Қайырымды басшы, қамқор аға!

Соңғы кездері Алма­ты­­дағы ғылыми-зерттеу институттарының бүгінгі жағдайын мәселе еткен түрлі жанрдағы ақпарат­тар оффлайн және он­лайн кеңістігінен орын алуда. Көп ғылыми қыз­мет­кердің көкейінде жүр­ген түйткілді ойлар мазмұнды сұхбат-мақа­лаларға тамызық болса, кейбір алыпқашпа ақпа­рат­тар интернет-портал­дардың рейтінгін көте­руге септесуде.

Осындай ғылыми-зерттеу институт­тардың қатарында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты аталады. Заңғар жазушының есімін иеленген қара шаңырақ бүгінде заманның ағымынан қалмас үшін өзге техникалық, жаратылыс­тану, т.б. мекемелерге қарағанда екі-үш есе артық еңбектенеді десек, артық айт­қандық емес. Өйткені, қоғамның, заманның гуманитария өкілдеріне қойған талабы «қатал». Өзге салалармен қатар жүріп-тұрса «мезгілінен қолын кеш сермеп», ырыс-несібесінен қағылатыны анық. Әдебиетті, тілді зерттейтін бүгінгі маманның үш-төрт тілді еркін меңгерген, өз өнімінің жарнамасымен өзі айналысатын менеджер, уақытпен, қаржымен санаспайтын, күрделі істерде жаңғақша шағылмайтын, жаны сірі әрі универсал болудан басқа амалы жоқ.

Гуманитарияның осындай қараөзек шағында әмбебап қызметкерді сырттан іздемей, керісінше институттың қатардағы маманының тұлғалық, дәрежелік қабілет­терін дамытуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлетін басшылар да баршылық. Сондай тұлғалардың бірі — ғалым, жазушы, журналист, ірі қайраткер,   М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Қалижанұлы Қалижанов.

Барлық ғылым-білім атаулы қоғамның басты капиталы адам үшін, адамның өмірін ілгерілету, жақсарту үшін қызмет атқаруы тиіс деген қағида бар. Қазақстанның саясат, журналистика, ғылым салаларында өлшеусіз еңбек сіңірген Уәлихан Қалижан­ұлының барлық қызметі халық игілігі үшін атқарылды деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, осы жылдың 18 науры­зында 70 жасқа толған У.Қалижанұлының атына жазылған осыған дейінгі барлық жанрдағы жазбалар осыны дәлелдейді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген лебізді У.Қалижанұлының 70 жылдығында ғана емес, жалпы қайрат­керлік істеріне қатысты қымсынбай қолда­на аламыз. Уәлихан ағаның жақсылығын сөз ету мерейтойында ғана орындалатын рәсім емес. Бұған дейін мемлекеттік қызметте де, журналистика саласында да қанаттас қызмет атқарған, басшылығында болған қызметкерлері баспасөз бетінде Уәлихан ағаның адамгершілігі, биік пара­саты, тұлғалық болмысы жайында жылы­лыққа, ризашылыққа толы естелік-эсселерін жазып келе жатыр. Көркем прозасы, деректі, публицистикалық, ғылы­ми жанрдағы шығармалары жайында Р.Нұрғали, Ш.Мұртаза, Қ.Сұлтанов, Ә.Дербісәлі, Ж.Дәдебаев, С.Негимов, Т.Оралбайұлы, Б.Омаров, Т.Әбдірайым, Б.Нұрахметов, т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет­танушы­лардың толғамдары жазылған.

2012 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор лауазымына тағайындалған сәттен бастап, Уәлихан Қалижанұлының бастамасымен институтта талай жобалар қолға алынып, іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы көпшіліктің жыл сайын халық алдында көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, БАҚ-тың қатысуымен өтетін Институттың дәстүрлі жария есебінен түйген мағлұматы көп болар.

Осы мақаламызда Уәлихан Қалижан­ұлының есімінен кейін «аға», «ағай» деген «лауазымды» қолданып отырмыз. Өйткені, қызмет барысында кейбір қазақтілді жас­тар ағылшынның «mіster», орыстың «ович», «евич» аталатын құрметті сөздері­нің «аға», «ағай» деген қазақша баламасын қолдана береміз. Жылы қатынасымыздың белгісі ретінде қабылдағаны шығар, оған Уәлихан ағаның кейіген сәтін көрген емеспіз.

Уәлихан ағаны интеллектуалдық, рухани, кәсіби қабілеттерінен бөлек, опти­мист, ертеңгі күннен үміті мол тұлға ретінде сипаттауға болады. Сол оптимизм мен үміт қызметкерлерге де қанат бітіріп, талай жұмыстардың сәтті орындалуына себепші болуда. Соңғы жылдарды ғана сөз етсек, Институтта 2015—2017 жылдары жүзеге асырылған гранттық жобалар бойынша жалпы саны 48 кітап — ұжымдық және жеке авторлықпен жарық көрді. Ақпан айын­да өткен жиында 48 кітаптың тұсау­кесер рәсіміне «Мұхтар Әуезов» қорының пре­зиденті Мұрат Әуезов, Экономика инсти­тутының директоры Ә.Сатыбалдин, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі институ­тының директоры Е.Қажыбек, Р.Б.Сүлей­менов атындағы Шығыстану институтының директоры Д.Әбсаттар, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Т.Тебегенов, әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ профессоры А.Б.Темірболат, тағы басқа ғалымдар да қатысып, институт атына жылы лебіздерін жаудырған еді.

Өткен жылы институт М.О.Әуезовтің 120 жылдығына орай «М.О.Әуезов және ұлттық рухани жаңғыру» атты халықара­лық ғылыми симпозиум өткізді. Оған қоса, жыл сайын дәстүрлі «Әуезов оқулары» халықаралық конференциясы ұйымдасты­ры­лады. Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Мұрат Әуезов: «Мен ес білгелі өзім куә болған институттың ұйымдастырған ғылы­ми зерттеулері, өткізген жиындары жоғары деңгейден төмендеген емес. Институттың жұмыстарына әрдайым тілекші болып жүремін» деп институт қызметкерлеріне, басшысы У.Қалижанұлына алғыс білдірген еді.

Уәлихан аға қызметке талантты, талап­ты жастарды қабылдауға тырысады. Бү­гінде институт қызметкерлерінің жарты­сына жуығы жастардан құралған. Жас маман­дардың ішінде бакалавр деңгейіндегі білім сатысы кездеспейді деп айтуға бола­ды. Көпшілігі магистр немесе магистрант, докторант.

Институтта ғылым мен білім инте­грациясы 2014 жылы басталған. Содан бері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлес­тікте «Ғылым ордасы» базасындағы Ғылы­ми кадрлар даярлау орталығы арқылы «Әдебиеттану» мамандығы бойынша бір­неше магистрант, докторанттар оқуларын сәтті аяқтауда. Барлығы ҚР БҒМ тарапы­нан әдебиеттану мамандығына бөлінген мемлекеттік гранттар негізінде білім алды. Осы жылы 2014 жылы оқуға қабылданған доктораттардың үшеуі диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұның барлығы жас кадрлардың ғылыми потенциалын артты­руға жасалған игі бастамалардың жалғасы болса, 2017 жылдың соңғы айларынан бастап жас ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да көңіл бөліне бастады.

ҚР БҒМ Ғылым комитеті мен Қазақ­станның Ипотекалық Компаниясы бірле­сіп, жас ғылыми қызметкер санатындағы жастарға көңілге қонымды бағамен пәтер сыйлады.

Осы бастама бойынша М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутының 7 қызметкері бір айға жетер-жет­пес уақытта баспанаға қол жеткізді. Бүгінде Алматы қаласының «Атлетикалық ауыл» деп аталатын шағын ауданында ғы­лыми-зерттеу институттарының жас қыз­меткерлері үй алып, сонда өмір сүруде. Атал­ған аудан «Алматы Арена» көпфунк­ционалды мұз кешенімен танымал.

Ғылыми-зерттеу институттарының жас мамандарына пәтер беру кезінде Уәлихан Қалижанұлына да үлкен жауапкершілік жүктелді. Ғылым комитеті мен Ипотекалық компанияның пәтер беру бойынша қыз­меткердің жеке басында үйінің болмауы, зейнетақыға он екі айдың анықтамасының қажеттілігі, т.б. талаптары бар еді. Ал Уәли­­хан ағаның Әдебиет және өнер институ­тының 7 қызметкері үй алатын кезде әрбір құжаттың болуын өзі қадағалап, ауруханада жатса да құжаттарын жеке хабарласып, сұрап алып жатты. Халық жылдап кезекке тұрып, пәтерге төленетін жалпы соманың 50 пайызын толтыру үшін сағаттап бас алмай еңбек етіп жатқанда, біздің қызметкерлер 2-3 аптаның ішінде үйлі болып, кілттерін қолына алды. Өз қызмет­керлерін бірінші кезекте пәтермен қамтама­сыз ету бойынша бастама көтеріп, әлеумет­тік жағдайына қарайласу Уәлихан Қали­жанұлының бас­шы­лығында дәстүрге айнал­ғанға ұқсайды. Өйткені, қазіргі күні түрлі мемлекеттік істерде қызмет атқарып жүрген шәкірттері ағайдың есімін естелік-мақа­лаларында жиі атап, алғыс білдіріп жатады.

Осынау шағын жазба соңында М.О.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академия­сының академигі, Қырғызстан Республи­касы Ш.Айтматов атындағы академия­сының академигі, Қазақстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәли­ханов атындағы сыйлығының лауреаты Уәлихан Қалижанұлы Қалижановты 70 жасы­мен шын көңілден құттықтап, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Айнұр АХМЕТОВА,

Ph.D докторант.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *