«Абайлап жүр, сені үйде күтіп отыр!»

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

«Жүйрік ат мінгеннің желігі бар» деген сөзді естуіміз бар. Ал енді жүйрік те қымбат жеңіл көлік мінгеннің желігі одан да күшті ме деп қаласың. Батыс Еуропа – Батыс Қытай даңғыл жолымен «Газель» көлігімен Алматыға қарай бет алып келе жатып, бірін-бірі басып озып, автокөлік жарысына айналдырған жандарға еріксіз назар аударып, алдыңғы жақтан көз алмай келе жатырмыз.

Аракідік жол шетіне шығып кеткен, көлік ауда­рылып, жұрт жиналған көріністерді де көріп, баратын жеріңе аман-есен жетуді ойлап, шыбын жаныңды шүберекке түйіп те отырасың. Зымыран жаһанданудың көш-керуе­нінен қалып қоймауды ойлағандай жеңіл көлікті жүйткіткендердің де екпіні тым қатты. Қайда барсаң да, осы даңғыл жолда жүйткіген жеңіл көлік жүргізуші­леріндей бірін-бірі басып озғысы келген бәсекелестік пен бақталастық пиғылды байқар едік. Түрлі-түсті жеңіл көліктер газын бассаң ор қояндай орғып, ыршып-ыршып түседі. Жолшыбай бір қалыпты жүріп келе жатқан «Газ-53» көнелеу жүк көлігін көзіміз шалды. Мұндай «Газик»-тер өзінің міндетін әлдеқашан атқарып болып, тек ауылдық жерлердегі тұрғындардың үйдегі шаруа­сына жегіліп жүрген жайы бар. «Газик»-тің артқы қора­бындағы нөмірінің төменгі жағындағы ақ бояумен жазылған «Абайлап жүр, сені үйде күтіп отыр!» деген сөзді көзіміз шалып, еріксіз ойланып қалдық. Жүк көлігі көне болса, оның қорабына жазылған жазу да көне сөздей болып көрінді. Жүк машинасын басып озып, тұсынан өте шыққан жүйрік көліктердің жүргізушілері әлгі жазылған сөзді көзі шалса да, көңіл бөлместен жүйткітіп өте шығады. Ол сөзді оқыса да, мән берместен қоса қабаттасып, озып кетеді. Біз мінген «Газель»-дің жүргізушісі жүрісін баяу­латып, әлгі жүк машинаның соңынан біраз ілесіп отырып, жалыға бастаған болу керек, газын басып алдын орап, озып кетті. Адам баласының жаңа легі өмірге келгендей, темір көліктердің де жаңа түрлері пайда болып жатыр. Өткен жылдары шыққан көліктерді жаңалары басып озып, зымыран уақыттың тала­бынан қалып қойғысы жоқ. Мына мимырттап жүріп келе жатқан «Газик»-тердің арғы атасы соғыс жылдарында өмірге келіп, адамзат бала­сына адал қызмет көрсеткен еді. Алматының Райымбек даңғылы мен Панфилов көшесінің қилысында осы «Газик»-тің алғашқы шыққан түрі тарихи ескерткіш ретінде биік тұғырға қойылған. Кешегі тарихта Ленинград қоршауында қалған адам­дарға азық-түлік жеткізген, еліміздегі алғашқы колхоз­дастыру жылдары елді қиындықтан аман-есен алып шыққан жүк көлігі одан кейін жаңартылып, жетілдіріліп, еліміз тәуелсіздік жылдарына жеткенше қызметін адал атқарды. Оның орнын ауыр жүк көтеретін «КАМАЗ»-дар мен «БелАЗ»-дар басты. Кейінгі жылдары ауыр жүк көтеретін көліктердің нешеме түрлері пайда болып жатыр. Көне «Газиктің» қорабына жазылған сөзді көзі шалған, санасында түйсігі бар жанның ойланбауы мүмкін емес. Кешегі кеңестік кезеңнен келе жатқан көне көліктің қора­бындағы жазу бүгінгі күнді айтпағанның өзінде, сол кез­дің жолда жүру ережесінің тала­бына сәйкес келмейтіні анық. «Газик»-ті алғаш жүр­гізген естияр жан осы сөзді жазып, одан кейін иеленген жүргізу­шілерге де осы сөз ұнаған соң өшірместен жүре берген болу керек. Қалай ойласақ та, жүк көлігінің қорабына жазылған сөз талай жүргізушіні ойландырып, тәубесіне келтірері анық. Кешегі тар да ойдым-ойдым тас жолда автокөлік апаты бүгінгі күнмен салыстыр­ғанда, өте сирек кездескенін ешкім жоққа шығармас еді. Әрбір жүргізушіні үйінде ата-анасы, жары мен бала-шағасы күтіп отырғанын естен шығар­­мағаны жөн болар. «Асыққан шайтанның ісі» деп атала­рымыз бостан-босқа айтпаса керек. Қас-қағым сәттің адам баласын орны толмас қайғыға ұшырататы­нын көріп-біліп те жүрміз. Тек көлік жүргізуші ғана емес, ұзақ сапарға шыққан, қала берді күнделікті қызметіне барып-қайтатын жан үшін де үйінде асырау­шысын бала-шағасы күтіп отырғанын еске алудың өзі оның сергектік пен жауап­кершілік сезімін арт­тырары анық. «Ақырын жүріп, анық бас» деп Абай атамыз босқа айтпаса керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *