Адам капиталы жаңғыртудың негізі болуы тиіс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы Қазақстандағы кешенді реформа­ның өте маңызды бөлігіне айналды. Президенттің әлеуметтік бастамалары – тұрғындардың өмірімен байланысты болғандықтан, миллиондаған қазақстан­дықтардың болашағына қатысты нақты мүмкіндіктерді саралай, қоғамдық сана­ны жаңғыртумен ұштасқан. Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдары ауқымды экономикалық және саяси қайта құрулар жүргізілсе де, жаңаша өзгерістердің жалғасуы үшін сананы, рухани-құнды­лық идеалдарын жаңарту қажет екендігін атап өтті. Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйрегенін айқындап берді. Жаңа дамы­ған зайырлы және демократиялық Қазақ­станды құратын негізгі принциптерді тұжырымдады.

Жаңғыртудың негізі адам капиталы болуы тиіс, бізге, яғни білімді, интел­лектуалды азамат керек. Осы контексте Президенттің бес жаңа әлеуметтік бастамасының маңызы ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі Қазақ­станның дамуына әрбір қазақстандық үлес қосты. Тәуелсіздіктің шешуші кезінде мені барлық уақытта қолдаған халыққа мен ризамын», – деп ерекше атап өтті. Одан әрі Мемлекет басшысы «біздің қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға нақты күш жұмсайтын уақыт келгенін» білдірді. Бұл респуб­ликада әлеуметтік сипаттағы реформа жүргізу арқылы іске асырылмақ.

1990–2000 жылдардағы экономика­лық реформалар барысында кәсіпорын­дар кең көлемде жекешелендірілді, жекеменшік иелерінің мықты тобы пайда болды, банк жүйесі тиімді қызмет атқаруда. Мұның бәрі елге және оның экономикасын қуаттандырудың  негізгі факторлары.

Қазақстанда бүгінгі күні экономи­калық жағынан табысты адамдармен қатар, төменгі табысты көптеген аза­маттар бар. Мұндай айырмашылық қауіпті және Қазақстанның келешегі үшін қатерлі. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы осындай маңызды проблемаларды шеше алатын нақты шаралар. Әрбір отбасының жеке пәтер алу мүмкіндіктері, салықты төмендету есебінен төменгі жалақы алатын жұмысшылар табыстарының көтерілуі, білім алудың қолжетімділігі мен сапасының артуы, студент жастардың жатақханадағы жағдайының жақсаруы, шағын несиенің кеңеюі, елді газдан­дыруды жалғастыру сияқты мұндай ірі жобалардың іске асуы – қазақстан­дықтардың әл-ауқатын арттырады, елдің экономикасының одан әрі дамуына ықпал жасайды.

Әлем үшін экономиканы және әлеуметтік қатынастарды жаңғырту проблемасы жаңалық емес. Әлемдегі барлық мемлекеттер де жаңарудың күрделі процесінен өтуде. Бірақ табысты жаңғырту үшін қоғам мен үкіметке байланысты қамтамасыз ететін, біршама жағдайлар қажет. Оған қоса, страте­гиялық мақсаттар нақты және түсінікті болуы тиіс. Британ ғалымы Наил Фер­гюссон елді табысты және терең жаңғыр­ту үшін қажетті бірнеше жағдайды көрсетеді. Бұл кәсіпорынды және халық күшін белсенді ететін – бәсеке, әлемді өзгертетін ғылыми жетістіктер, құқық­тың және өкілеттік басқарманың жоғары тұруы, денсаулықты сақтау бойынша алдына алу және тиімді шаралар көрсете алатын қазіргі кезеңгі медицина, еңбек этикасы. Оған қоса, тарих көрсетіп отырғандай, индустриал­ды революция тек инновациялық технологиясы, еңбек өндірісі дамыған, тұрақты түрде тауарға сұранысы бар, тұтыну секторы мықты жерлерде ғана табысты өтеді. Мұндай контексте Қазақстан басшылығының қадамдары­ның дұрыс жолда екенін көреміз. Бизнесті қолдау орталықтары, бұқаралық ақпарат құралдары, мектептер мен университеттер маңызды рөл атқарады.

Қазақстан азаматтарына аз уақыттың ішінде меншікке қатысты, еңбекке, өзінің денсаулығына көзқарастарын өзгерту (және бұл өте маңызды), құндылық бағыттарын жаңарту және ұтымды, білімді ұлт болуға өзгерістер қажет деп түсінеміз. Бұл қандай тиімділік беретінін біз Жапон, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея мысалында көріп отырмыз. Жаңғырту мәселесі, іске асыру оңайға соқпайтын қоғамдық сананың түрлі түрлерінің сапалы дамуы мен жаңаруы туралы болып отырғанын мойындауымыз керек. Бұл, ең алдымен, материяның өзіне, санамен байланысты. Мұндай нәзік процесте «кавалериялық килігу» тек зиянын тигізуі мүмкін. Бірақ «таспақа аяң» да қолайсыз, ал мәселені шешудің одан әрі созылуы XXІ ғасырдың ауыр және жоғары бәсекелестік жағ­дайында қазақстандықтардың дамуына қиын да күрделі кедергі болады.

Әлем төртінші өнеркәсіп революция­сы алдында тұр. Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын осы мәселеге арнауы кездейсоқ емес. Әлемдегі болып жатқан жағдайды Прези­дент нақты атап өтті: «адамзат қазіргі күні жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Қазіргі технология әлемді өзгертеді. Жаһандық технология­лық өзгерістер сын-қатерлермен қатар, өсудің жаңа мүмкіндіктерін әкеледі». Қазақстан азаматтарын Елбасы  осы мүмкіндіктерді іске асыруға шақырып отыр. Ол үшін еліміздің  азаматтары болашаққа сеніммен қарауы тиіс. Президенттің әлеуметтік басымдықтары осыған бағытталған.

 

Бүркітбай АЯҒАН,

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *