ҚАЛА ӘКІМІ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

мегаполистің ІІ жартыжылдыққа арналған даму міндеттері пысықталды

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесті. Жиында шаһар басшысы халық қалаулыларымен мегаполистің І жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, ІІ жарты­жылдыққа арналған міндеттерді пысықтады. Алқалы басқосуды қалалық мәслихаттың хатшысы Қалдыбай Қазанбаев ашты.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Кездесу барысында қала әкімі Алма­тыны дамытудың бірінші кезектегі мәселе­лері мен басымдықтарына тоқталды. Барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша дамудың оң серпіні байқалады. Мәселен, соңғы алты айдың ішінде негізгі алты саланың қысқа мерзімді экономи­калық көрсеткіші (өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) 104 пайызды құрады. Бұдан өзге, инвес­тиция көлемі – 8 пайызға, өнеркәсіп өнді­рісі – 5,2 пайызға, құрылыс – 3,9 пайызға, тұрғын үйді іске қосу – 2 пайызға артқан. 10 пайыздық өсіммен 1 трлн. теңгеден астам салық жиналды.

ШОБ субъектілерінің өнім өндірісі 9,8 пайызға артқан. Жалпы, І жартыжыл­дықтың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) кемінде 3,5 пайызға көтерілуі күтілуде.

Жиын барысында мегаполис басшысы Б.Сағынтаев қалада шешілмеген мәселе­лердің жеткілікті екенін атап өтті.

–       Бүк түсіп тұралап жатқан мәселе аз емес. Олардың қандай мәселе екені де белгілі. Бұл – лайықты жалақысы бар жұмыс орындарының аздығы, ең қажетті деген азық-түлік бағасының негізсіз өсіп, коммуналды қызмет бағасының көтерілуі, тұрғын үйдің қолжетімсіз болуы, экология, медициналық қызметтердің сапасы және қоғамдық қауіпсіздік. Қала жұртшылығы қордаланып қалған алуан түрлі мәселелер­дің оң шешілуін күтеді. Бізден зор үміт күтеді. Сондықтан бұқарамен ашық диалог орнатуымыз керек. Әр іске жедел әрі жауапкер­шілікпен қарайтын боламыз. Біз енді осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деп атап өтті қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, шаһар басшысы қалалықтардың табыс деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру үшін жүзеге асы­рылуға тиіс кезек күттірмейтін міндеттер мен бағыттар бойынша өз ойларын ортаға салды. Бұдан былай қаланы «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамыту керектігін тілге тиек еткен ол:

–       Қала орталығы мен шет аймақтар арасындағы айырмашылықты жою керек. Мегаполистегі әр ауданды орталық­тан­дырылып, маңайы қажетті инфрақұры­лымдарға қолжетімді болуы міндетті, – деді қала әкімі Б.Сағынтаев.

Соңғы бес жылда қаланың орталық аудан­дарын абаттан­дырып,  күрделі жөн­деуден өткізуге 65 млрд. теңге жұм­салған. Ал шеткі аймақтарды абаттандыруға 15,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде шеткі ауданның  тұрғындары әлеуметтік нысан­дардың аздығына, коммуникация мен инженерлік желілердің – ауызсу, газ, көше жарығының жоқтығына, жол сапасының төмен екенін және көлік инфрақұ­рылы­мының дамымай қалғанын айтып, наразылық білдіруде.

«Жағдайды түбірімен өзгерту керек» дегенді айтқан қала әкімі:

– Біздің ендігі мақ­са­тымыз осы мәселені ретке келтіру. Алдағы үш жылда қала шетіндегі халықтың өмір сүру сапасын арт­тырып, жұмыс орындарын құру, ескі үйлерді бұзып, әлеу­меттік нысандар салу, абат­тандыру, шағын және орта бизнесті ынталан­дыру бойынша ауқымды бағ­дарламалар әзірлеу қажет, – деді Б.Сағынтаев.

Осыған орай, қала бас­шысының тапсыр­ма­сына сәйкес аудан әкім­дері 1 тамызға дейін жер­гілікті тұрғындарды тол­ғандыратын мәсе­ле­лерді жедел шешу бойын­ша егжей-тегжейлі жоспарлар әзірлеуі керек.

Шаһар басшысы Б.Сағынтаев мегаполистің өзекті мәселе­лерін шешу үшін бюджет саясатының тиімділігі күшейтілетінін айтты. Соның арқасында 2020 жылдың соңына дейін қаланы орталық ауызсумен, газбен, жарықтандырумен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мерзімнің ішінде аулаларды абаттандыруды да аяқтау қажет.

Сондай-ақ, қоғамдық көлікті жаңарту, оқушы орындарының тапшылығын азайту, ПИК және басқарушы компаниялар қыз­метінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, қала әкімдігі мен басқармаларының ашықтығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұдан өзге, БҰҰ ұсынысы бойынша бюд­жетті «халықтың қатысуымен» ұйымдас­тыру тетіктерін енгізу жоспарлануда.

Кездесуде мәслихат депутаттары Владислав Ли, Марат Абдуллаев, Ерболат Қасымов, Ляззат Қалтаева, Кенжехан Матыжанов, Сергей Козлов және Мұрат Әділханов ұсыныс айтып, дамудың өзекті мәселелерін көтерді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *