680 БОРЫШКЕР КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕН АЖЫРАТЫЛДЫ

Мәншүк БЕКБОСЫН

«Алматы Су» МҚК мекемесі өкіл­дерінің қала бойынша борышкер­лерден кәсіпорын алдындағы қарыздарын қайтарып алудағы рейдтік жұмыстары жалғасын табуда. Айта кету керек, ол үшін мекеме қызмет­керлерімен  барлық заңды әдістер жүзеге асыры­лып та жүр. Атап  айтқанда, бо­рыш­керге хат жіберу, телефон арқылы хабар­лама беру, тіпті сот арқылы да талап етілетін жағдайлар да аз кездеспейді. Бірақ тұтынушы­ларды тәртіпке «бағындыру» оңай жұмыс емес деп отыр тиісті мекеме өкілдері.

Бұрын «Алматы Су» мекемесінің қыз­меткерлеріне көпқабатты тұрғын үйде тұратын қарызы бар жалғыз пәтер иесін кәріз жүйесінен ажырату мүмкін емес болатын. Ал бір борышкер үшін бүкіл үй зардап шекпейтінін білген тұтынушы қарызын төлемей жүре беретін. Бұл ретте «Алматы Су холдингінің» ішкі бақылау қызметінің басшысы Серік Шағыров қазір дәл сол қарызы бар пәтерді кәріз жүйесінен өшіру еш қиындық туғызбайтынын ескертеді. Дәлірек айтқанда, «Алматы Су» МҚК мекемесінің өкілдерінде тәртіпке бағынбайтын, уақытында суды пайдаланғаны үшін өтемақы төлемейтін адамдардың пәтерін кәріз жүйесінен ажыратып тастайтын құрылғылары бар.

– Көпқабатты үйлердің тұрғындары бір-екі пәтердің қожайыны суға өтемақы төлемегендіктен зардап шекпеуі тиіс. Сондықтан жал­пыға емес, жалқыға ғана қолдануға бола­тын осындай құрыл­ғының тиімді жақтары өте көп. Жиналып калған қарыздар 3-5 күн ішінде төленеді, – дейді С.Шағыров.

Сонымен, «Алматы Су» мекемесінің тәжірибесінде берешек адамдардың пәтеріне он мәрте барып, сотқа шағымдану шаралары ешқандай нәтиже бермей, қайта-қайта орын алып отырған жайы бар. Сондықтан аталған мекеме өкілдері борышкердің пәтеріне ғана бағытталған кәріз құбырын бітеп тастайтын құрылғы қондыратын болды. Бұл құрылғы іске қосылған кезде көпқабатты үйдің басқа кәріз жүйесі қалыпты жұмысын жалғастыра береді. Борышкердің көршілері де кәріз жүйесін толық пайдалана береді. Тек борышкердің пәтерінде ғана кәріз қызметі біржолата тоқтатылады.

Негізінен, аталған құрылғы борышкердің кәріз құбырына орнатылмас бұрын, тиісті мекеме қызметкерлері коммуналдық қызмет үшін уақытында ақы төлемеген тұтынушыға су беруді тоқтататынын бір ай бұрын жазбаша түрде алдын ала ескертеді. Ескерту ескерілмеген жағдайда ғана құрылғыны орнату арқылы шара қолданылады. Айта кету керек, құрылғыны орнату үшін қарызы бар адамның пәтеріне кірудің қажеті жоқ. Үйдің шатырында орналасқан тіреушеге басында кішкентай камерасы бар құрал енгізіледі. Сөйтіп, сол монитор арқылы қажетті пәтерді іздеп тауып, сол пәтердің кәрізі арнайы тетікпен бітеледі. Бұл жұмыс бар-жоғы 15 минут уақытты алады. Құрылғы орнатылған сәттен бастап қарызы бар адам кәріз жүйесін пайдалана алмайды. Ал пайдаланған жағдайда кәріз суы ешқайда ақпай, пәтерге кері қайтып төгілетін  көрінеді. Дәл осындай тәсілмен көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан заңды мекемелер де жүйеден ажыратылады. Ескеретін жәйт, тұтынушы бұл құралды өз еркімен алып тастай алмайды. Жоғарыда айтылып кеткендей, кәріздің бекітілетіні туралы борышкерге бір ай бұрын жазбаша түрде ескерту беріледі. Содан кейін сол пәтердің кәріз суының қызметі бекітілгендігі туралы, жалпы үй бойынша коммуналдық жүйе бойынша жасалған жұмыс  жайындағы ақпарат ПИК жетекшілеріне де тапсырылады.

Қазан-қараша  айларында мекеменің мобильді топтары 680 пәтердің кәріз жүйесін бекіттті. Жүйеден ажыратылған пәтерлердің қарызы 12 млн. теңгені құрайды. Кәріз жүйесі бекітілгеннен кейін қарыздың 11 млн. теңгесі мекемеге қайтарылды. Бүгінде әлі 44 пәтер мекеме алдындағы қарызын жаба алмай отыр.  Мамандар осы әдіс арқылы жылдар бойы жиналып калған қарыздар 3-5 күн ішінде төленетіндігін мәлімдеп отыр. 1 маусымнан бері қала бойынша кәріз жүйесіне қарыздың мөлшері 320 млн. теңге болса, қазіргі кезде ол 65 пайызға қысқарды.

Жалпы, өткен айда мекеме кәріз жүйесін бекітуге арналған тағы екі құрал жиынтығын сатып алды. Осылайша мекемеде  кәріз жүйесінен ажырататын 5 құрал-жабдық бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *