70 өтініштің 26-ы оң шешімін тапты

Түрксіб ауданының әкімі П.Кулагин журналистермен кездесті

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин аудан тұрғындарының өзекті мәселелері қалай шешімін тауып жатқаны туралы баяндап берді.

Шаһар басшысы Б.Сағынтаев ауданға келіп, тұрғындармен кез­дескен кезде 70-ке жуық өтініш түскен еді. Сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық салаға, жер қаты­настарына, жол-көлік және инже­нерлік инфрақұрылымға қатысты болды.

– Қала  әкімінің атына түскен 70 өтініштің 26-ы оң шешімін тапты.18 сауалға қатысты түсінік берілді, 26 сұрақ қаралу үстінде. Айта кету керек, 31 сұрақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, оның ішінде инже­нерлік коммуникация салуға қатысты қойылды, – деді Павел Кулагин.

Сонымен қатар, ПИК-тердің жұмысына, ескі үйлерге, ашық жатқан люктарға қатысты сұрақтар да болған.

Бүгінде «Әлмерек» ықшамауданы мен Сүйінбай даңғылы бойындағы үйлерге газ желісі тартылыпты.  Екі балалар алаңдары салынып, қоршаулар сүріліп, үйлер заңдас­тырылуда.  «Қайрат», «Нұршашқан», «Әл­мерек» ықшамаудандарына су, кәріз, электр желілері тартылады.

– Маңызды сұрақтардың бірі – тұрғын үйлерге газ беру. «Әлмерек» ықшамауданына газ желісі тар­тылып, 1100 үй газбен қамтамасыз етілді. Бұл – шамамен 5 мың адам­ды құрайды, – деп атап өтті аудан әкімі.

Бұдан өзге қала әкімі аудан тұрғын­дары­мен кездескен кезде абаттандыруға қатысты 16 сұрақ қойылыпты. Соның ішінде 6 сұрақ жолдар мен тротуарларды жөндеуге, 3 мәселе көше жарығына, қалғандары ағаштарды кесу, жол белгілерін қоюға, жаяу жүргінші жол­дарын реттеуге, арық желілерін салуға қатысты болды. Қоғамдық көлікке қатысты 11 сұрақ көтерілді. Бүгінде №41 автобустың қозғалыс интервалы қысқарып, №51 автобустың бағыты өзгертілді. Спасская көшесінде бекет кешені салынуда. «Нұршашқан», «Маяк» елді-мекендерінен қала орталығына қаты­найтын көлік бағытын ашу мәселесі қарас­тырылып, №74 бағыттың интервалы қыс­қартылды. Сонымен қатар, ауданда әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық қауіпсіздік те оң шешімін табуда.

Журналистермен кездескен Павел Кулагин биылғы жылдың жеті айы ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да баяндап берді. Өнеркәсіптік өнімнің физи­калық индекс көлемі 104,5 пайызды құрады. Өндіріс өнімін шығару өсіп, 101,2 млрд. тең­геге жеткен. 2018 жылмен салыстыр­ғанда өсім – 118,7 пайыз (2018 жылдың 7 айы ішінде – 86,2 млрд. теңге болған).

2018 жылдың қорытындысы бойынша 78,2 млрд. теңгенің салығы жиналды. Бөлшек сауда көлемі 155 млрд. теңге неме­се өткен жыл­дың осы кезеңімен салыс­тырғанда 112,1 пайыз (130 млрд. теңге) болды. Көтерме  сауда – 481,5 млрд.  теңге  немесе 119 пайызға (455,5 млрд. теңге) жеткен.

Түрксіб ауданының аумағы 75 мың шаршы метрден асады. Ауданда 236 мыңнан астам адам тұрады.

1168 көппәтерлі және 24 678 жеке сектордағы  үйлер бар. Барлығы 7 395 заңды тұлға тіркелген. 477 өндіріс орындары бар (9 ірі, 16 орташа және 452 шағын), бұларда 46 637 адам қызмет етеді. Ауданда білім берудің 135 ны­­саны (1 ЖОО,  6 ар­найы ор­таша білім ошақтары, 28 мектеп, 100 мектеп жасына дейінгі балалар ме­кеме­лері, соның ішінде 22 мемле­кеттік,  78  же­кеше, 12 денсаулық нысаны (7 емхана мен 5 стационар), 23 діни бірлестіктер, 7 ұлттық-мәдени орталықтар бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *