ҒАБЕҢ СҮЙГЕН СҰЛУ

Қазақ кино және сахна өнерінің тарихында сұлулығы, сымбаттылығы, сүйкімділігімен миллиондаған көрерменнің есінде  қалған Қазақ КСР-інің және Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы, «Құрмет» орденінің иегері Раиса Мұхамедиярова өмірден озды.

81 жасқа қараған шағында өмірден өткен Раиса Мәжитқызы 29 фильмге түсіпті. Алғаш рет түскен «Әнші ауыл» фильмінен бастап оның өнердегі даңғыл жолы басталды. Ол бірде «Жүрекжарды» бағдарламасына берген сұхбатында: «Кинода тәжірибем жоқ, оған дейін еш жерде рөл ойнаған емеспін. Өзім қалай түсіндім, солай ойнай бастадым. Сол кезде Шәкен аға рөлге ену үшін не істеу керектігін айтып, демеп, дұрыс жаққа бұрып жіберетін еді» деген болатын. Шынында қазақ өнерінде талайдың бағын ашқан Шәкен Кенжетайұлының да ол шапағатын көп көрді. Содан да болар, Аймановты өнердегі өкіл әкесі санады.

Ол «Балалық шаққа саяхат», «Балам менің», «Бұғы адам», «Найзатас етегінде», «Қанабек», «Желкен», «Менің әпкем», «Түнек әміршісі», «Астана – менің махаббатым» атты фильмдеріне түсті. Әрине, әр актрисаны халыққа айрықша, етене жақын ететін бейнелері болады. Бұл ретте ол бейнелеген қазақ киноклассикасы «Менің атым Қожадағы» мұғалима Майқанова бейнесі ұмытылмасы хақ.

Раиса Мұхамедиярова киномен қоса театрда да қатар тер төкті. Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп, ел есінде қалар талай образдар бедерледі.

Өнер адамының тағдырын әркім де бастан кеше бермейді. Бұл кісі де үлкен тағдырдың иесі болды. Ол қазақтың біртуар қаламгері Ғабит Мүсіреповпен отбасын құрып, өмірінің біраз жылдарын осынау әзіз қаламгерге арнады. Бұл бір махаббат хикаяларына толы, сүйіспеншілік сезімін шырқау биікке көтерген жылдар еді. Екі ғашықтың бір-біріне жазысқан хаттары, ғажайып тағдыры туралы қайсыбір жылдары белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ғабең өмірінің білгірі Әділғазы Қайырбеков «Алматы ақшамында» ғажайып эссе жазып еді. Міне, сол Ғабең сүйген сұлу, Ғабең талғамының ең жоғары бағасына ие болған Раиса Мәжитқызы қазақ кино, сахна тарихында сұлулықтың символындай боп қалғанына дауа жоқ.

Бұрынғы дағды бойынша оның сұлулығын, көркем кескінін Лоллобриджидаға теңеп жатады. Ол ешкім де емес, қазақтың нағыз хас сұлуы, Күләш, Гүлфайруз апаларындай өзіне көрерменін тәнті етіп өткен тұлға.

Тек кино үшін туған жанның өмірінің соңғы жылдарында өнерден қол үзіп қалғаны, соңғы мүмкіндігін байқатпай кеткені өкіндіретіні де жасырын емес.

Қайтесіз, сұлулық сапары үзілгендей, көркемдік көшіп бара жатқандай күй кешіп отырмыз.

Керек дерек:

Раиса Мәжитқызы 1939 жылы 11 шілдеде Семей облысы, Көк­пек­ті ауылында туған. 1962 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, ағыл­шын тілі оқытушысы маман­ды­ғын алған. 1960 жылдан бері Шә­кен Айманов атындағы «Қа­зақ­­фи­льм» АҚ-ның штаттағы ак­трисасы болды. 1995–2002 жыл­дары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­тік балалар мен жасөспі­рім­дер театрында жұмыс істеді.

«Ақшам-ақпарат».

Р.S. Раиса Мәжитқызын ақтық сапарға шығарып салу Ғабит Мүсірепов атындағы театрда бүгін сағат 10.00-де өтеді.     

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *