«АҚТӨБЕДЕ» – АЛТЫН, «ҚАЙРАТТА» – ҚОЛА

«Қайраттықтар» қала әкiмiне берген уәдесiнде тұрды

Айнабай МӘДИ

Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биылғы маусымның үздiгi – «Ақтөбе». «Астана» мен «Қайрат» екiншi және үшiншi орындарды бөлiстi.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыны» қабылдап, ел бiрiншiлiгiндегi бiрiншi орынды иелендi. Алаң иелерi осы кездесуде тең түссе де, жеңiмпаз бола алатын. Қарсыластарының мүмкiндiгiнiң молдығына пысқырып қарамаған Никитенко шәкiрттерi «мақсатқа жетпей қоймаймыз» дегендей, ойынның 31-минутында есеп ашты. «Ордабасыны» алға тартқан Роман Пахолюк.

Матч аяқталуына төрт минут қалғанда Юрий Логвиненко есептi теңестiргенiмен, араға бiр минутты жылжытып, шымкенттiктер сапынан Евгений Левин гол соқты. «Ордабасының» жiгiттерi одыраңдап, өздерiне тым сенiмдi көрiндi. Төрешi тағайындаған қосымша уақытта Абат Әлiмбетов есептi теңестiрiп үлгердi. Сөйтiп, «Ақтөбе» қажеттi бiр ұпайға қол жеткiзiп, ел бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы атанды.

Қарағандыда өткен «Шахтер» мен «Астана» кездесуiнде «Астана» жеңiске жеттi. Сөйткен астаналықтар «Ордабасының» жеңуiне тiлекшi болған-ды. Бiрақ, ойын олар ойлағандай болмады. 13-минутта алаң иесi Вадим Боровский қақпаға допты дөп бағыттап, есеп ашты. Арада екi минут өтер-өтпестен Сисеру Казимиро таразы басын теңестiрiп кеттi. Бiрiншi таймда таблодағы есеп өзгермей, екiншi тайм басталысымен Таңат Нөсербаев «Астананы» алға жетеледi. Ойынның 62-минутында Нөсербаевтың берген добы Патрик Твумасидiң аяғынан табылып, есеп еселендi. Сонымен, «Астана» биылғы маусымның күмiс жүлдесiне қол жеткiздi.

Павлодарда ойнаған «Ертiс» пен «Қайрат» кездесуiнде алматылықтардың мерейi үстем болды. Есеп – 3:2. «Қайрат» қола жүлдегер атанды. Алматылық «Қайрат» командасы үштiктi түйiндедi. Алматы әкiмдiгiнiң «Қайрат» командасына жан-жақты қолдау бiлдiрiп келе жатқанын барша жұрт бiледi. Команда ойыншылары қала әкiмi Ахметжан Смағұлұлы Есiмов мырзаның өзiне биылғы ел бiрiншiлiгiнде үшiншi орынға көтерiлуге уәде еткен болатын. Жiгiттер сөзiнде тұрды. Жарайсыңдар, «қайраттықтар!»

«Ақжайық» командасы келер жылы бiрiншi лигада ойнайтын болды. Премьер-лигадағы бұл команданың орнын Сыр бойының сұңғыласы – «Қайсар» басады. «Восток» пен «Семей» жоғары топқа берiлер бiр жолдама үшiн бақ сынасады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *