120 МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТ ЖҰМЫС ЖӘРМЕҢКЕСІНЕ КЕЛДІ

Қаламыздағы жұмыссыз жүрген немесе түрлі себептермен жұмысынан қысқарып, жұмыссыз қалған азаматтар үшін өзіне қолайлы жұмыс табудың бірден-бір тиімді жолы — қала әкімдігі мен Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту бөлімі ұйымдастырып отыратын жұмыс жәрмеңкесі деуімізге болады. Ал Жұмыспен қамту орталығы мен Алмалы ауданы бірлесіп өткізген «Жұмыс іздеуге кедергі жоқ» атты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің мүмкіндігі шектеулі жандарға тигізген көмегі көп болды.

 Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Жәрмеңкені ашқан Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова бұл жәрмеңкенің маңыз­дылығына тоқтала келіп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де бос жұмыс орындарын ұсынған жұмыс беруші­лерге алғысын білдіріп, бірде-бір жұмысқа зәру адамдардың назардан тыс қалмауына көңіл бөлу керектігін атап өтті. Жәрмеңкенің ұйымдасты­ры­луына ұйытқы болған Жұмыспен қамту орталығының жұмыс беруші­лерді қолдау бөлімінің басшысы Ғабит Селубаев қатысушыларға нақты жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті қолдауға бағытталған мемле­кеттік бағдарламасымен 2017–2021 жылдарға бағытталған «Еңбек» бағдар­ламасын, сондай-ақ, қаламыз бойынша ұйымдастырылып отырған қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға және осы оқу бағдарламасы негізінде оқытылатын негізгі мамандық түрле­ріне тоқталып өтті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бұл бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қаламыздағы 50-ден астам жұмыс беруші мекемелер мен кәсіпорындар қатысып, өзіне қолайлы жұмыс пен кәсіп іздеп жүрген азаматтарға 200-дей бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге келген мүмкіндігі шектеу­лі азаматтарға жұмыс беруші мекемелердің менеджерлері, кадрлар жөніндегі мамандары, сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығының қыз­меткерлері бағыт-бағдар беріп, өздері ұсынып отырған жұмыс орындары бойынша атқарылатын басты міндет­тері мен жұмыстары туралы айтып түсіндіріп берді. Нәтижесінде 120 адам жұмыс бабы бойынша кеңес алып, 25 адам жұмыс ұсынушы мекеме қызмет­керлерімен әңгімелесуден өтіп, 30 адам жұмысқа орналасуларына мүмкіндік беретін түйіндемелер толтырды.

–       Бұл жәрмеңкенің басты мақ­саты — денсаулығына байланысты мүгедектер тобына алған азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеумен қатар, жәрдем­ақыға ғана қарап қалмай қабілет­теріне қарай өздеріне қолайлы жұмыс табуларына көмектесу, – дейді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанқызы.

–       Жәрмеңке барысында қатысу­шыларға әлеуметтік, қоғамдық жұмыс орындары, қысқа мерзімді курстармен онда оқудың тәртібі, Жастар тәжі­рибесі туралы ақпараттар жазылған және «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы ақпараттар жазылған буклет­тер таратылды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *