Қамқорлықтың нақты көрінісі

Шаһар басшысы Алматыда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» қалай жүзеге  асатынын айтты

Елбасы бастамасы «Рухани жаңғырудың» жүйелі жалғасы

 

Кеше Алматы қалалық әкімдігінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін талқылаған қала активінің жиыны өтті. Алып шаһардың белсенді бөлігінің басқосуында мегаполис әкімі  Бауыржан Байбек  баяндама жасап, әлеуметтік аса маңызды Үндеудің көктемде жасалуының бекер еместігін айтты.

Шаһар басшысы сөзін «Ардақты алма­тылықтар», «Құрметті әріптестер» деп бас­тады.

– Бүгін сіздермен мерекелі де берекелі наурыз айында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын!

Осы наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын білесіздер. Сол күннің құрметіне наурыздың бірінші жұлдызында «Алғыс айту» күнін мерекелеп келеміз. Алдымызда жылдың басы, жаңа күннің нышаны болған «Әз Наурыз» мей­рамы келе жатыр. Бұл Ұлыстың ұлы күні халықтың бір-біріне деген құрметі, береке-бірлігі артып, игі тілектерін айтып, келер күннің жақсылығынан үміт етеді. Ал ертең ана-апаларымыздың, жұбайларымыз бен әпке-қарындастарымыздың төл мерекесі –  «Халықаралық  әйелдер күні». Ендеше, барша әйелдер қауымын төл мерекеле­ріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Осынау айрықша мерекелерге толы наурыз айында  Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Парламент палата­ларының біріккен отырысын шақырып, халыққа «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеу жолдауы кездейсоқ емес.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз қилы сын-тегеуріндерді еңсеріп қана қоймай, тұрақты даму жолына түсіп, экономикасы қуатты мемлекетке айналды. Бұл жетістікке Елбасының сындарлы саясатының, халқы­мыздың мызғымас бірлігі мен ел тыныш­тығының арқасында қол жеткізілді.

Экономикасы мығым, аспаны ашық бейбіт елде ғана ілгері даму мүмкін болары белгілі. Сондықтан Елбасының «Прези­денттік бес әлеуметтік бастамасы» – бұл өткен жылғы Конституциялық және эко­номикалық реформалар мен «Рухани жаңғырудың» жүйелі жалғасы екендігі сөзсіз.

Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың алтын өзегі болатын Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары әрбір қазақстан­дық отбасы, әрбір ел азаматы үшін өзекті, көкейкесті мәселелердің шешім табуына ықпал етпегі анық.

Тұрғын үйді қарапайым халыққа қол­жетімді ету, өз ісін жүргізуге азамат­тарға шағын несие беруді көбейту, жал­ақысы төмен азаматтардың табыс салығын 10 есеге азайту, білім грантын 20 мыңға арттыру мен студент жастар үшін жатақ­ханалар салу жә­не елді газбен қамту сияқ­ты бастамалар – бұл, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық­қа деген қамқорлығының, мемле­кеттік әлеуметтік саясатты жаңғыртудың жарқын көрінісі.

Осы ретте жаңа бірегей әлеуметтік бағ­дарлама ұсынып, оны іске асыруды Үкі­метке тапсырған Елбасына сіздердің және барша алматылықтардың атынан алғыс білдіреміз!

«Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет –  әлеуметтік мемлекет», – деп Мем­­лекет басшысы атап өткендей, жаңа әлеуметтік бағдарлама Ата Заңымыздың бірінші бабында көзделген Қазақстанның қалыптасқан әлеуметтік мемлекет ретіндегі ел азаматтарының әл-ауқатын арттыра түсуге бағытталып отыр.

– Бұл бастамалар тек әлеуметтік мәсе­лелерді шешіп қана қоймай, ел өңірлерінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, эконо­микаға тың серпін береді. Аталған мәселе­лердің шешіміне ұтымды қол жеткізу үшін көзделген мақсат-міндеттерді тиісті орындап және халықты ақпараттан­дыру баршамыздың ортақ міндетіміз болмақ, –  деді Б.Байбек.

 

Елбасы бастамасы барлық саланы қамтиды

 

Шаһар әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының елді модернизациялау бастамасы кешенді сипат алатынын және барлық салаларды қамтитынын атап өтті. Мысалы, конституциялық реформа  билік тармақтарының нақтылы балансын белгіледі әрі жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына жаңа серпіліс берді. Елімізде экономикалық модернизациялау және цифрландыру бойын­ша  қомақты жұмыс­тар жүруде. Өз кезегінде «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы руханилық­тың, ұлттық сананың жаңаруын қамтамасыз етті, олар ашықтық, праг­матизм, білім  мәде­ниеті, бәсекелестік принциптеріне негізделді.

«Елбасы жобалары –  үнемі халықтың бұдан былайғы тұрмыс жағдайын жақсар­туға бағытталған әрі нақты, қажетті ресурс­тармен негізделген бағдарлама. Бес  әлеу­меттік  бас­тама – Президенттің  салиқалы саясатының бірі және адамға деген шынайы қамқор­лықтың нақтылы көрінісі. Біздің міндетіміз – аталған тапсырмаларды жедел орындауға  кірісу және әрбір алматылықтың осынау ауқымды әлеуметтік жобалардың оң нәти­жесін  көрулеріне ықпал ету. Ол үшін бізде барлық ресурстар бар», – деді  Бауыржан Байбек.

Қала әкімі мегаполис тұрғындарының саны жыл сайын артып келе жатқанын, сондықтан қолжетімді баспана салу қала  билігінің негізгі  міндеті екенін жеткізді. 2017 жылы құрылыс қарқыны 4 есе өсті, Алматыда кезекте тұрған әрбір үшінші адам пәтер алды. 1,9 млн. кв.м тұрғын үй немесе 16,5 мың жаңа пәтер салынды. Айта кетерлігі, алдағы уақытта тағы да 1,5 млн. кв.м  тұрғын үй немесе 17 мыңнан астам пәтер салынады. Бұлардан өзге,  «Алматы жастары»  әлеуметтік  бағдарламасын орын­дау үшін жергілікті бюджеттен биыл 2 млрд. теңге бөлінеді. Бағдарламаға қаты­сатын жас отбасылар  алғашқы жарнаны төлемей-ақ 5% -дық тұрғын үй несиесін алады.

Мегаполис басшысы бүгінгі күні Алма­тыда 50 мыңнан астам  студенттердің жатақ­ханаға  зәру екенін  айтты. Осыған орай, өт­кен жылы 2 мың орынды 4 жатақ­хана са­лынды, ал 2020  жылға дейін тағы да  20  жа­тақ­хана салу жоспарланған.

Бүгінгі күні мегаполисте  27 мыңнан астам жастар колледждерде тегін білім алуда. Елбасы тапсырмасы бойынша  2016 жылдан бастап балабақша ақысы бюджет есебінен 2,5 есе азайды. Тұрғын үй бойын­ша 2 мыңнан астам қала тұрғындары әлеу­меттік көмек алуда. Қала әкімдігі комму­налдық қызмет тарифтерін субсидиялауда. 2015 жылдан тарифтерді ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді, ал желілерді модер­низациялауға 100 млрд.-тан астам қаржы аударылды.

Бауыржан Байбек қала активімен кездесу барысында жеке сектордың жыл аяғына дейін толық газдандырылатынын, 2021 жылы Алматы  агломерация аумағын­дағы  4 мың жеке үйлердің газға қосыла­тынын жеткізді. Елбасының тапсырмасы бойынша ТЭЦ-2 газға көшіріледі, Энер­гетика министрлігінің есебі бойынша соның арқасында ТЭЦ-тің ауаны ластауы  30  есе азаяды.

Бауыржан Байбек  өз сөзін   «Қадірлі қауым!» деп қорытындылады.

– Қорыта айтқанда, Елбасының сын­дарлы және кешенді саясатының арқа­сында елі­мізде Конституциялық реформа іске асырылды. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы қабылданды. Экономикалық жаң­ғыру және өз алдына ел өмірін цифрлан­дыру жүзеге асырылуда.

Ал бүгінгі Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» осы айтылған келелі істерді толыққанды ете түседі.

Жалпы, «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы» шеңберіндегі шаралар халқы­мыздың жартысынан көбін, оның ішінде алматылықтарды қамтитын болады.

Бүгінде ел экономикасының бестен бір бөлі­гін құрап отырған мың бояулы алып шаһар – алматылықтардың мақтанышы, құтты мекені. Ел игілігі жолындағы іргелі істер нақ осы қаладан бастау алғанын білесіздер. Елбасының жаңа әлеуметтік бағдарламасын ұтымды іске асыруға қаламыздың мүмкіндігі мол. Президенттік бес бастаманы орындау қала тұрғындары­ның әл-ауқатын арттырып, қаланың одан әрі дамуы мен гүлденуіне жол ашпақ.

«Бұл бастамалар еліміз тұтас, қоға­мымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады» деп Елбасының өзі атап өткендей, берекелі тірлікте бірлігімізді таныта берсек, бәріміз де игі істің жемісін көрмекпіз.

Сөз соңында шаңырағымыздың бере­кесі, отбасымыздың ұйытқысы болып жүрген асыл ана, аяулы жар, ару қызда­рымызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен тағы да шын жүректен құттық­таймын!

Құшақтарыңыз гүлге толып, өмірле­ріңіз көктемдей құлпыра берсін! – деді мега­полис басшысы.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *