Ұлы дала ұрпағына даналық қалай келді?

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

 

Қазақ бар ғұмырын түйенің қомында, жылқының жалында өткізген, ыстық-суыққа төзімді  жұрт. Сол себепті, қазақты қасқырға теңейді. Ол бекер емес. Мысалы, қасқырдың бөлтіріктері күзде әбден семіріп, жүгіре алмайтын күйде болады екен. Сол кезде қасқыр бөлтірігін тастай суық бұлақ суына лақты­рып, шомыл­дыратын болған. Сол секілді, жылқының жарысқанда  өзінен озғанды тістелейтіні де қазаққа жұғысқан.

 

Санамыз түлеп, тарихымыз түгенделіп келеді

 

Міне, біздің қазақ та үнемі алда болған­ды қалайды. Мысалы, былтыр «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалаған кейбір президенттер «Мынадай әлемдік деңгейдегі ғимарат тұрғызған  қазақ халқы қандай дана,  ал оның Елбасысы  Нұрсұлтан Назар­баев не деген көреген еді…», – депті тамсана. Мұның бәрі қазақтың намысқой­лығынан болса керек. Дегенмен, небір қиямет-қайым зобалаңның тауқыметін тартса да, қазақ тобасынан жаңылмаған халық. Айналасындағы анталаған дұшпанға жерінің бір сүйемін алдырмай, ұлы даланы ұрпағына басы бүтін қалдыра алған. Себе­бі, рухани санамыз түледі, асыл құндылық­тарымыз ардақталды. Тарихымыз да түген­деліп, тұлғаларымызды тірілттік. Соған орай, Елбасымыз да «Біз қазақтың рухани шындығын қайта  жаңғыртып, сол арқылы халқымыздың жоғалған беделін қайтарып бердік» деген жоқ па? Сол себепті, ертеңге деген сеніміміз күшейді. Енді халқымыз өз даналығын мәңгі жоғалтпақ  емес.

Жақында тәжік, өзбек ағайындар өз туыстарына үйленуге тыйым салды. Оған себеп, жақын туыстардың үйленуінен бұл  халықтарда мүгедек балалар мен тұқым­қуалаушылық аурулар көбейіп кеткен. Ал мұның себебі неде? Мысалы, бір әйел өте жүдеу, салмағы жеңіл 9 айлық баласын дәрігерге көрсетіпті. Оны қараған дәрігер әлгі әйелден баланың қандай тамақ ішеті­нін сұрайды. Сонда ана баласын дәрумені мен түрлі микроэлементтері көп сүтпен асырағанын айтады. Соған орай дәрігер «әке-шешесі сүтті жақсы көреді ме?» десе, келіншек «жоқ, мен де, күйеуім де сүтті ұнатпаймыз!» деген көрінеді. Мұны естіген дәрігер «есте болсын, адамда тамақ қорытатын  200-дей фермент болады. Бірақ кей адамда осы ферменттердің кейбірі болмайды. Демек, сөзіңе қарағанда сенде де, жолдасыңда да сүтті қорытатын қажетті ферменттер жоқ болғаны. Ендеше балаларыңда бұл ферменттердің болуы мүмкін емес. Олай болса, бала ағзасы да сүтті қабылдамаған және оны берудің қажеті жоқ» деген екен. Міне, осы себепті, 1630 жылдары Есім хан «жеті атаға дейін некеге тұрмау» тәртібін шығарған бола­тын.

 

Өлі разы болмай, тірі байымайды

 

Білесіздер, «Кеңестік казарма» халқы­мыздың ұлттық  дәстүрін,  рухани болмы­сын жойды, мәжбүрлеп ой-сананы өзгертті, мәңгүрт етті. Қазақ болуға деген ынта әлсіреді. Жастарды өзің болудан гөрі, өзге болуға деген құштарлық, өзгенің өнеріне еліктеу басты. Одан қалды «Әулие Валентин», «Холи мейрамы» секілді өзгенің қаңсығын таңсық көретін болдық.

Абсолюттік тәуелсіздікті аңсаған көсемсымақтар аңқауларды арамызға сына жүгіртуге пайдалана бастады. Бұл ретте өсекпен ауызданғандар Мұхаммед пайғам­бардың (с.а.с.) «Сауатсыз дүмшелер тілін тістеп, тыныш отырса, халық арасында келіспеушілік шықпас еді»  деген сөздерін қайдан ұқсын. Отбасылық тәрбие жолға қойылмай, адамгершілік қайдан келсін. Ұлы Абай: «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртер, ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дегендей, ұлт мүддесін – тек тәрбиелі ұрпақ қана ұлықтамайтын ба еді?!

Қазір кейбір әсіредіншілдер «құдайға серік қосу, ширк» дегенді көп айтады. Осы ретте біздің қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Аруақ – өлі адамның рухы. Ал соған сай Құран бағыштап, «Ата-баба рухын шат-шадыман етіп, осы оқыған Құранның нұрымен нұрландырып, қабір азабынан сақтап, жанын жәннатта ете гөр» деу аруаққа табыну және ширк емес. Керісінше, бұл олардың күнәларын кешіре гөр деп Алланың мейірімін сұрау. Ал егер қасиетті орындарда Алла Тағаладан тілек тілеу ширк болса, Алла Тағала қажылыққа баруды  бұйырмас еді. Сондай-ақ, Зікір айту – Аллaны еске алу, парыз емес. Намаз, зікір айтсаң трансқа түсіп, жүйкең  әлсіреп, медитацияда боласың. Сондықтан Зікірдің соңы жоқ, көп айтсаң сенімің жоғалады, зомби-мәңгүрт боласың. Содан қызың  хиджаб киіп, сектаға күң, ал ұлың Отанын сатқан радикал-жанкештісі болмай ма? Олай болса, «Ей, адамдар! Хиджаб кигізіп, баланың балалығын тыйдым дегенше, даналығын тыйдым де… Қара матаға оранып өскен бала – жасқаншақ, еш нәрсеге бейімсіз болып өспей ме? Оған қандай үміт артасың?» дегің келеді.

Негізі, ер адамның әурет жері – кіндігі мен тізесінің арасы, ал әйел адамның әурет жері – кеудесі мен тізесінің арасы.  Бұл ретте көшеде шортик, топик  киген қыздарды көрсең шошыма, оның жаны пәк, тек киінудің жөнін білмеген. Олар халық жауы емес, тек тәрбиені қажет ететін жастар!

 

Иман – сенім, ал сенім – құдіретті күш

 

Сенім дегеніміз не? Алла Тағала әлемді жұптап жаратқан. Сондықтан кез-келген нәрсенің пайдасы да, зияны да бар екенін көп адам ескере бермейді. Сенім қорқудан пайда болған. Алғашқы адамдар Күнге, Желге, Отқа табынған ғой. Сондықтан Жаратушы жамандықтан қорғайды деп оларға шексіз сенген. Сосын – бала мен ата-ана арасындағы сенім, жұбайлар арасындағы сенім, Елбасы мен халық арасындағы сенім болады. Ал ең соңғысы – өзіңе деген сенім.

Иә, сенім – адамзат өмірінің бірден-бір тірегі. Сенім — бүкіл амалдың анасы. Сенім болмаса, кез-келген амал дұрыс болмайды. Жанның ең маңызды азығы – сенім.  Әсіресе, Аллаға риясыз сенген адам рухани азықтанып, үлкен күшке ие болады. Шын жүрегімен Аллаға сенген адам ешқашан үмітсіздікке бой алдыр­майды. Мұндай құдірет иесі болған адамға жүрекпен және сеніммен байлану – адамды бақытқа бөлейді. Бұл ретте иман – рухы­мыздың азығы, жүрегіміздің нұры. Біздің тегіміз – түрік, дініміз – ислам. Өмір салты­мыз: «әдет-ғұрпымыз, мінез-құлқы­мыз, мента­ли­тетіміз Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам – білім мен ғылымды дамытты. Адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілді.

Ал иман – Аллаға сену және оны жүрекпен сүю. Иман – жүрекпен бекіті­леді, амалмен қуаттанады.  Иман – жүрек­тің нұры, рухымыздың азығы, жүрегіміз­дің нұры. Бірақ иман ғибадатпен көбей­мейді. Бұл ретте сенімі бар адам – Құдай­дың құлы, сенімі жоқ адам – Адамның құлы,  Алладан артық дос таппайсың. Алла­­дан қорқу – әдепті болу. Ал әдеп – өмір­дегі өз орнын білу, шектен аспау. Бұл орай­да ғұлама Даллес «Халықты өз дәстүрінен, түп-тамырынан ажырату үшін, күн ұзақ эротика, соғыс, ыржақай музыка арзанқол дүниемен алдандыру керек», – деген екен.

Біз зайырлы елдің азаматымыз. Сон­дықтан мектеп жасындағы жүрегі таза, пәк сәбиге намаз оқы, ораза ұста деп қысым жасаудың қажеті жоқ.  Балаларымызды нашақорлықтан, темекі шегуден сақтайық, бірақ хиджаб кигізіп, орта ғасырға ора­лудың  қажеті жоқ. Тек имандылықтың әліп­песін үйретсек болғаны. Салт-дәстүр – ата-бабамыздың көрсетіп кеткен тура жолы. Әдеп тәрбиесі – адамның құлқын қалыптастырып, адамгершілік санасын жетілдіреді, оны бақытты етіп, қоғамға мейірімді ұрпақ тәрбиелейді.

 

Аманша ДӘНДІҚҰЛОВ,

Алмалы ауданы Ардагерлер  кеңесінің  мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *