 жылдық білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұнының қоғам талабы мен мемлекеттің даму болашағына сай құрылуы жоғары білім беру жүйесінде де өзгерістің болуын қажет етті. Соны дер кезінде көрегенділікпен байқаған Р.М.Қоянбаев 2004 жылғы Мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартының (Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша) құрылымы мен мазмұнына қазіргі 12 жылдық орта мектеп бастауыш сатысының мемлекеттік-базистік оқу жоспарында қарастырылып жүрген «Информатика», «Ағылшын тілі» оқу пәндерін оқыту үшін «Бастауыш мектепте ағылшын тілін оқытудың теориясы мен технологиясы» пәндерін енгізді.Осыған орай, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-әдістемелік қызметін студенттердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді технологияларын іздестіруге және оны жүзеге асыруға бағыттады. Сондай-ақ, шағын жинағымен мектептерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың жалпы стратегиясын, мақсаты мен міндеттерін, білім беру үдерісінің мазмұны мен технологияларын іске асыруда және бастауыш мектепте маман даярлауда да өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Шындығында, Ромсейіт Мұхамеджанұлы ғылым мен білімнің ұшар басында тұратын ғылыми педагогикада, оның болмысы мен болашағына қатысты проблемаларын шешуде аянбай, сенімді көзқараспен күш-жігерін, өзіндік қағидаларын ұстанған ғалым еді. Педагогика ғылымының негізгі қағидаларын мыңдаған студент жастарға өмірлік құрал-бағдар ретінде сыйлаған ұстаз болатын.

Ромсейіт аға өзінің көрегендігі мен зерделілігінің арқасында үлкен үмітті шәкірттеріне артатын және оларға азаматтық, ғалымдық, ұстаздық тұрғыда өз кезеңінде үлгі бола білді. Соның бір дәлелі, 1988 жылдан бастап «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша «жас маман» ретінде аталмыш факультетті бітірген шәкірттерін оқытушы етіп жыл сайын алып қалып отырды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, өзі сенім артып, үлкен үміт күткен шәкірт­тері қазір «Қоянбаев мектебін» қалыптастырып, оның салып кеткен сара жолын жалғастырып, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мектептерде және барлық жоғары оқу орындарында «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша ұстаздық қызметін атқарып, ғылыми зерттеулер жүргізуде. Солардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика-психология институтында қызмет атқарып жүрген шәкірттері: мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор А.Е.Жұмабаева, п.ғ.к., профессор Б.С.Сай­дахметов, п..ғ.к., профессор Ұ.Қ.Қияқбаева, п.ғ.к., доцент А.К.Айтбаева, п.ғ.к., аға оқытушы Т.Н.Жүндібаева, п.ғ.к., доцент Л.А.Лебедева, п.ғ.к., доцент А.Б.Ақпаева, п.ғ.к., аға оқытушы Г.Сәдуақас, п.ғ.магистрі., аға оқытушы А.А.Әлімбекова, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Д.Қ.Әзімбаева, аға оқытушы Ж.Қ.Астамбаева, п.ғ.магистрі., аға оқытушы К.Б.Малдыбаев, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Б.М.Маженов, п.ғ.магистрі., аға оқытушы А.Х.Сүлейменова, п.ғ.магистрі., аға оқытушы М.Бекбаева, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Г.Арынова, п.ғ.магистрі., аға оқытушы А.Сайдинова, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Ж.Кенебаева, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Г.Малшыбаева, п.ғ.магистрі., аға оқытушы Ғ.Әбілбакиева бар.

Біздер, шәкірттері, Ромсейіт Мұхамеджанұлы Қоян­баевтың ұстаздық өмірінің терең мазмұнды да өнегелі болғанын болашақ ұрпаққа жеткізіп, рухани игі бастамаларын жандандырып, тумысынан жаратылысы бөлек ақылдың да, парасаттың да, әділдіктің де, адалдықтың да таусылмас кені, кісілік пен кішіліктің асқақ үлгісі «Қоянбаев мектебін» ары қарай жалғастырып, оның өміршең идеяларын жаңғыртатынымыз ақиқат.

Соның бір дәлелі, ғалымның «өз мамандығының иесі ғана табысты еңбек ете алады. Осы факультеттің болашағы да, иесі де – өздеріңсіңдер» деген аталы сөзін басшылыққа алған, кезінде ұстазымыз декандық қызметте болғанда, деканның оқу ісі орынбасары қызметін атқарған, көп үміт күткен шәкірттерінің бірегейі, қазіргі таңда Педагогика-психология институты мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д., профессор А.Е. Жұмабаева барлық шәкірттерінің басын қосып, көрнекті ғалым-ұстаз Ромсейіт Мұхамеджанұлының 75 жылдығы аясында «Өмірі өнегелі алып тұлға» деп аталатын онкүндік іс-шараны (1–10 желтоқсан аралығында) республикалық деңгейде ұйымдастырды. Бұл Ромсейіт Мұхамеджанұлының елімізде педаго­гикалық кадрлар даярлауға қосқан үлесі, ұлағатты ұстаздың тұлғалық және кәсіби маңызды сапалық қасиеттері жайлы пікір алмасып, парасат-пайымы биік, білімі телегей-теңіз, өнегелі ғұмыр кешкен, туған халқы мен шәкірттері үшін адал еңбек етіп, ұстаз деген киелі атты өмір бойы жоғары ұстап өткен қадірменді ұстазымыздың педагогикалық көзқарастарының құндылығының арқасында «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын тарихта жаңа белеске көтергенінің белгісі.

Сонымен қатар, ғалым ұстаздың ғалым-педагогтарды даярлаудағы еңбегі ерен. Ғалым еңбегін жалғастырып, келешек ұрпаққа тән тәрбие мектебін одан әрі дамытып, идеяларын таратушы шәкірттері Р.М. Қоянбаевтың жетекшілігімен диссертациялар қорғады. Солардың бірегейі «Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдаланудың педагогикалық шарттары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған Бауыржан  Сайдахметов. «Бірегейі» дейтін себебім, Бауыржан Сейітбекұлы Р.М. Қоянбаевтың қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдалану идеяларын насихаттай отырып, қазақ халқының жеті ата шежіресі мен дастархан дәстүрінің әрбір қазақ отбасында атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасын тауып, Р.М.Қоянбаевтың тәлім-тәрбиелік қағидаларының жиынтығын тәжірибе жүзінде іске асыруы. Шынында да, ұстазымның педагогика ғылымына қосқан идеялары өзінің өміршеңдігімен, құндылығымен ерекшеленуде. Атап айтқанда, педагогикалық және өндірістік практиканы мектепке бірінші курстан бастап енгізуі, озат педагогикалық тәжірибені жинақтауы, отбасында балаларды тәрбиелеуде ұлттық педагогиканың алатын орнының маңыздылығын, отбасы тәрбиесінде әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді кішкене күнінен баланың санасына сіңіруі, тәрбиенің ең үлкен мектебі – ата-әже мектебін қалыптастыру болатын.

Ромсейіт Мұхамеджанұлы өзінің мағыналы өмір жолымен, ішкі рухани байлығымен, адами асыл қасиет­терімен, ақыл-парасатымен бәрімізге үлгі болған Тұлға. Ұстазымыздың аса үлкен адамгершілік, кемшіліктерді кешіре білетін кеңдік, қатардағы әріптестерінің қиындықтарын түсіне білу, мүмкіндігінше қолұшын беруге дайындығы, көп сөзден гөрі батыл да түбегейлі істерге бейімділік қасиеттері бәрімізге үлгі боларлық еді.

Әсіресе, ол студенттердің қамын көбірек ойлайтын, солардың саналы тәрбие алуына ерекше назар аударатын. Студенттермен жиі кездесіп, оларға қатысты мәселелерді әрқашанда бірінші орынға қоятын. Студенттің жеке тұлға ретінде қалыптасуына, олардың университет өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына жағдай жасап, үнемі өзінің бақылауында ұстайтын.

Ұстаздық ету, ғалым болу, ғылым мен білім саласын ұтымды ұйымдастыру Ромсейіт Мұхамеджанұлы Қоян­баевтың тұлғалық бейнесін нақты сипаттайды. Нағыз ұстаздық биікке көтерілген жанды ірі деп те, ұлы деп те тануға лайықты. Қазақтың біртуар азаматы Р.М. Қоянбаевтың 75 жылдығы шәкірттерінің ғана емес, университетіміздің де айтулы күні деп білемін. Өйткені, ол әріптестері мен шәкірттерінің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленген рухы асқақ, ұстаздық ісі ұлағатты, шәкірттерінің талантын терең таразылай білген, бергенінен берері мол тұлғалы азамат еді.

Өмір өтсе де жақсы адамның аты жадыңда сақталып, ұмытылмайтыны, керуен көші жылжыған сайын, уақыт өте келе оның даралық, даналық тұлғасының биіктей беретіні сөзсіз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген даналық сөз ұстазым Ромсейіт Мұхамеджанұлына арналғандай көрінеді маған. Өмірден озғанына 7 жыл толса да, оның тұлғалық келбеті, қоғамдағы орны әріптестерінің, шәкірттерінің мәңгі есінде.

Ұлбосын ҚИЯҚБАЕВА, шәкірті, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *