Қайырымдылықты ҚАЛАЙ КӨРСЕТІП ЖҮРСІЗ?

Өмірде материалдық игілік пен рухани байлыққа қол жеткізіп, үлкен биіктерді бағындырған адамдар қайырымды болады. Олар үнемі айналасына қолұшын созып, көмектескіш келеді. Үлкен сома­дағы ақшаны көз­дерін жұмып, қайырым­дылыққа салып жібереді. Бастысы, ол жақсылық­тың бәрін олар шын көңілден жасайды. Өйткені, оның бәрі сол адамға есе­леп күшті энергия болып қайтып, жанына жылулық пен жүрегіне нұр сыйлайды» деп оқығаным есімде.

Ал тіршіліктің қазаны қызу қайнап жатқан алып мегапо­листің тұр­ғындары қайырым­дылыққа қалай қарайды? Жақ­сылық жа­сауға уақыт арнайсыз ба? Кім­дерге қолұшын созып тұрасыз? Бүгінгі сенбілік сауалнама қайы­рымды жан­дарды іздестірген еді.

 

ДАНА,  тігінші:

– Жасаған жақсылығыңды жұртқа жариялап айтсаң, сауабы кемиді деп жатады. Сол үшін сырт көзге байқатпай, бірақ қолымнан келгенше айналама көмек беріп жүремін. Бұл қайырым­дылықтан гөрі көбінде садақа сияқты. Өзім жиі жүретін көк базар, арбат жақта жалғызбасты орыс апалар бар. Соларға азын-аулақ тиын-тебен тастап, аздап тамақ беріп кетемін жолым түссе. Қайырым­дылық дегеніміз – мүмкін үзбей жақсылық жасау шығар. «Ақ Үміт» деген балалар үйі бар осы қаланың ішінде. Соған үнемі үлкен көлемде ақша аударып тұратын бір әйел адам бар. Мүмкін, нағыз қайырымдылық сол шығар.

АНЕЛЬ,  студент:

– «Меломан» дүкендер желісінде өзіме ұнайтын авторлардың кітаптарын парақтап отырып, жақсы бір нәрсе оқыдым. Ол жерде «егер жаныңыз қиналып жүрсе немесе денсау­лығыңыз сыр беріп, отбасыңызда береке азайса, айналаңызға қайырымдылық жасаңыз. Қолыңыз­дан келген жақсылықтың ешбір түрін қомсын­баңыз. Бауырсақ пісіріп, көршіңізді шәйға шақырыңыз, болмаса ата-анаңызға сыйлық сыйлап қуантыңыз. Бірнеше дорбаға түрлі азық-түлік салып таратасыз ба, өзіңіз білесіз. Бастысы, өзгелерге қуаныш сыйлаңыз» дегенді оқып, ойланып қалдым. Өз басым жиі қайырымдылық жасамаймын, бірақ біреулерге шын көңілден көмектессем, өзімді бақытты сезінетінімді байқайтынмын. Сол үшін аптасына бір рет бір адамға пайдалы болуға жоспар жасап отырмын.

 

Сырым МЫРЗА-ӘЛИ, Балалар остеопатия­лық орталығының  бас дәрігері:

– Біздің орталыққа мүмкіндігі шектеулі, дамуы кешеуілдеген балалар келіп ем алады. Олардың арасында тұрмысы төмен отбасылардың балалары да бар. Біз соларға тегін ем-дом жасаймыз. Кейде Алматы көшелерінде қайыр тілеп тұрған ауру балалар болсын немесе ауру баласымен көшеде отырған жас ана болсын, өзіміздің орталыққа шақырып, тегін ем-дом жасаймыз. Мұндай жүйелі қайырымдылық жасау тәжірибесін енгізгенімізге жарты жылдай ғана болды. Оншақты адамға тегін көмек көрсеткен шығар­мыз. Нақты саны есімде жоқ. Менің күрестен беретін жаттықтырушым, халық­аралық спорт шебері Ерғали Ұлтжанов аптасына бір рет қаладағы медресе шәкірт­теріне күрестен тегін сабақ беріп жүр. Қайырымдылық деген соң есіме түсіп тұр. Атамның атына «Авторлық құқық» бойынша ақша түсіп тұрады. Соны көмекке мұқтаж жандарға таратып жіберемін.

 

Аруна ЕСТЕМЕСОВА,  биші:

– Қайырымдылықты ұнатамын. Студент кезімде жалғызбасты әженің үйін тазалап, ұсақ-түйек шаруаларына көмектесіп тұра­тынмын. Менің Есбол есімді талдықорғандық жақсы досым бар. Осы күнге дейін дәл ондай мейірімді, қайырымды адам көрген емеспін. Екеуміз мектепте бірге оқыдық. Ол 9-сыныпты бітірген кезінде әкесі машина алып берді. Бір күні көлік жууға бірге бардық. Ондағылардың бәрі оны жақсы танып алған. Есбол көлік жуатын балаларға үнемі сникерс, кола сатып әкеледі екен. Онымен қоймай, көліктен түсіп, олармен бірге машина жуысып жүр. Сонда біраз таңғалғам. Қазір мен де көлігімді жуатын адамдарға солай, су, шоколад ала барам. Есболдың маған жұққан жақсы әдеті ғой. Оны көршілері де жақсы көреді. Өзінің аула­сындағы шөппен қоса, көрші атаның ауласын да тазалап жүретінін білемін. Біздің үйде көрші көпбалалы отбасы тұрады. Есбол үнемі сол үйдегі әйелге қыста су тасып, отын жарып беріп, көмектесіп жүреді. Бәрінен бұрын оның сол жақсылықтарды айқайламай-ақ жасай­тыны ұнайды. Сол үшін шығар, сол досымның жолы болғыш.

 

Айқын,  мектеп оқушысы, 10 жаста:

– Жазғы демалыста атамның үйіне барып тұрамын. Сол кезде қораны тазалап, күшікке тамақ беріп, малдың алдына су құямын. Ауылда өзен бар. Соған балық аулауға барғанда шомылып қайтатынбыз. Былтыр үш досыма жүзуді үйреттім.

 

Сауалнаманы жүргізген –

Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *