Алатаудың айбыны

 

«Қазақ қасіреті» тетрало­гиясының бірінші кітабы «Қазақ қасіреті», екінші кітабы «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», үшінші кітабы «Тан­тало­вы муки  степи» болып оқырмандармен қауыш­қан болатын. Міне, енді төртіншісі «Қауқарсыз қазақ мәселесі» қолы­мызда тұр. Алғашқы кітабы 1994 жылы жарық көрсе, соңғысы 2009 жылы ба­сылып шықты. Он бес жыл­дың ішінде төрт том берген жазушы, публицист Сапабек Әсіп атамыз сексеннің сеңгірі­нен осылай аттап еді.

Ол қырық жасқа келгенше елде, әр салада, күрмеуі қиын күрделі орындарда қызмет етіп ысылған маман, тәжірибелі басшы болып шыңдалған болатын. Сөйтіп жүргенде өмірдің ағысы ол кісіні Алматыдан бір-ақ шығарды. Қиып түсер қырықта қолына қалам алып, архивтің шаңын жұтып, өткеннің өзегіне үңіліп, зерттеумен айна­лысты… Еңбегі еш кетпеді, 1973 жы­лы «Нұрхан Ахметбековтің поэти­калық әлемі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Онан кейінгі қызметі 1986 жылы зейнетке шыққанға дейін «Қазақ Совет Энциклопедиясында» өтті. Демалысқа шыққан соң арқасын кеңге салып «демалыстың»  жөні осы екен деп жатып алмаған Сапекең отыз жыл бойы ойындағы орамды пікірлерін, тосылған, тұмылды­рықталған толғақты жан айқайын жақсылап тұрып жазды, айтты, баспа бетінде басын ашып тұрып баян етті… Мен танысқан он бес жылдың бедерінде ол кісінің берік­тігін, батылдығын, сенімділігін, турашылдығын ғана көрумен келдім. Жыртақы әңгіме, жырымдалған сөз аузынан шықпайтын, өсек пен ғайбат өмірінен алыс, өзекті мәселені өндіріп жазумен өтті.

Қолымдағы «Қауқарсыз қазақ мәселесі» жинағын ақтарып отырып, «Меншіксіз мемлекет – дәрменсіз билік», ««Дода» хабары барды мансұқ етпек пе?», «Тіл қамқоры – қаламгер» деген үш мақалаға кездестім. Бойымды бір жылы ағын, сүйкімді сезім кеулеп барып, Сапабек Әсіпұлына деген сағыныш­пен тұйықталды. 574 беттік кітаптан бұл үш мақаланы бөліп алып айтып отырғанымның өзіндік мәні болып тұр… Бұл үш мақала біздің ізімізді көрсетіп, жылдардың тасасына тасталып тайғанап бара жатқан тарихты алдымызға әкеледі, өйткені осы аталған мақалалар «Әдебиет айдыны» газетінің бетінде жарық көріп, алдымыздан өткен болатын. Сапабек Әсіптің мақаласы шықпаған газет-журнал некен-саяқ. Егер «Әдебиет айдыны» ол кісіні баса алмағанда, өткір сөз өршіл мінезін көрсете алмағанда шынында ұят болғандай еді. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстаннан» тартып, ұлылы-кішілі үнжарияларда жазушының жан сыры жарқырап, ірі-ірі іздері сайрап жатыр. Қолымыздағы қомақты кітапты парақтап отырып осыған көзіміз жетті. «Тантал» азабы қандай азап?» атты мақала көлемді және өткір. Тіпті осы «Тантал» атауымен арнайы жазылған орыс тіліндегі үшінші кітаптың аты да «Танталовы муки степи» деп аталғанына қарап салмағы ауыр, саласы сан тарау дүние екеніне көз жетеді. Ежелгі гректердің аңыз-әпсаналарымен бірлестіре өрістеген осы мақаланың маңызы өзгеше. Танталдың ғұмы­рын, тантық тәкаппарлығы мен айпара ақымақтықтарын айта келіп: «…Тантал әлі сол жер астында, мәңгілік шөл азабын, мәңгілік аштық азабын тартып тұр. Соған қарай бес құрлықты мекендеген жұрт шөл және аштық азабын тартқандарды көрсе, апырай, мына бейшара «Тантал азабын» тартып жүр екен дейтін болған» деп ағынан ақта­рылады. Бұл мақаланың ащы шын­дығы «Менің қазағым қаңсымасын, қаңғырып қалмасын, қалжыра­масын, қан кешпесін дегені еді. Табанына тиянақ етер жері, елін қорғайтын ері, малын бағатын өрісі, даласында жайқалған майса өнісі болса екен» деген ізгі тілек, қамқор көңіл, жаны ашыған жақсы лебіз жатыр еді. Сорлы сойқан, содыр сотанақ Тантал секілді тал қармап қалмаса екен деген ескертудің салмағы сананы езеді. Аңыздар мен әдебиеттерде сорабы жатқан «Тантал» оқиғасын қайта тірілтіп, біздің заманымызға әкеліп айна­лымға ендірді. «Тантал» деген ұғымның «СОС» деген ұғыммен бірдей екенін білдірді. Осы күнде көзіқарақты оқырман, көкірегі ояу көпшілік «Танталдан» хабардар. Он мың жылдардың қатпарындағы қалғыған тіркесті қайта тірілтіп, қажетке қарай қолданысқа енгізді. Әрине, сақтандырудың, абайлаудың  қоңырауына айналдырып қолы­мызға ұстатып кетті. Жеріңді аяла, сені асырайтын жер. Топырағыңды тоздырма, сені тойдыратын жер. Ақымақтыққа барма, «Тантал азабына»  жақындама жаның қор болады деп, жарғақ құлағы жас­тыққа тимеді. Ол бұл мәселеге дүр­кін-дүркін соғып «Қазақтар «Тантал азабынан» қайтсе құтылады?» деп шырылдады. Тақырып айтып тұр­ғандай, қазақтың басы Тантал азабына сұғылғанын аңғарамыз, аңғарамыз да құтылуға қамданамыз.

«Тұла бойы толғаныс,

Ол журналист – Жолбарыс.

Жасау үшін жаралған,

Қазағына қолғабыс.

 

Оза шауып қатардан,

Тарихыңды қопарған.

Қаһармандық атақты,

Алмаса да қаһарман» – деп, Мағираш Сәрікқызы айтқандай алып адам, арлы азамат болатын.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткен тұста өткен 300 жылға жуық бодандықта кеткен есе, кеміген үлесті қайтарып алуға деген құлшыныстар мен ұмтылыстарды Сапабек Әсіп өн бойы мен тұнық ойынан паш етті. Ол адамдарды, әсіресе қалғыған, ұйықтаған сананы ояту жолында аянбады. Дабыл қақты, қоңырау соқты. Әлемдегі 9-орында тұратын ұлан-байтақ жеріміздің қасіреті мен қайғысын, артықшылығы мен кемшілігін бүге-шігесіне дейін жайып салып түсіндірді. Осы даланың бүтіндігін, тұтастығын сақтай отырып ұрпаққа аманат етуге тиіспіз деген көкейкесті мақсатын көмескілемей айтты да отырды. Азаттығымыз оралып, бақытымыз басымызға қонған 26 жылдың бедеріне қарасақ, Әсіпұлы тек жердің мұңымен уайымға батып, жердің қайғысымен қапаланыпты. Сөзі, жүрген жолы, шығарған кітабы, шырқыраған үні «Жерді сақтайық, жерді сатпайық, бабалар аманатын ақтайық!» болыпты…

Шынына үңілсең, Отан деген топырақ, Отан деген отыратын орын, күнелтер жерің екен. Отан ұғымы Киелі жер, Иелі дала арқылы ғана мәнін алады, мазмұнын ашады. Сапабек Әсіпұлы көркем әдебиетте көлемді еңбек қалдырмағанымен, көсемсөздің көрігін басып, көсегесін көгерткен қаламгер. Және қандай дейсіз ғой?.. Ең бір жанның жарасын емдеп,  ащы дәрі құйып шыңғыртып, өлі мен тірінің арасын ажыратады. Басқаны қайдам, өз басым Сапабек Әсіп десе, қазақ даласы елестейді, көшіп жүрген алакөңіл жұртты, дағдарысқа түскен тағдырларды көз алдыма келтіремін. Үш жүз жыл бойы отаршылдардың отанына айналған, табанында тапталған қасиетті топырағымызға жанашыр­лық танытып толғанады. Қолымыз жеткен Егемендік пен есіл жерімізді көздің қарашығындай сақтауға үндеп, салмақ салады. Жерім деп көзі ұйқыға кетіп, жерім деп оянады. Тарихты жерім деп қазады, қағазды жерім деп жазады… Махаббаты мен сүйіспеншілігі жерге арналып, еңбегі  жемісін берді. Жер үшін Алматы мен Астананың арасын жол қылды, Парламенттің дәлізінде дәлдігін жеткізіп айтып,  айлап-жылдап Жер кодексінің жетілуін қадағалады. «Жер және халық тағдыры» комиссиясының мүшесі ретінде мықты жұмыс жасады, Қазақстан Жазушылар одағының өкілі ретінде өжеттік танытып, өткір мінезінен қайтпады. Отарлаушы дұшпандары дәурендеген кезде «Қыстың күні судан шығарып алып, мұздың үстіне тастаған балық сияқты тулап жатқан» қазақ  халінің ендігәрі қайталанбауын тілейді. Сондықтан да ол «Жерсіз күніміз жоқ» деген ұстанымынан солқылдамай, төс үстіндегі қызған темірді соқты да отырды.

Менің бір бақытым «Әдебиет айдыны» газеті кезіндегі күндерім, неге десеңіз, сол газеттің қабыр­ғасында жүріп халқымыздың игі жақсыларымен, қаламгер қамқор ағаларыммен қоян-қолтық аралас­тым. Ардақты аталарым болды, ашық әңгімелесетін асылдарым болды… Сол данагөй қарияларым­ның бірі Сапабек Әсіп болатын. Мақаласын газетке бастық, жоға­рыда аталған үш мақала солардың  бір парасы, арнайы сұхбат алып жарияладық. Бәріміздің жанымызды ауыртатын, жүрегімізді сыздатып, жүйкемізге тиетін жер мәселесін осы бір қайсар адамның қаймықпайтын пікірлерімен айшықтадық. Олай болатыны – жерді сүйетін, жерді қадірлейтін, жердің білгір маманы болатын. Ол кісіні тірі карта дерсің! Сонан соң негізсіз дәйексіз сөйле­мейтін, архивтік тарихи құжат­тардың сан дерегін сапырғанда ауыз аша алмай аңқиып қалатынсың. Соншалықты мазасызданатын, алаңдайтын себебі – ол халықшыл, мемлекетшіл тұлға болды. Жер мемлекеттің кепілі, жер қарапайым бұқараның күнкөріс көзі, жер туатын күркең, өлетін молаң… Ендеше, жер күре тамырымыз болатыны белгілі. Сол күндерде танысып, тағдырымыз тоқайласқан Сапабек Әсіпұлымен үйір-шүйір болып кеттім. Қариялардың көбі мақаласын қолжазба күйінде әкелетін, солардың бірі Сапабек ақсақал да сүйкеп, қысқа қайырып, қымтап жазатын еді. Теруші қыздар қолын танымай сығалап жататын. Аталарымды жақсы көргендіктен бе, әлде көңіліме қонғандықтан ба, білмеймін, Сапакеңнің «шимайы» маған түсінікті болып шықты, яғни ол кісінің «алфавитін» үйреніп алдым. Келе-келе, атамыздың мақа­ласын жұмысты қайырып қойып, өзім оқып отырып, тергізіп ала­тынмын. Сондықтан да бір жыр толғауымда:

Осы деп кіріп келдім сағынған үй,

Ойнады оттай ыстық қанымда

 күй.

Мұзафар, Әзілхан мен

 Сапабектей,

Аталар балам деді Сағынғали.

 

Қиындық қиыс тартар білінбеді,

Ақ таңы Алматының күлімдеді.

Нұрқасым, Таңдай аға,

 Талаптандар,

Смағұл, Сәрсенбілер інім деді.

 

Беделі биік еді басына тән,

«Қалайсың, қалқам!» деді,

Қасым атам.

Партизан Тастанбеков

 Үсенбайдың,

Тұз жеймін науасынан ащыласам.

(«Топыраққа сіңген Нұр» жина­ғынан) деп, жырға қосқаным тегін­нен-тегін емес болатын.

1925 жылы өмір есігін ашқан ақсақалымыз 93 жыл ғұмыр кешіп, артына тек қана жақсы сөз, жа­ғымды мінез қалдырып, арамыздан аттанды. Қобыланды батырдай ірілік, қайралған қылыштай өткірлік, тас-таразыдай әділдік оның таң­даулы сипаттары болатын. Бүгежек­темей тік жүретін, ол оның қанын­дағы қайсарлығы болса, күмілжімей тура сөйлейтін, ол оның ары таза адалдығынан болатын. Өлмеген, жітпеген қазақ рухының қаймағы, кешегі Алаштың Отанында өмірге келіп, Алаш рухынан адаспай өткен Сапабек Әсіп ақсақал арадан алыс­тағанына да қырық күн толыпты. «Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, анық адам еді. Мағираш Сәрікқызының ақсақал 80-ге толғандағы тол­ғауында:

«Қазағының азабын,

Білем әлі жазарын.

Қара нарын намыстың,

Қадірлей біл, қазағым!», – деп жырлағанындай, қажырлы қария содан кейін де 13 жыл бойы жазып келді. Ол «Алатаудың айбыны, Қара сөздің айдыны» бола білді. Ендеше, қазақ қадірлейтін қарттың бірі осы Сапабек Әсіпұлы.

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, ҚЖО-ның мүшесі,

«Ильһам» сыйлығының иегері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *