АБАЙ – ҚОҒАМНЫҢ АВТОПОРТРЕТІ ҒАНА ЕМЕС, ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Қазақстан Президентінің «Абай және ХХІ  ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы рухани өміріміздегі елеулі құбылыс болып отыр. Ол қазақтың елдігін, ұлт болып ұйысып, мемлекеттігімізді сақтау үшін тарихымызға бойлай енуге және ұлтты Абайша сүюге шақырады.

Ұлы ақын сөзі бүгінгі заманымыз үшін де ұлы мұратымыз болып отыр. Оның бойында ұлы адамзаттық құндылықтар мен жалпыхалықтық ізгілік жатыр.

Ұлы ойшылдың 175 жылдығын тойлаудың нақты шаралары Алматы қаласында өткен жылдары басталып кетті. Өз атымен аталатын даңғылда Абайдың үш тілде жазылған қара сөздеріне ескерткіш-белгілер бой көтерді. Біз бүгін сол ескерткіш-композицияның авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Сәкен Нарыновты әңгімеге шақырып отырмыз.

Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани алтын қазынасы

– Сәкен Нарынұлы, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Ол бүгінгі таңда рухани өміріміздегі елеулі құбылыс болып қабылдануда. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Кейінгі кезде елімізде руханиятқа айрықша көңіл бөліне бастады. Бұл – өте құптарлық саясат. Мемле­кет басшысының мақаласында «Ақын мұрасын ХХІ ғасырда қалай оқып, оны қандай деңгейде іске асыра аламыз және Абайдан алатын ғибратымыз не?» деген жалпыадамзаттық ортақ тақырып аясында жауап іздейді. Ол үшін алдымен, Абай еңбектеріне үңілу керек.

Абай – ойшыл, халқын мемлекетшіл санаға, әділеттік ұстанымдарға бастаған қайраткер. Қазақтың ел болуына Абайдың сіңірген еңбегін, тұлғалық болмысын дұрыс бағалауымыз керек. Оны Мемлекет басшысы дәл көре білген.

Абай мұрасы – ұлтымыздың рухани алтын қазы­насы, ол – тарихымыздың жарқын да қиын тұстардағы жазбаша жылнамасы. Ол ұлттық рухымызды жанатын керемет ұғым. Ол шынайы ел болуымыздың, ұлттылықты қалыптастырудың, тәуелсіз сананың қайнар бұлағы. Абай мұрасын Президентіміздің идеялары және ой-тұжырымдарымен ұштастыра, астастыра насихаттау, өмірге ендіру кең тыныс алуда. Абай – біздің бүгінгі рухани шамшырағымыз, жана­зығымыз. Біздің азамат болып қалыптасуымыз бен бақытты кемелдікке жету жолындағы бағдаршамымыз. Ол – қоғамның автопортреті ғана емес, қозғаушы күші.

– Қазір әлемдегі ең құнды дүние – ақпарат пен білім. Адамзат дамуының құрамдас бөлігі ретінде адамзаттың озық ойларына, озық тәжірибесіне балаларымыз да, өзіміз де қол жеткізетіндей жағдай тудырмай келгенімізді жасыра алмаспыз. Осы олқы­лықтың орнын толтыруды қолға алған көрінесіздер?..

– Озық ой алдыңғы қатарлы тәжірибемен, білім көздері және ағымдағы ақпарат арқылы келеді. Себебі, білім жүйесінің өзі оларға ілесіп үлгере алмай отыр. Демек, біз білім мен ақпарат алу жүйесіне көңіл бөлуге тиіспіз. Сондықтан еліміздің әр азаматының әлеуетін толыққанды ұлт игілігіне жарататындай ақпараттық жүйе құруымыз керек. Ал ақпарат дегеніміз – ішкі-сыртқы жарнамалық сипаты басым құндылықтар жүйесі, көрнекі құралдар жиынтығы.

Жоғары ұлттық сана ақылды, арлы, ғылым-білімге ынтық, сұлу мінезді маман болуға шақырады. Елшіл­дікті, мемлекетшілдікті, ізгілікті құнттап, адал қызмет етуді мұрат етеді. Ұлы ақын: «Тегінде, адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсе­лермен озбақ» десе, бәсекелік қабілетті де, адамшы­лыққа, биік санаға ие болуды да қозғап отырса керек.

Осы уақытқа дейін Абайды танып, оның өсиеттерін зердеге тоқи алдық па? Көрші Ресейде Пушкин шығар­­маларын ұлықтау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Ақынды дәріптейтін, насихаттық сипаттағы бірнеше институттар жұмыс істейді. Сондықтан Пушкин поэзиясын әлем жұртшылығы таниды. Ал бізде Абай шығармашылығына қызығушылық танытатындардың көбі аға буын өкілдері, ғалымдар ғана. Басқаларының белсенділігі төмен. Бүгінге дейін Абай қазақ поэзия­сының жарық жұлдызы деген жалаң­дау ұранмен жүрміз. Ұлы ақынның даныш­пандық деңгейіне тереңдеп барған жоқпыз.

Израиль ғылым-білім жағынан әлем елдерінің арасында алдыңғы орынға шығып отыр. Мұны ғылым­да «Үндеу философиясы» деп атайды. Оның мән-мағынасы – әрбір адам бойындағы интеллектуалдық потенциалын қоғамға шығаруға саяды екен. Сондай-ақ, өнер-білімге құштар жапон халқы: «Еуропа білімі, жапон рухы» деген бір ғана формула шеңберінде дамыған. Жапонның сырт елдерде білім алатын жастары өз елінің данышпандарының қанатты сөздерін жатқа оқудан сынақ тапсырып барып аттанатын болған. Біз Лев Гумилевтің пассионарий теориясына сүйенсек, кемеліне келіп, тасуға қабілетті жас мемле­кетпіз. Бізге де алдағы уақытта осы формуланы ұстан­сақ дұрыс болар еді. Түркі рухы мен мәдениетінің далалық шынайы ділі – қазақ жерінде жатыр. Сон­дықтан Ұлы Абай қазақ ақыл-ойының мызғымас қазығы іспетті. Біз өз бастамамызда Ұлы Абайдың өсиетін, аталы сөзін мұрат етіп алдық. Президентіміз өз мақаласында Абай мұрасының өскелең ұрпақ пен ел болашағы жастарға тигізетін пайдасы жайында ой өрбітіп, ұлы ақын шығармашылығының қай кезеңде де өзектілігін жоймай, замана жүгін көтеріп, Абай ұлағаты барша адамзат игілігі үшін рухани азық екенін де атап өткен болатын.

 

Абай даңғылының дизайн-коды жасалды

– Кітап басу технологиясы надандықты жеңген ұлы қару болса, сөз өнері – рухани-интеллектуалды көркем­дікке тәрбиелеуге шақырудың басы. Ұлы Абайдың қара сөздерін тасқа түсіру идеясы қайдан және кімнен туындады?

– Сөз – ешқашан құнын жоғалтпайтын қуат көзі. Ұлы ақын ұрпаққа ар ілімін аманат еткен данышпан тұлға. Оның әрбір сөзі ұлтты азып-тозудан сақтайтын имандылық жарығын молайтумен тең құбылыс.

Адамзаттың даму тарихында отырықшы мәдениет қатынас құралдарының жаңа сапалық өзгерістеріне сай келетін мәдени формаларды, қаланы, мәтінді, баспагерлікті орнықтыруға байланысты инновация­лық ортаны ойлап тапты. Біздің де мақсатымыз осыған саяды.

Қазаққа дәл бүгін әлсіз болуға болмайды. Қазір әлемде ұлттық мәдениеттердің қорғансыз қалған әлсіз буынын түбірінен жойып жіберуге дайын тұрған топтар бар. Дәл қазір интеллектуалды жойқын күрес жасырын жүріп жатыр. Сондықтан ой-санамызда ашық саңылау қалдырмауымыз керек.

Біз өз ойымызды Алматының ежелгі бас арығы саналған және оның бойында орналасқан ақын атын­дағы даңғылдан бастауымызда да өзіндік философия бар. Екіншіден, бұл даңғылда жаяу тұрғындардың қозғалысының көптігі мен бірнеше білім ордаларының орналасуы да ескерілді. Осыған сай Абай даңғылының дизайн-коды жасалды.

– Энциклопедист-ғалым, академик Вернадский: «Адамзаттың адами дүниетанымының тарихы мұқаба­дан басталады» депті.  Бастамаларыңызды неден бастадыңыздар?

– Қала азаматтардың еркін түрде, өз қалауымен бас біріктіретін жері. Қала – халық жиналатын жерден басталады демекші, оның айналасы кеңістікте болуы керек. Сондай-ақ, қала – мәдени ақпаратты сақтау­дың ең тиімді ордасы, ақпаратты тасымалдау­дың қолайландырылған ортасы. Осы орайда Абай даңғылы – стильдік мәдениеттанулық мәртебесіне лайықты даңғыл екенін де айтуымыз керек. Мұның өзі қазіргі урбанистика сынды ауқымды салаға жауап бере алады.

Біз осының бәрін ойластыра отырып, Абайдың идея­сын тарату мен насихаттаудың жазбаша түрін ақын атындағы көшеге орналастыруымыз керек болды. Онда Абай мен халықты қалай біріктіре аламыз, осыған аса мән бердік. Іргелі ісіміз тек қана гумани­тарлық емес, бизнеске де, басқа да қоғамдық ұйым­дарға болсын қызмет етуі керек болды.

Абайға данышпан ақын деп қарау аздық етеді. Абай – адамзат баласының ортақ қазынасы, одан бәрін табуға болады. Оның тағылымында ұлтымыз үшін керекті дүниелер көп.

Абай – қазақтың тірі сөзін, көркем келісті ойын асылдап ұстаған кемеңгер адам. Абай – ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды бұзбай, жаңа заман­дарға жетелеп апаратын, жол көрсетіп тұратын шамшырақ.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында тәлім-тәрбиесі мол шығармаларын қоғам болып, жас ұрпаққа насихаттау, түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілсе ғана бастаған ісіміз алға басады. Асыл сөзді Абайдан іздеген ұрпақтың саны артса, бүтін бір толқынның ұлтжанды болып өсеріне күмән жоқ.

– Сөз таңдауда тақырыптық, биографиялық, генеа­логиялық сұраныстар болды ма?

– Адамзаттың көпғасырлық  тарихы – сын сағаттарда рухани байлықтың шешуші рөл атқара­тындығын талай мәрте дәлелдеген. Мәдениеті, интел­лектуалдық әлеуеті күшті иманжүзді адам мен ибалы қоғам ғана кез-келген қиыншылықты жеңуге қабілетті. Ұлы Абайдың175 жылдығын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында тойлау мәселесі пысықталуда. Осындай жоспарлы міндеттер жүктелгеннен кейін ұлы хакім Абайдың мерейін асқақтату арқылы қазақ дүниетанымы мен философиясына терең бойлауға, ұлттық құндылықтарымыздың кеңінен насихатта­луына басымдық берілуі тиіс.

Әсіресе, бүгінгі ақпараттық технологиялар ағыны үстемдік құрып, виртуальды әлемде өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың санасына Абай шығармашылығы арқылы серпін беріп, ұлттық таным-түсініктің жастар­дың бойында көрініс алуы үшін ақын шығармала­рындағы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен насихат­талуы тиіс. Абай шығармасының саябағында өсу,  тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі. Оның шығарма­шы­лығы арқылы жас ұрпақтың көкірек көзін ашып, Абайды әлемге таныту, оны адамзаттың Абайына айналдыру міндетін жүктеу керек.

Бір ғасырдан астам уақыт бойы халқымыздың санасына данышпандық дүниетанымымен терең бойлап, өшпес із қалдырған Абай шындықтары, әлі де талай жылдар бойы, халқын ақиқат жолына бастап, оларға рухани азық болып қала берері сөзсіз. Абай өсиеттерін бойына терең сіңірген жандар неғұрлым көп болса, халқымыз да соғұрлым парасат биігіне жоғарылай бермек.

 

Абай – халықтың,  ұлыстың  имиджі

– Ұлы данышпанның қандай қара сөздеріне, өсиет­теріне басымдық берілді?

– Жемқорлық, сыбайластық бүгінде мемлекеттің дамуын тежейтін,іштен шалатын қауіпті күшке айна­лып бара жатыр. Абайдың «мыңмен жалғыз алыстым» деуі жәйдан-жәй айтылмаса керек, біз әлі де болса алдап-арбап, қулықпен, ұрлықпен мал табу психоло­гиясына жақынбыз, одан таза арыла алмай келе жатырмыз.

Әділет жолы, әділет үшін күрес қанша ауыр, оның дәмі, әсері қанша ащы болса да жұрт жарасын емдейтін дәрі – сол әділет! Қазақта «инемен құдық қазғандай» деген ауыр сөз бар, осыдан да қиын нәрсе – әділет үшін күресу. Міне, билік тұтқасын ұстап отырғандар бойында Абай айтқан әділет керек!

Абай – мемлекеттік деңгейде қоғамның барлық құрылымы мен салаларында болуы керек. Абай біздің идеологиямыз болуы керек. Мысалы, Конфуций Қытайдың басты идеологиясына айналған, жалпыха­лықтық сипат алған тұлға. Пушкин де орыстардың мәде­ниетіне, қоғамдық өміріне ендеп бойлап кеткен құбылыс. Орыстың зиялылары Пушкинсіз сөз сөйле­мейді. Біз осы Абайдың айтқанын, жазғанын бүкіл қоғамға қатысты етіп, жаңа санамен, тәуелсіздік идеясымен байланыстырып, ары қарай рухани айналымға халықтық қолданысқа енгізсек, ойға алған мақсатымыз орындалар еді.

Абай халықтың, ұлыстың имиджі. Бір жақсысы, еліміздің барлық қалаларында Абай даңғылдары, көшелері бар. Абай атындағы даңғылдар мен көшелер бойында дана ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер жазылып, көрнекі құралға айналса, қанеки! Ақынның жалынды сөздері әр адамның санасына тереңірек сіңер еді. Мақсат – Абайды танып қана қой­май, ол қалдырған адами құндылықтарды күнделікті тіршілікте басшылыққа ала білу болар еді.

Абайдың дүниетанымы мен ой орамдары бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуы үшін ағартушылық жұмыста­рына басымдық берілуі ауадай қажет. Адам баласын еңбек етуге, адамгершілік қасиеттерге баулуға, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты ізгі қасиеттерді өмірлік маңызы бар шешім қабылдар алдында орынды қолдана білуге тәрбиелеп, ойдың адамы, толық адам болу үшін неден жиреніп, неге құштар  болуы керектігін де тайға таңба басқандай анық көрсетіп кетті. «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген тұжырымның астары білімнің маңызын айқындайды. Оның ішінде  тәрбиесіз алынған білімнің емес, адами қадыр-қасиеттің бойға сіңіп барып, алынған білімнің маңызын меңзейді.

Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жас­ты адамгершіліктің нәрін, ізгі қасиеттерге баулу керектігін де айқындап кеткен. Ұлы ақынның әрбір айтқан сөзі – есті адам үшін өсиет-өнегенің таптырмас құралы.

Ұлт ақынының өлеңдері мен ғақлия сөздері – адамгершілік болмысының ұлы мұраты, адамның бақыты. Демек, қазақ халқының ұлттық тәрбиелеу жүйесін кеңінен насихаттау керектігі күмән тудыр­маса керек. Біз өз тарапымыздан Абай даңғылының бойына тастан ескерткіш қойып, оларға ұлы ақынның қара сөздерін тасқа  қашап жаздырдық.

Тас белгі табиғаттың өз сыйы. Тұрпаты Күлтегін ескерткішіне келеді. Олардың биіктігі – әр түрлі. Ең ұзынының биіктігі – 2,5 метр. Үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған ескерткіш белгі қазірдің өзінде келушілерді қызықтырып отыр.

– Осы уақытқа дейін ақынның қара сөздеріне қанша тас белгі қойылды?

– Республика сарайынан – Неке сарайына дейінгі аралықты қамтыған жерлерге Ұлы Абайдың қара сөздері жазылған 10 тас белгі қойылды. Егер ұлағатты сөздердің санының 45 екенін ескерсек, оны одан әрі Бауыржан Момышұлы көшесіне дейін жалғастыруға болады деп ойлаймын. Біз оған дайынбыз. Сондықтан қала әкімшілігінен ұсыныс күтеміз.

Бұл бастама алдағы уақытта жалғасын табатынына сенеміз. Мемлекет  тарапынан да түрлі іс-шаралар қолға алынып отырғаны қуантады.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай Құнанбайұлының шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылады. Мұнан бөлек, Ресей Федера­циясында қолданыс аясы кең 10 тілге Абайдың қара сөздері мен өлеңдері атақты жазушылар мен аудармашылардың қатысуымен ыждағатпен аудары­лып, Ресей баспаларында басып шығару жоспарланған. Қазақстанның шет елдегі елшіліктері М.Әуезовтің «Абай жолы» романын араб, түрік, грек, армян, моңғол, вьетнам тілдеріне аударуға атсалысуға дайын көрінеді. Кембридж университетінің баспасында Британдық кеңеспен бірлесіп, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері кіретін жинақты ағылшын және қазақ тілдерінде басып шығару жоспарда тұрған көрінеді. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен және Ұлттық аударма бюросыман бірлесіп, шет тілдерде жарық көрген Абай шығармаларының тұсаукесерін Герма­ния, Бельгия, Люксембург, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халықаралық кітап көрмелерінде өткізбек көрінеді. Бұл – қазақ халқының руханиат әлеміндегі үлкен жеңісі болмақ. Алда Абай мұрасын барша адамзат баласына насихаттау жолында жұмыс атқаратын боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *