АДАЛДЫҚТЫҢ АҚ ТУЫН КӨТЕРГЕН

журналист-жазушыға құрмет көрсетілді

Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №176 мектеп-гимназияда аудан тұрғыны, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иесі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Қазақ журналистикасының қайраткері», ауданның «Құрметті ардагері», өзге де медальдардың иегері Итен Қарымсақұлының 80 жылдық мерейтойы аясында «Айналдың бүгінде сен, Итен аға, өмірдің жемісі мол Дарағына!» атты әдеби, композициялық-сазды бағдарлама бойынша кездесу кеші өтті.Той иесін аудан әкімі С.Тоғайдың құттықтауы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Каркеновтің, қоғам қайраткерлері Т.Стамбеков, белгілі қаламгер Ш.Садықанұлы, өзге де ақсақалдардың, мектеп-гимназия директоры Г.Әденованың ұлағатты сөздері мен жақсы лебіздері бұл шараның тағылымдық және  тәрбиелік зор маңызға ие  болғанын айғақтайды.

Мектеп-гимназияның талантты оқушы­лары шадыман-шат көңілде сахнаға шығып би биледі, сосын кезек-кезегімен  журна­лист-жазушы И. Қарымсақұлының «Қо­ңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдыр­лар», «Жүрек жазбалары», «Даланың өзіндей, дананың көзіндей», «Жақсының жарығы» атты прозалық кітаптары мен «Жаса, жарық күн!» жыр жинағынан үзінділер айтып, кездесуге қатысушыларды риза етті, өздері де алқа топтың алдында қошеметке бөленді.

Мектеп-гимназия  оқушысы Жолдыбай Марғұлан:

Қашанда қуат берсін қаламыңа,

Қашанда нұр құйылсын алабыңа.

Айналдың бүгінде сен, Итен аға,

Өмірдің жемісі мол Дарағына!

деп ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбектің Итен ағасының туған күніне  арнаған идеясы,  көркемдігі және мазмұны өзіне ерекше ұнаған жыр-шашуын  көрермендердің жүрегіне жеткізді.

Бұдан кейін оқу озаты Ажар Аман­гелдиева ҚР еңбек   сіңірген қайраткері, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанның: «Белгілі журналист, қоғам қайраткері Итен Қарымсақұлы шындық үшін шырылдап жүретін атпал азамат, ұлтжанды қайраткер. Адалдықтың ақ туын көтерген Итен аға сияқты адамдар неғұр­лым көп болса, соғұрлым қоғам да, адам да тазара бермек!» деген сөзін әдемі мәнермен айтып өтті.

Қай оқушы сахнаға шықса да төгіліп, еркін, ашық, жігерленіп сөйлеп, тілі жатық, сайрап тұр. Қызығасың, таңғаласың, әдебиетті сыйлайтын жастардың қаулап өсіп келе жатқаны көңілді марқайтады. Журналист-жазушы Итен Қарымсақұлы­ның әлгіде ғана бір сөз арасында көпші­ліктің назарын өзіне аударып:  «Мектептің директоры қандай болса, оқушысы да сондай тәлімді, тәрбиелі, жақсы болады, әдебиетті сүйеді, кітапты көп оқиды» деген сөзі көкейге қона қалды. Әр оқушы бойын­дағы жақсы қасиет мектеп қабырғасында жұғысты болатыны аян.  Соның нақты көрінісі жоғары  сынып оқушыларының осы кездесу кешін жоғары дәрежеде өткізуі десек шындыққа саяды.

Қараңыз, сахнада кім, қалай сөйлеп тұр, құлақ түріңіз. Журналист-жазушының шығармаларынан оқушылар айтқан үзіндіні келтірейік.

 

Ернар АЙТБЕК:

– Қалай дегенде де күнделік жазу – ептіліктің емес, тектіліктің белгісі. Қазір күнделік жазатындардың қатары сирексіп қалды.

Менің айтпағым, жас кезімде облыстық газетте көп жыл сыйласып бірге еңбек еткен Қазақстанның көрнекті қаламгері, Қызыл­орда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») және республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерін ұзақ жыл басқарған көсемсөзші, журналист-публицист Ұзақ Бағаевтың күнделігіне сәті түсіп, көз жүгірткенім бар еді, соны оқырманға жеткізу…

Нұрсая РАХЫШ:

– Өмірмен қоштасу оңай емес, әрине. Қимайсың. Жарқырап, жайнап тұрған шағында небәрі 43 жасында дүниеден озды. Соның өзінде қыруар іс тындырып кетті. Басқа амал жоқ, тағдырдың жазуы солай… Бірақ Ұзақ Бағаевтың күнделігінен сары­уайым­ның сарыны сезілмейді. Керісінше, балдай тәтті өмірге құштарлық, бақытқа ұмтылыс, тіршілікке құлшыныс аңғарылады.

Француз жазушысы Жюль Ренар «Күн­делік – адам жанының айнасы» деген екен. Олай болса, Бағаевтың күнделігі оның арының ақтығын, жанының пәктігін паш еткендей…

 

Енді бір сәт «Әке туралы әңгіме» қойы­лымы да жұрт назарын өзіне аударса, еліміздің көрнекті ақын-жазушылары Т.Медет­бек, Н.Жүсіп, Қ.Сәрсенбай, А.Асылбек, М.Әміреұлы, Ә.Рахымбекұлы, Ш.Сариев, Т.Тәшенов, Ә.Еңкебаев, тағы басқаларының Итен Қарымсақұлына арнаған сөздері мен өлеңдері де құлаққа өте жағымды әрі жұмсақ естілді.

Ел Тәуелсіздігі мен егемендігі жөнінде жазылған өлеңдер сахнада айқын көрініс тапты. Бұл тұста Итеннің қаламынан туған «Мәңгілік ел. Көп ұлттымыз, біргеміз…», «Ұлы дала! Еңселі елміз, өрдеміз…»,   «Туған жерің қасиетті, киелі…», тағы басқа да жыр шумақтары кеш мазмұнын нұрландырып жіберді. Бұған қуанбағанда, қайда қуана­сың!

Жастар кездесу  кешін жоғары дәре­жеде өткізуге бар күш-жігерін жұмсағаны айқын аңғарылды. Бахытхан Ерхан, Сымбат Ержанова, Жанел Серікова, Айдын Бауыржанұлы, Мақсат Аслан, Арай­лым Иманберлиева, Серғазы Шұғыла, Нұрахмет Алина, Сұлтан Нұрмұқан,  Абы­лай Айтқазиев,  Аружан  Бақберген, Ғалым­жан Серікқазиев нағыз өнер майтал­мандарына ұқсап, журналист-жазушының кітаптарынан өлеңдері мен естеліктерін нәшіне келтіріп жатқа айтқанда, көрер­мендер риза болып, таңғалып, қайта-қайта қол соқты. Сахнада өнер көрсеткен талант иелеріне көрермендер күш-қуат, қажымас қайрат тіледі. Бұл бір есте қаларлық керемет кездесу болды.

Кездесу кешінің сахналық қойылымын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айшакүл Ыбрайым білікті ұйымдастырып, зор құрметке бөленді.

Итен Қарымсақұлы білім ошағының игілікті ісіне, кездесу кешіне қатысушы­ларға көңіл ризалығын білдіріп, зор алғыс айтты, жастарға бата берді. Мектеп-гимна­зия директоры  Гүлбағда Әденова мерейтой иесіне  гүл шоғын сыйлады.

 

Құттықтау

Құрметті Итен Қарымсақұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздің бүкіл саналы ғұмырыңыз мемлекет пен қоғам игілігіне бағышталып келеді. Дүйім жұртшылық сізді бар білімі мен ілімі, еңбегі, беделі мен адамгершілігі елге кеңінен танылған азамат деп біледі.

Сіздің өмір жолыңыз да кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық. 1966 жылы – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің   Журналистика факультетін тәмамдап, саналы өмір жолыңызды Қызылорда облыстық   «Ленин жолы» газетінен бастап, еліміздің түрлі қалаларында журналистика саласында білікті қызметтер атқардыңыз.

Сондай-ақ, өзіңіздің тынымсыз еңбегіңіздің арқасында қазіргі таңда, еліміздегі зор жауапкершілікті талап ететін құқықтық салада, республикалық «Құқықтық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келесіз.

Аудан халқы сізді шәкірттерінің қатары мол, қарымы кең журналист-жазушы, шебер ұйымдастырушы ретінде таниды.

Осы бір маңдай тер төккен еңбегіңіз, республикамыздың журналистика саласына қосқан қомақты үлесіңіз – барлығы да Отанымыздың егемендігі баянды, тәуелсіздігі табанды болуына айтарлықтай үлес қосқаны анық.

Осынау ел-жұртыңызға сіңірген ерен еңбектеріңіз сізге тың қажыр-қайрат, қуат әкелсін. Өміріңіз қашан да жақсылық пен игілікке, қуаныш пен шаттыққа толы болсын.

Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін!

 

Игі тілекпен,

Наурызбай ауданының әкімі С.ТОҒАЙ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *