ҚАЛАДА ҚАЛТА ҰРЫЛАРЫ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Үстіміздегі жылдың басынан бергі төрт ай ішінде Алматы қаласында 200-ге жуық қалта ұрысы ұсталыпты. Оңай олжаға кенелеміз деп, өзгенің дүниесіне көз тіккендер өздерінің арам ойларын көбіне адам көп жиналатын жерлер мен қоғамдық көліктерде іске асырып, негізінен таңертеңгі және кешкі уақыттарда әрекет еткен.

Әрине, ондайларға қарсы күрес жүргізу үшін тәртіп сақшыларына кәсібилік танытып, нағыз психолог ретінде жұмыс істеуге тура келеді. Алдымен сұғанақ­тардың суреттері бейнеленген плакаттар адамдар көп болатын автобустарға жапсырылып, көшелердің кісі көп жүретін жерлеріне ілініп қойылған. Одан қалды, қалалық полиция департаменті бұқара арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді де қолға алады.

Нәтижесінде полицейлердің айтуы бойынша, ұрылардың көпшілігінің қоғам алдында «ұяттары оянып», олар өзгенің қалтасына түсуді қоя бастаған. Осыған байланысты «Ағымдағы жыл басынан бері бізге 194 қалта ұрысы қолға түсіп, содан кейін барып біз олардың бет-әлпеттерін арнайы альбомдарға салып жариялап отырдық. Сөйтіп, нәтижесінде біз ай сайын шамамен 5–10 адамның аты-жөнін жария етіп отырдық. Оның тиімділігі бүгін көрі­ніп отыр. Өйткені, кейбір қалта ұрылары өздерінің дәнігіп кеткен осындай қыл­мыстық әрекеттерінен аяқасты бас тартып, бірте-бірте ұрлықпен айналыспайтын болды», – деп атап өтті Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дайындаған – Құттыбек АЙМАХАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *