АҚИҚАТТЫҢ АЛДАСПАНЫ АҚТЫҚ САПАРҒА АТТАНДЫ

Бұрнағы күні Алматы жұртшылығы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың аяулы ұлы Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салды.

Мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған қаралы митингіні Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдəулет ашып, ақиқаттың алдаспаны болған көрнекті қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан қомақты үлесіне, әсіресе,Тəуелсіздік жылдарындағы ерен еңбегіне қысқаша тоқталды. Шерхан Мұртазаның «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу болайық» деген қанатты сөзінің қағидаға айналғанын айтты.

Мұнан соң сөз алған Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шерхан

Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тəрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бəйтерегі еді. Қашанда əділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты» деп басталатын қайраткер  қаламгердің қазасына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын оқып берді. Министр Шерхан Мұртазаның отбасы мен жақын туыстарына өз тарапынан көңіл айтты.

Сондай-ақ қоштасу барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Мəжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жəне Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың көңіл айту хаттары оқылды.

Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбек, Шерхан Мұртаза туған Жамбыл облысының əкімі Асқар Мырзахметов, Мəжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов, ақын Нұрлан Оразалин, сондай-ақ Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, академик, марқұм Мұртазаның туысы Оразәлі Сәбденов сөз сөйлеп, марқұмның ұлт руханияты жолындағы қажырлы істерін, адами қасиеттерін әңгімеледі.

Ақиқаттың алдаспаны атанған қайраткермен қоштасуға әдебиет сүйетін оқырманмен қатар, министрлер, әкімдер, депутаттар, ел азаматтары, журналистер мен ақын-жазушылар барынша көп жиналды.

Көрнекті қаламгердің денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *