«АБАЙ ЕСКЕРТКІШІН БАСҚА ҚЫРЫНАН ЖАСАР ЕДІМ…»

82Әйгілі Абай ескерткішінің авторы, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші, профессор Хакімжан НАУРЫЗ­БАЕВТЫҢ соңғы сұхбаты

 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Аққан жұлдыздай зымыраған уақыт талай дүниені естен шығарып, ұмыттырып та үлгеріп жатады. Зулап барамыз, зымырап барамыз, дамып келеміз, жетіліп келеміз. Кейде, тіпті, бір мезгіл соңымызға қарауға да мұршамыз болмай жататыны рас. Өкініштісі сол, өстіп жүріп кейбір жасалуы тиіс, өзіміздің абзал борышымыз болып табылатын іс-шараларды да назардан тыс қалдырып аламыз. Осындай «әттеген-ай»-дың бірі қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық суретшісі, профессор Хакімжан Наурызбаевқа қатысты болып тұр.

Жер тарихын, ел тарихын қайта тірілту үшін, қазақ санасының үнемі ояу болып, сергек жүруі үшін бар ғұмырын арнаған, Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы болып тарихта қалған атақты мүсіншінің туғанына 90 жыл толу мерейтойы да жалпы жұртшылық арасында биік деңгейде аталып өте қоймап еді… 

Сол мерейтойының қарсаңында Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов қалаға Хакімжан Наурызбаевтың ескерткішін қоюға келісім беріп, тиісті құжаттық шаруалары әзірленіп жатқан тұста Астанаға қызмет ауыстырып кетті де, бұл іс аяқсыз қалған болатын. Ізінен қалмай, соңына түсіп жүгіріп жүретін белгілі бір жанашыр ағайыны болмаған соң, соңында қалған ұрпақтың парызы болып табылатын бұл шаруаға еліміздің белгілі тұлғалары араласа бастады. Солардың басында жүрген КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімұлы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке арнайы хат та жазды.  Қалабасы бұл хатқа жылы ілтипатын да білдірді. Хакімжан ағаның ізбасар шәкірті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашев жасаған Хакімжан Наурызбаевтың ескерткіші дайын күйінде тұғырын күтіп тұр. 

Хакімжан аға Абайдың ескерткішін ғана жасап қойған жоқ, «Ғалымдар үйінің» алдындағы Шоқан­ның, Опера және балет театрының жа­нындағы Жамбылдың, тағы да басқа Алматыда тұрған көптеген ескерткіш мүсіндер мен бюс­тердің авторы. Қолынан шыққан туындылары бүкіл Қазақстан бойынша да жеткілікті қойылған тұңғыш мүсіншіміз. Хакімжан аға оқу орнын тәмамдап жатқан кездің өзінде, диплом жұмысы ретінде жыр алыбы  Жамбыл бабамыздың мүсінін жасаған болатын. Ол жұмысы бүгінде қаламыздағы Орталық музейде тұр.   

Алматының 1000 жылдығы қарсаңында қала әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, шаһарымызға тас тұғырлары айбар беріп тұрған тарихи тұлғаларымызды қайта тірілт­кен кәсіби мүсін өнерінің хас шебері Хакімжан Наурыз­баевтың өз мүсінімен де қауышар күн жақын деген сенім бар. Осыған орай, атақты кәсіби мүсіншімен өмірінің соңғы сәттерінде жүргізілген  сұхбатымыздың кеңейтілген түрін мұрағат материалдарын пайдалана отырып жарияла­ғанды жөн көрдік.  

– Хакімжан аға, Алматыдағы Респуб­лика сарайының алдында тұрған Абай ескерткішін жасаған өзіңізсіз ғой, жоқтан бар жаса­ғандай болған жоқсыз ба? Бұл орайда Мұхтар Әуезовтің көмегі тиген болар?

– 1954 жылы Абайдың қайтыс болға­нына 50 жыл толуына бай­ланысты оның ескерткішін жа­сауға конкурс жарияла­ныпты, мен ол кезде Өскемен жақта жүр едім, достарым, замандастарым жеделхат салып жіберіпті. Тел­жанов, Мәмбеев, Кенбаевтарға осы күнге дейін ризамын. Ол кез достыққа деген адалдықтың бар кезі ғой. Егер олар жеделхат салып, мені шақырмаған болса, мен Абай ескерткішін жасамаған да болар едім.

83Абай ескерткішін, әуелі, Екін­ші Алматы теміржол бекетінің алдына қоятын болып шешкен екен. Сол жердегі ескерткіш тұруы тиіс орынға үлкен тас қойып та қойған болатын. Бұның алдында мен Опера және балет театрына ескерткіш керек болып, Абайдың бюстін жасаған болатынмын. Ендігі байқаудың орны тіпті бөлек.

Менің шеберханам да жоқ еді, алдымен сол жағын дайындау керек болды. Іздеп жүріп, Ауыл шаруашылығы институтының ғимаратынан титтей бір қуыс таптым, сол жерде жұмыс жаса­дым. Абай ескерткіші сол жерде дүниеге келді.

– Әуезовтің көмегі болды ма деп едім, аға…

– Асықпа, өзім де соған келе жатыр­мын. Маған жұрт айтты, «Әуезовті тауып ал» деді. Мен ол кезде осы Әуезов музей-үйіне жақын маңда, көрші тұратынмын. Бірақ, ол кісіні танымайтынмын. Ескерт­кішті жасауға кірісіп кет­тім. Мұхаң буль­док итімен үйінің қасында қыдырып жүреді.

Таңертең ерте мен келемін, Әуезов менімен еріп ескерткішті көруге барады. Институттағы бір қараңғылау жер еді жұмыс жасап жатқан орным, көріп-көріп, «жақ­­сы ғой» деп кетеді, басқа сөзі жоқ.

Бір күні жасаған жұмысымды сыртқа шығардық. Мұхаң көріп қатты кейіді. «Мен сені адам деп жүрсем, иттің баласы! Осындай да бола ма екен, мұнда Абай жоқ» деп, жер-жебіріме жетті. Айтпаған сөзі қалмады, қатты ұрысты. Ол кісі өзі ренжісе де қатты, бар көңілімен құлазитын, қуанса да, бала сияқты шын көңілімен ақтарыла қуанатын. Мен бір жұма жылап жаттым.

Енді не істеймін? Қатты ой­лануға тура келді. Шынымды айт­сам, қатты ашуым келді. Ашу­ланып, жасаған ескерт­кішімді аямай балтамен шабамын келіп. Сөйтіп жүріп бітірдім ескерткішті. Кейіннен Әуезов көріп риза болды. «Алдындағы Абайға жаса­ған карикатура сияқты еді, мы­науың тамаша болды» деп, қуа­нып, бәрімізді үйіне шәйға алып барды.

– Абай ескерткіші басында жоспар­ланған Екінші Алматы бекетінің алдына неге қойыл­мады?

– Темір жол бекеті үнемі адам аяғы үзілмейтін жер ғой, бірақ, байқап қарап отырсам, бәрі асығыс. Біреу келіп жатыр, аялда­майды, кетіп қалуға асығады. Біреулер пойыздан кешігіп қал­мауға асығып кетіп бара жатады. Шынын айтқанда, ескерт­кішке мән бере қарап, демалып жүретін орын емес. Оның үстіне, Абайдың образына бұл жер мүлде келмейді екен. Абай ақын ғой, оған өзінің тау-тасы, жайлауы, даласының айналасында, табиғат аясында тұрған жарасады, көркі ашылады. Мен осы ойымды айтып едім, «Онда өзің байқап көр, қай жер лайық екенін өзің айт» деді. Сонымен, таңдап-таңдап, қазіргі тұрған орнын лайық деп таптым. Ол кезде Респуб­лика сарайы жоқ еді ғой, арты ашық бола­тын. Абайдың даласына келеді. Абай­дың аясына осы жер сиятындай көрінді.

– Абай ескерткішінің дүниеге келуіне Нұртас Оңда­сынов көп еңбек сіңірді деуші еді…

– Ол рас. Менің мен болуым­ның өзі Нұртас Оңда­сыновтың арқасы. Ол кісі менің екінші әкемдей болып кетті. Республика басшылығында жүріп, ел-елдегі талантты жастарды іздеп таба білуі үлкен ерлік еді. Өз бетінше сонау Қостанай жерінде ескерт­кіш-мүсіндер жасап жүріп жат­қан 17 жастағы мені іздеп тауып алып, оқуға шақыруы – оның бәрі ұзақ әңгіме. Оны асықпай тағы бірде айтармыз. Мен үйленер кезде батасын алайын деп, Оңда­сыновтың алдынан өтуімнің өзі тегіннен-тегін емес еді. Ол кісі шын әкемдей болып кеткен болатын. Талантты жастардың бәріне солай – шын жанашыр­лықпен қарайтын. Өнер адам­дарын үнемі қолдап-қорғап жүруші еді. Қазіргі басшыларға бұл үлкен ой салса керек.

– Сіз сияқты айтулы азамат­тың алыстағы ауылдан қалай шыққаны бәрібір қызық сияқты. Соны басынан бастап айтып берсеңіз қайтеді?

– Айтайын. Мектепте оқып жүрген кезімде дүкендерге бармаймын ба. Барсам, дүкенде нешетүрлі мүсіндер, ескерткіш, бюст дегендер тұрады. Жаңағы­ларды қызығып ұстап көремін. Кейбірінің іштері қуыс болады. Сипап көрсем, ішінде саусақ­тардың ізі барын байқаймын. «Е, мыналарды қолдан жасайды екен ғой» деп ойлаймын. Балалық қызығушылықпен, өзімнің де жасап көргім келді. Алдымен, ішін қалай қуыс етіп жасауға болаты­нын ойластырдым. Адам­нан қулық артылмаған ғой, кішкентай қап тіктім де, аузын буып, ішіне құм тол­тырып қоя­мын. Сыртына саз балшықтан жапсырып мүсін жасаған бола­мын. Жасап болған соң, әлгі қапшығымның аузын шешіп келіп жіберемін, құм сау етіп түсіп кетеді. Іші қуыс болып шыға келеді. Бірақ, саз балшығым жарылып, көңілдегідей болмай жүрді. Аттың, сиырдың қиын қосып та жасап көремін, әлгінің бет-аузы қыл-қыбыр сияқты бірдеңелерге толып кетеді. Сөйтіп жүргенімде, бір күні ауылдағы салық жинайтын кісі жасап жүргендерімді көріп қалып: «Ой, мұның не, бұл болмайды. Боров­скойда осындай жасайтын жақсы топырақ бар, гүл өсіретін ыдыстар жасайды. Әкеңе айтып, содан алдыр» деді. Содан, арбаға қос ат жегіп, әкем барып, жақсы топырақ әкеліп берді.

Мектептегі олимпиадаларға қатысып, мақтау қағаз­дарын, сыйлықтар алып жүрдім. Жаса­ған мүсін­дерімнің қайда кететінін білмеймін, онда шаруам да жоқ. Мектеп бітірген соң, ауылда жұ­мыс істеп жүргем. Соғыс бастал­ған кез еді. Ауылға Жалалид­динов деген аудандық атқару комитетінің төрағасы келіп, мені кеңсеге шақыртып алды. Ұста болып істейтінмін, үсті-басым май-май, басымда құлағы салпи­ған құлақшын, ала тоным бар, кіріп бардым. Біраз әңгімелестік. Риза болып кетіп қалған. Арты­нан, бір жігіттері әскерге кетіп қалып, бір орын босап қалған екен, аудандық атқару комите­тінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болуға шақыртып алды мені. Сөйтсем, баяғы мен жасаған ескерткіш-мүсіндер осы жақта, аудандық комсомол, партия комитет­теріндегі кабинеттерде тұр. Өзім таңқалдым.

Нұртас Оңдасынов ол кезде Совнаркомның төрағасы болатын. Менің жасаған жұмыстарымды көріп, іздестіріп, тауып алды. 1942 жыл болатын. «Оқуға барасың ба?» деген. Мұндай өнердің оқуы бар екен-ау деген ой ойыма кіріп-шыққан емес. Оның қажеті не деймін. Ол кісі күлді, оқу керек екенін айтып, кетіп қалған-тұғын.

1943 жылдың мамыр айында ауыл-ауылға заем таратып жүріп, үйге келе жатсам, алдымнан ауылдың балалары «сүйіншілеп» жүгіріп шықты. «Сені облыстан адамдар келіп, Алматыға алып кетейін деп жатыр» дейді. Үйге келсем, киімдерімді – бәрін жолға жинап, әзірлеп қойыпты. Ауданға барсам, жұмыстан шығарып, жолыма ақша дайындап қойып­ты. Сонымен, Ұзынкөл ауданы­мыз­дан шығып (ол кезде Меңді­қара ауданы еді ауылым), Қоста­найға келдік. Әбден киіндірді. Қонақүй дегенді бірінші көруім, люкске жайғастырды. 17-18-дердегі бала емеспін бе, әжет­хананы іздеп, қонақүйдің айна­ласын шыр айналыппын. Іште болатынын қайдан білейін…

Облыстық атқару комитетінің төрағасы ол кезде Даниял Ке­рім­баев болатын. Кабинетіне барсам, менің біраз жұмысым сол жерде тұр. Жамбылдың бюстін қолына алып, «Мынаны сатып алсақ, қаншаға сатасың?» дейді. «Сатып неғылайын, керек болса, тағы жасап беремін» деп қоямын. «Мы­на жұмысыңа 10 мың берейік» дейді. Мен біртүрлі ренжіп қалдым. Кете бастасам, ұстап қалды. Күледі бәрі…

Менің қасымда Шотаев та бар, екеуміз Алматыға аттандық. Оның құжаттары дұрыс болмай қалып, Түлкібасқа келгенде, тексерушілер оны кері қайтарып жіберді. Мен Алматыға келіп, 12-мектептің интер­натына жайғас­тым. Далада өскен қазақпын ғой, ештеңе көрген емеспін. Мына жерде өзен, арық, су, тау бар. Көк­пеңбек айналаның бәрі, рахат!..

Соғыс кезінде Мәскеу, Ле­нинградтағы белгілі, атақты мүсіншілер, суретшілердің бәрі Алматыға көшіп келген еді ғой. Ольга Николаевна Кудрявцева мені өтініп сұрап алды тәрбиесіне алуға. Оның ұстазы Эльенора Абрамова Блок болатын, ал ол Роденнің шәкірті еді. Міне, ай­налып келгенде, талантты мүсін­ші, менің шәкіртім – Тілеуберді Бинашевтің қайдан шыққанын біле бер…

– Аға, қазірде Абай ескерт­кіштері көп қой, сіз оларға қандай баға берген болар едіңіз?

– Абайдың Қарауылдағы ескерткішін де гранит тастан мен жасаған болатынмын. Ал, қалған ескерткіштерді арнайы барып, аралап көрген емеспін. Жұрттан естимін. Оларға не деуге болады, Абайды әркім өзінше елестететін шығар. Оның бәрінің бағасын халық бере жатады ғой.

– Сіз жас болған болсаңыз, Абай ескерткішін енді қалай жасаған болар едіңіз?

– Енді жас болу қайда! Жасым 80-ге келіп жатыр, күзде мерейтойымды атап өтпекпіз… Дегенмен, Абай ескерткішін енді жасайтын болсам, мүлде басқа қырынан жасар едім.

– Рахмет, аға!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *