АБАЙДЫҢ СОҢЫНА ШАМ АЛЫП ТҮСІП, АҢДУ ОРНАТТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Абай Құнанбаев (1845–1904) қазақ халқының аса көрнекті ойшылы, ағартушысы, ұлы ақыны және қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Міне, осы ұлы ақынымыздың биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтілмек.  Қасым-Жомарт Тоқаев  бұл туралы өз мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – деп алдағы міндеттерді нақтылап берген еді.  Ұлы ақын туралы тарихи мәліметтерге жүгінер болсақ, Абай Құнанбаев 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Шыңғыстауда дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибраһим.

Абай ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өсіп, тәрбие алды. Оның әкесі Құнанбай қажы Тобықты руының өте ықпалды, орыс тілін жақсы білген биі болды. Орыстың алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдерімен қарым-қатынас жасап тұрды. Ол шыққан тегі сұлтан әулетінен болмаса да, Қарқаралы округінде алғаш­қы аға сұлтандардың бірі болып сайланды. Ғұмырының аяқ кезінде Меккеге қажылыққа барып қайтты. Меккеде Құнанбай қажы салдырған Тәбия қонақүйі әлі бар. Қажылықтан қайтып оралған Құнанбай бұл дүниелік істерден біржола қол үзеді. Ақынның бабасы Өскенбай Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағындағы әділетті де ықпалды қазақ билерінің бірі болатын. Оның қалдырған данышпандық сөздері мен ғибратты өсиеттері аз емес. Биге қазақтың алыс жатқан руларының адамдары да шағым айта келіп, жүгінетін. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрі батыр болған.

Абай әуелі ауыл молдасынан сауат ашып, сосын Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып, білім алады. Ол бала жасынан кітапқа құмар болды, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысты. Абай қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қашқақтайтын. Абай халық ауыз әдебие­тінің үлгілерін өте жақсы білді. Мектеп қабырға­сында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады.

Әкесі Құнанбай Абайды Тобықты руының болашақ билеушісі ету мақсатымен оқудан ауылға кері қайтарып алады. Мұнда ол халықтың қалың ортасына түседі. Билер, ақындар, сазгер-әншілермен, сондай-ақ, даланың даныш­пан ойшылдарымен жиі-жиі бірге болып, араласып тұрады.

Ақынның жастық шағы патша үкіметінің Қазақ­стан­ның оңтүстігіне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Ол патша үкіметінің округтік приказдардағы жағдайының барған сайын нығая түскенін, ХІХ ғасырдың 60–90-жылдарындағы әкімшілік реформа­ларының енгізілгенін өз көзімен көрді. Ол аз уақыт болыс болған кезінде қай істі болса да әділ және адал шешуге талпынды. Сол үшін қатардағы қарапайым халықтың терең сый-құрметіне бөленді. Бірақ қоғамның күрделі мәселелерін мұндай қарапайым тәсілмен шешуге болмайтынына бірте-бірте кәміл көз жеткізе бастайды. Сондықтан да ол қазақтың білім мен ғылымды игеруін қолдады.

Болашақ ақынның дүниеге көзқарасының қалыпта­суына оның озық ойлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен араласуы орасан зор ықпал етті. Ол кезде өз Отанының тәуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық қозғалыстарға белсене қатысушылар Қазақстан аумағына жер аударылып келіп жатты. Олар атап айтқанда, Украина мен Польшадағы зиялы қауымның неғұрлым білімді өкілдері болатын. Жер аударылып келгендердің арасында патша үкіметінің саясатына қарсы шыққан орыс зиялы қауымының өкілдері де аз емес еді. Олар Абайдың саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Атап айтқанда, Е.Михаэлис, С.Гросс, Н.Коншин, Н.Долгополов және басқалары еді.

Олар Абаймен бірге жиі-жиі қонақта болып жүрді. Қазақ ақыны солардың арқасында озық ойлы орыс мәдениетінің алып өкілдері А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермон­товтың және басқалардың шығармаларымен жете танысты.

Президенттіміздің мақаласында айтылғандай: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды».

Абай өзінің өлеңдерін бала кезінен жаза бастады. Бірақ ол ақын ретінде алғаш рет ХІХ ғасырдың 80-жылдарының орта кезінен бастап таныла бастады. Бұл кезде Абай өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда…») деген өлеңін жариялаған болатын. Абай – «Ескендір», «Масғұд», «Әзім әңгі­месі» поэмалары мен этикалық-философиялық еңбегі «Қара­ сөздерді» жазды. Ақынның «Қара сөздерінде» ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының болмысы зерделенді.

Ақынды қатты алаңдатқан жағдайлар қазақтың жап­пай кедейленіп, қайыршылық халге түсе бастауы, патша үкіметі шенеуніктерінің шектен шыққан озбырлығы, жер­гілікті болыстардың парақорлығы мен қанағатсыз пайда­күнемдігі болды. Ол өзінің өлеңдерінде жақын туыстарына көмек қолын созбайтын сараң байларды өлтіре сынады.

Абай қазақ қоғамын ерінбей еңбек етуге шақырды. Өзінің кейбір замандастарының бойындағы жаман мінездерді – жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алтыбақан алауыздықты, надандықты жеріне жеткізе әшкереледі. Кедейшіліктен құтылудың бір тәсілі егінші­лікпен айналысу, қолөнер кәсібін және сауда-саттық жасауды үйрену екенін айтты. Ол былай деп жазды:

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде».

Оның басқаша ойлауы мүмкін де емес еді. Қазақ даласында жиі болып тұратын жұт қарапайым халықты ауыр қайғы-қасіретке душар ететін. Ондай кезде жылдар бойы жинаған малдан бір-ақ күнде айырылып, жұтап қалуға болатын еді. Абай 1880 жылғы алапат ауыр жұтты өз көзімен көрді. Сол жылы оның сан мыңдаған жерлестері қайыршылық халге душар болған еді. Семей облысында кедей жатақтардың саны бұрын-соңды болып көрмеген жоғары көрсеткішке жетті. Олар казак станицалары мен орыс шаруаларының деревняларына жаппай ағылып, болар-болмас тиын-тебенге жалданды, үй қызметшілері, қолбала, бақташылар болды. Қайыр сұрап, ел кезіп кеткен­дер де көп еді. Абай қазақтың мал өсірумен қоса сауда жасауды, белгілі бір кәсіп түрімен шұғылдануды үйрену қажеттігіне баса назар аударды. Орта Азия тұрғындарының кәсіп түрлеріне үлкен ілтипатпен қызыға қарады. Ол былай деп жазды: «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагердің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари (яғни қала адамдары болып. – авт.) жауласпайды. Орысқа қара­май тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін (кебінін. – авт.), тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды».

Абай халыққа жаны ашымайтындарды жек көрді, байлардың қарапайым халыққа менсінбей қарауы оның ашу-ызасын келтірді. Қоғамды прогресшіл түрде дамыту жолдарын үнемі іздестіріп отырды. Абай ел басқаруға халық үшін қызмет ететін, адал адамдар сайлануы тиіс деп есептеді. Ол өз төңірегіндегі адамдардың, жақындары мен шәкірттерінің бойындағы өз халқына риясыз берілгендікті, оның мүдделерін қорғау қасиеттерін қолдап отырды.

Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, ғылым-білім үйренуге шақырды.

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге…

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз,

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз…», –

деп жастарды бес нәрседен – өсектен, өтіріктен, мақтан­шақ­тықтан, еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл іске – талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауға шақырды.

Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылыммен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.

Мақаладағы: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріп­тегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйрен­генін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деген Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында өзекті мәселені қозғаған.

Абай жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол былай деп айтты: «Балаларды мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын».

Абайдың пікірінше, адам болу үшін оның бойынан үш түрлі фактор табылуы тиіс. Біріншіден, баланың шыққан тегі жақсы болуы керек, екіншіден, оның әлеуметтік жағдайы немесе қоршаған ортасы жағымды болуы шарт, үшіншіден, балаға адамгершілік тұрғысында тәрбие берілуі қажет.

Абай парақор билеушілерді, ашкөз судьяларды, надан молдаларды әшкерелеп отырды. Халықтың игілігіне жету жолындағы бұл қырсықты ғылым мен білім арқылы ғана жоюға болады деп есептеді. Ол жастарға үздіксіз еңбек етіп, білім алуды міндет етіп қойды. Білім алуға жұмылған еңбек әрқашан да жемісті және ізгілікті болатынын қадап айтты. Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол – оқу-білім екенін көзіқарақты жастарға түсіндірді.

Абай орыс тілін тамаша меңгерді. Мұның өзі оның орыс ақыны М.Лермонтовтың бірқатар өлеңін қазақ тіліне аударуына мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Абай М.Лер­мон­­товтың «Шайтан» («Демон»), «Дұға» («Молитва»), «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Жалау» («Жалғыз жалау жалтылдап»), «Теректің сыйы» («Асау терек долданып, буырқанып») сияқты өлеңдерін аударды. Абай А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» даста­нының үзінділерін қазақы ұғымда жатық етіп еркін аударды. Абайдың Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.

Абай И.А.Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударумен де айналысты. Қазақтардың ұлт-азаттық қозғалы­сының көрнекті жетекшісі Ә.Бөкейхан өзінің қазақ даласындағы әр түрлі уездерде болған кезінде ондағы ақындардың Пушкин мен Лермонтовтың Абай аударған өлеңдерін жақсы білетініне, оларды домбырада әнге қосып айтатынына көз жеткізіп қайтқанын жазады.

Орыс тілінен Абай аударған шығармалар қазақ әдебиетін байыта түсті. Абай орыстың ұлы ақындарының 50-ден астам өлеңін қазақ тіліне аударды.

Абай өз өлеңдері мен қара сөзбен жазылған ғибратта­рында қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтарын ашып көрсетті. Одан ақыл-кеңес сұраған дала тұрғындары ағы­лып келіп жатты. Атап айтқанда, оған Баянауыл өлкесін­дегі белгілі шежіреші әрі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келіп тұрды. Абаймен Семейге саяси жер аударылып келгендер де санасатын. Міне, мұның бәрі патша үкіметі шенеуніктері мен олардың жергілікті кейбір итаршыла­рының тарапынан қызғаныш пен көреалмаушылық, тіпті саяси күдік туғызды. Ақынның үстінен өсек айту мен жала жабу әрекеттерін күшейтті. Патша үкіметінің әкімшілігі Абайдың соңына шам алып түсіп, аңду орнатты. Тіпті, 1903 жылы Семей полицмейстері ақынның және оның балаларының үйіне тінту жүргізді.

Жақын туыстары мен балаларының бірінен соң бірінің қазаға ұшырауы, оның үстіне ізіне түсіп, қудалауға душар болуы ақынның денсаулығына әсер етті. Абай өзінің ең жақсы көретін інісі Оспаннан айырылды. 1895 жылы үлкен ұлы Әбдірахман қайтыс болды. 1904 жылғы көктемде оның тағы бір ұлы Мағауия дүниеден өтті. Бұл қайғылы оқиғалар Абайға аса ауыр тиді. Мағауияның өлімінен кейін 40 күн өткенде Абайдың өзі де қайтыс болды. Ақын өзінің талантты шәкірттерін тәрбиелеп өсірді. Абайдың ізбасар шәкірттері Шәкәрім, Көкбай, Ақылбай, Кәкітай және Мағауия болды.

Абай көзі тірісінде өзінің өлеңдерін жинаған емес. Олардың әрқайсысын бір жапырақ қағазға жазып, жастар­ға таратып бере берген. Олар Абайдың өлеңдерін жаттап алып отырған. Сөйтіп, Абай өлеңдері қазақ даласында ауыз­дан-ауызға таралып кете барды. Оның өлеңдері қолдан-қолға көшіріп алынды. Ондай қолжазба көшірмеге ие болу әрбір сауатты қазақ үшін зор ғанибет болатын. Кейінірек Абайдың туындыларын оның ұлы Тұрағұл жинастыра бастады. Абай өлеңдерінің ең алғашқы жинағы 1909 жылы ақын Кәкітайдың арқасында Қазан қаласында басылып шықты. Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жинауға және бастырып шығаруға көп күш-жігер жұмсап, игі ықпал еткен ақын Көкбай Жаңатайұлы болды. Ол өлеңдер белгілі қоғам қайраткері, Алаш ардагері Әлихан Бөкей­ханның редакциясымен басылып шықты.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орын алады. Абай қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалады. Абай есімі дүние жүзі халықтары әдебие­тінде Шекспир, Пушкин, Гетелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақ­станда ұлы Абайдың есімі көптеген елді-мекендер мен көше­лерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қала­сындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде және басқа елдерде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығар­машы­лығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы дүниежүзілік ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті.

Президент мақаласында бұл мәселенің маңыздылығы нақты айтылған: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғам­ның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын. Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауға тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдасты­рылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конферен¬ция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселе­лері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады». Сонымен, Президент тарапынан Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты өткізілетін іс-шаралардың ауқымы анықталды. Ендігі міндет бүкіл қауым болып оның орындалуына белсене араласып, ұлықталуына үлес қосу болмақ.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

ҚР БҒМ ҒК Ш.Уәлиханов атындағы 

Тарих институтының директоры,

тарих ғылымының докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *