730 ТҰРҒЫН ҮЙ ГАЗ ҚҰБЫРЫНА ҚОСЫЛДЫ

Әкiмдердiң де есеп берер кезеңi келдi. Өткен жылы қандай жұмыстар атқарып, қандай шаруаларды тындыра алдық? Биылғы жылы қандай iс-шаралар жоспарланып отыр? Бұл сауал Алматы аудандарының арасында Алатау ауданына көбiрек тән десек болғандай. Өйткенi, Алатауда барлық шаруашылық қайтадан жанданып, жаңадан қолға алынып жатқаны белгiлi.
Алатау ауданы әкiмiнiң аудан тұрғындары алдындағы есептi жиналысы қарсаңында бiз аудан әкiмiнiң коммуналдық шаруашылық, көрiктендiру және құрылыс саласы бойынша жауапты орынбасары Жаңабай КӨЛБАЕВПЕН әңгiмелескен едiк.
– Жаңабай Романұлы, өткен жылы аудан тұрғындарына 2011 жылы көгiлдiр отын жағасыздар, жол жөнделедi, көшелер көрiктендiрiледi деген уәделер айтылған болатын. Осы уәде есептi кезең аралығында қаншалықты жүзеге асырылды?
– Аудан әкiмдiгi аудан тұрғындары алдында берген уәдесiн өткен 2011 жылы толықтай орындады және орындау үстiнде. Есептi кезең аралығында Алатау ауданы бойынша қыруар шаруа жүзеге асырылды. Шаруашылықтың қыр-сырын түсiне бiлмейтiн кейбiр тұрғындар бiр күнде көгiлдiр отын тұтынып, бiр-ақ күнде бар шаруаны шешiп тастағылары келедi. Бiрақ, iс барысында әрбiр шаруаны атқарудың өз жоба-жоспары бар емес пе? Бұл ретке келсек, аудандағы жүзеге асырылуға тиiстi жұмыстар өз ретi, белгiленген, жобаланған, жоспарланған мерзiмдерiнен кешiктiрiлмей жүзеге асырылып жатыр.
Аудан бойынша 2011 жылы 432 миллион теңгеге «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Өжет», «Қарасу», «Әйгерiм», «АЗТМ-Алғабас» ықшамаудандарында жалпы ұзындығы 19,1 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылды. Осы нәтижелi жүргiзiлген жұмыстардың арқасында қазiр 730 тұрғын үй иелерi өз қаражаттарының есебiнен газ құбырларына қосылып, өздерi көп жылдардан берi армандап келген көгiлдiр отын тұтыну мүмкiндiгiне ие болды. Сондай-ақ, қалалық Құрылыс басқармасы арқылы 620 млн. 174 мың теңгеге жаңадан электр жүйелерi жүргiзiлiп, қалалық бюджет есебiнен жалпы құны 456 миллион 71 мың теңгенi құрайтын ауыз су құбыры мен орталық кәрiз жүйесiнiң құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл шаруа «Өжет», «Дархан», «Шаңырақ-5», «Көкқайнар» ықшамаудандарын қамтыды. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
– Көшелердi жөндеу, жарықтандыру, жол салу, ауданды қала сәнiне сай көрiктендiру iсi де тұрғындар көбiрек айтатын мәселелердiң бiрi ғой.Өткен жылы жасалған көшелердiң жөндеу жұмысына айтылған сын да аз болған жоқ.
– Сын дегенде, кейбiр жол жөндеу мекемелерiнiң атына айтылған сын-ескертпелер болғаны рас, дегенмен бiз оны дер кезiнде қолға алып, келiсiм-шарт бойынша аудандағы көшелердi жөндеу мен жол салу жұмыстарын жүргiзудi жауапкершiлiгiне алған мекеме басшыларына ескертiп, сапалы жұмыс iстеудi талап ете бiлдiк.
Сыннан қорытынды шығарылғанына былтырғы жасалған 31 көшенiң көркiнен аңғаруға болады. 28,3 шақырымды құрайтын жол жөндеумен қатар, 2011 жылы 20,33 шақырым жаңа жол салынды. Сондай-ақ, ауданда 9,4 мың шаршы метр көше шұңқырларына жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Өздерiңiз байқаған боларсыздар, қазiргi күнi Момышұлы көшесi мен Райымбек даңғылының қиылысында жолайрығын салу жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде. Рысқұлов даңғылы арқылы жолаушылардың қарсы беттегi көшелерге өтуi өте қиынға түсетiн. Өткен жылғы есептi жиында тұрғындар тарапынан Рысқұлов даңғылында жаяу жүргiншiлерге арналған аспалы көпiр, яғни, жол салынса деген өтiнiш айтқан едi. Тұрғындардың бұл өтiнiшi де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы құны 225 млн. 989 мың теңгенi құрайтын жаяу жүргiншiлерге арналған жол Рысқұлов даңғылы мен Ахременко көшесiнiң және Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшелерiнiң қиылысынан салынды. Сонымен қатар, 2011 жылы «Дархан» ықшамауданында аудандық Iшкi iстер басқармасының ғимараты, «Трудовик» ықшамауданында «Халықтық спорт кешенi», Мемлекеттiк бағдарлама аясында «Ақкент» ықшамауданында 27 пәтерлi 1 үй, «Ақбұлақ» ықшамауданында 936 пәтерлi 24 үй, «Алғабас» ықшамауданында 60 пәтерлi 2 үй және басқа да бiрқатар аудан тынысына қажеттi деген маңызды нысандар пайдалануға берiлдi. Ал биыл «Қарасу» ықшамауданынан 320 орынды балабақша, «Ұлжанда» — емхана салу жұмыстары қолға алынса, «Алғабас», «Ақбұлақ», «Шаңырақ-5», «Қарасу» ықшамаудандарынан 1200 орынды мектеп салу жоспарлануда.
– Жаңабай Романұлы, ауылдың да ауланың да сәнi жасыл желек екендiгi белгiлi. Қазiр Алатауға келген жұрттың көзi ең алдымен көшелерiңiздегi жайқалып өскен гүлдер мен ендi-ендi көтерiлiп келе жатқан жас шыбықтарға көзi түсерi анық десек, аудандағы көрiктендiру мен көгалдандыру iсiнiң барысы қалай?
– Алатау тұрғындарының көбi, бұл аймаққа жасылжелек көп өсе бермейдi деп келген ғой. Бiрақ, егiп, күте бiлсеңiз, бабын тапсаңыз, тастың өзегiн де жарып гүл өседi. Бүгiнде Алатау ауданы да қаладағы аудандардан кем қалып жатқан жайы жоқ. Өткен жылы 81 млн. 840 мың теңгеге гүлзарлар орналастырылғаны соның дәлелi болса керек. 2389 ағаш көшеттерi отырғызылды. Ұзындығы 3438 шақырым көшеге 1250 жарық нүктесi орнатылды. – Дегенмен, шам жарығы түспей жатқан көшелер әлi де бар-ау…
– Көшелердi электр жарығымен қамтамасыз ету жұмысы биылғы жылы да жалғасатын болады. Бұл шаруаларға түсiнiстiкпен қараған жөн шығар. Сонау 90-жылдардан берi шешiлмей келген қыруар шаруаның барлығын 3 жылда атқарып тастау мүмкiн де емес. Көп мәселе қаражатқа келiп тiреледi десек, одан кейiн әр iстiң атқарылатын өз ретi бар.
– Алатау ауданында заңсыз жер басып алушылық пен құрылыс жүргiзу тоқтатылды дегендi естiп жүрмiз. Ал осыған дейiн заңсыз жер басып алғандардың мәселесi толық шешiлiп бiттi ме?
– Аудан құрылған күннен бастап күн тәртiбiнен түспей келе жатқан бiр мәселе болса, ол осы өз бетiмен басып алынған жер телiмдерiн заңдастыру болып табылады. Қазiргi күнге дейiн 3934 жер телiмi заңдастырылып бiттi. Ал, қалған 1297 жер телiмдерi бойынша қазiр тиiстi iсшаралар қолға алынып жатыр. Бұл жер телiмдерiн ҚР Үкiметiнiң өткен жылдың 30-желтоқсанындағы №1672 қаулысына сәйкес, 2012 жылдың алғашқы тоқсанында толығымен заңдастыру жоспарланып отыр.
– Ал ендi газ қорғау, жоғары кернеулi электр желiлерiн қорғау аумағында, қызыл сызықта отыр деген тұрғындардың мәселесi қалай шешiлетiн болады?
– Аталмыш жерлерде орналасқан тұрғындарға арналып «Қол жетiмдi тұрғын үй бағдарламасы» бойынша «Қарасу» ықшамауданында тұрғын үйлер салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталысымен ол тұрғын үйлер жоғарыда аталған қорғау аймақтарындағы тұрғындарға ұсынылатын болады. Ауданда бұдан басқа да бейiттердiң маңында орналасқан – 165, су қорғау аумағында – 611, жеке немесе заңды тұлғалардың жерлерiмен қабаттас орналасқан 60 жер телiмдерi заңдастыруды қажет етiп тұр. Бұл жерлердi де заңдастыру мүмкiндiктерi жан-жақты қарастырылуда.
Жер телiмдерi заңдаспаған тұрғындарға айтарым, алдын-ала байбалам салудың қажетi жоқ, әрбiр жер телiмi заңды жолмен тиiстi заң шеңберiнде шешiлетiн болады.
– Дәйiм солай болсын. Әңгiмеңiзге рахмет! Биылғы жыл да Алатау ауданы үшiн табысты жыл болып, жаңа жобажоспарларыңыз толық шешiмiн тауып, жүзеге асуына тiлектеспiз!
Әңгiмелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *