Рухани жаңғыру бізге не берді?

Біз оны түсініп болдық па, өзгере алдық па?

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,

КСРО және Қазақстанның

Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері:

 

Ұлттық идеология­мыздың айнасына айналды

 

Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Ол – барлық адамға азық. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі.

Елбасы туған жерге қам­қорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген концепцияны дер шағында ұсынды. Бұл – ауқымды жоба, стратегиялық құжат. Иә, Мемле­кет басшысының бұл мақаласы иығымызға өте маңызды әрі күрделі мәселелерді арқалатты.

«Рухани жаңғыру» мақала­сының жарыққа шыққанына да бір жыл толған екен. Осы аз ғана уақыт ішінде көп істі еңсердік деп ойлаймын. Мәселен, бәрі санадан басталады. Мақалада айтылғандай,  Ұлттың коды дегеніміз – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, атамұра өнеріміз, салт-дәстүріміз, білім-ғылымымыз және отбасы­мыз. Білімге ұмтылып, жақсыны үйреніп, жаманнан аулақ болуды қазақ атамыз баяғыда айтып кеткен. Міне, осы құндылықтар, «Рухани жаңғыру» бүгінде ұлттық идеологиямызға айналып отыр.

Бабалар аманатын, олар қорғап қалған ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жердің қыр-сырын, тылсым құпияларын бүгінгі ұрпақ жете білуі тиіс. Туған жердің әрбір тасы мен сайы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осы орайда «Рухани жаңғыру» ая­сында Президент тапсыр­масымен түзілген «Туған жер» бағдарла­масы жақсы қарқын алды деп ойлаймын.

Мектептерде жас өрендердің өлкетану жұмыстарына жиі тартыла бастағанынан хабардар­мын. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты өз өлкесін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Балабақша бағдар­ламалары да рухани құнды­лықтарды өз жоспарларына енгізіп, жұмыс істеуде.

Ауыл-аймақтарда экологияны жақсартуға және елді- мекендерді  абаттандыруға баса мән беріліп, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды.

Үлкен қалаларға көшіп кетсе де, туған жеріне қам­қорлық жасап жүрген, ауылын көгал­дандыруға, мектеп­терді компью­терлендіруге, музейлер мен мәдениет ошақтарына демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер туралы көріп, естіп жүрміз. Аймақ­тардағы өнер ошақтарын өз есебінен жөндеуді қолға алып жатқан мәрт азаматтарды баспасөз бетінде насихаттап, үлгі етудің артықтығы жоқ деп ойлаймын.

Рухани байлықтың кемел де қуатты болғаны жеке азамат­тарымыз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Ақыл-ойы толысқан, отбасын, Отанын риясыз сүйетін, рухани бай ұрпақ өркениет бәсекесіне қабілетті болатыны анық.

 

 

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

 

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА ЛЕБІ немесе бір жыл аз ба, көп пе?

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласының халыққа жеткеніне және талқыға салынғанына, міне жылға жуық уақыт болып та қалыпты

Зымырап бара жатқан уақыт-ай десеңізші. Бұл маңызды мақалада Қазақстанның басты рухани құнды­лықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – жәй мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін бағдарлама. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады.

Елбасының мақсаты – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себеп­термен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекс­терінен арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырды.

Ұлттық код. Ұлттық мәдениет. Осы екі маңызды мәселеге ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалай­мын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәде­ниет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстары­нан бас тарту керек»  деп қадап айтты. Ең бастысы, сананың ашық­тығын, яғни әлемдік озық жаңа­лықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады.

Ұлы Абай:

«Махаббатпен жаратқан

 адамзатты,

Сен де сүй, ол адамды жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп

Және сүй Хақ жолы деп әділетті» демеуші ме еді. Мұндай жыр жолдары, ой толғамдары әлемдегі ұлтын, халқын сүйген, солардың мұң-мұқтаждары тебіренткен ұлы адамдардың ғана қаламынан туып, аузынан шықса керек. Қазақтың даналығына, дархандығына, батырлығына, шешендігіне  әлемнің бірде-бір елінің дауы, күмәні жоқ. Жасыратыны жоқ, бізде де кемшілік бар, ол: ауызбірлік пен ынтымақтықты  кейде босаңсытып алатынымыз. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп кейде көпе-көрінеу ағайынға бұра тартатынымыз бар. Бөлшектенуді біржолата қоюымыз керек.

 

Қазақы мінез сөз болғанда, өткенде қазақ жазушыла­рының тосын мінез танытқанын айтпай кетуге болмас, сірә. Ел-жұрт сыртынан сөзін қастерлеп жүрген қаламгерлеріміздің біріне-бірі тап беріп, аузына келгенін айтқаны оқырманды қатты шошытты. Зиялы қауымның жаға ұстасуы жарас­пайтын-ақ қылық.

 

Мөңке би айтқан екен: «Табал­дырықтан биік тау жоқ, ағайыннан мықты жау жоқ» деп. Қай кезде де жау басқа жақтан келген жоқ, ішімізден шыққан. Бәрі ынтымақтың аздығы, бірліктің бостығы.

Дәстүрімізді дәріптеп, салты­мызды сақтауымыз керек. Адамды сүю, құрметтеу. Дәстүрді сыйлау, жаңғырту. Қазақтың жайсаң мінезін, мәрттігін, тектілігін, мейірімділігін қалыптастыру. Код дегеніміз осы! Елбасының  мақаласы да осы құндылықты, яғни қазақы кодты сақтауды, дамытуды айтып отыр.

Өткен бір жыл ішінде  қоғамда сананы тазалауда бұрын-соңды болмаған тың серпін, жаңа қадам орын алды. Халықтың көп нәрсеге көзі ашылды. Рухани жаңғыруға байла­нысты бір жылда нендей тірлік атқарғанына әркім өзіне есеп бере бастады. Біздің театрда да бірқатар өзгерістер орын алды. Басшылық ауысты. Еңбек тәртібі күшейді. Бұрынғыдай «ұзын арқан, кең тұсау» қалды. Қызметке уақытылы барып, уақытылы қайтамыз. Әкемтеатр  репер­туарындағы спектакльдер өзгере бастады. Тарихи оқиғаларға, ата дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызға лайық, соларды көрсететін қойы­лымдарға ден қойылып отыр.

Театрдың міндеті жаңа спектакль қою. Арғы тегіміз ғұн патшасы Еділ туралы  спектакльді қолға алдық. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, айтыс ақындарының алтын қазығы деп сипатталған Сүйінбай Аронұлы туралы спектакль дайын­далуда.

Тағы бір жаңалық – Қазақстан театрлар қауымдастығы құрылды. Республика бойынша барлық театр­лардың жәй-күйі, мақсаты сол қауымдастықта қаралып, бағыт-бағдар беріліп отырылады. Бұрын бір-бірімен араласпайтын. Енді еліміздің театрлары өзара қоян-қолтық арала­сып жұмыс істеуге көшеді. Бұл процес тіпті бас­талып та кетті десек болады. Жуырда Атырау облыстық театры мен Астанадағы музыкалық жастар театры әкемтеатрда өз өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алып, үлкен шаңырақтан үлгі алып қайтты.

Орайы келгенде айта кетейін, кино да театрдың ағайыны ғой, кино өнерінде де жаңалықтар жоқ емес. Көптен елдің жадында шешуі жоқ сұрақ болып жүрген бір ғаламат дүние жүзеге асты. Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаев туралы фильм түсіріліп, прокатқа шықты. Осының бәрі жаңғырудың жаңа лебі емес пе. Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналып келе жатқанына еш күмән болмаса керек.

 

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы, драматург,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

 

Бағдарламаны жалпақ ұранға, даурықпаға айналдыруға болмайды

 

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласы бәрімізге үлкен ой салды. Керек десеңіз, бұл бағдарламалық маңыз­ды құжат. Бірақ біз мұны қалай түсініп жүрміз? Жалпы, рухани жаңғыру деген не? Бұл жерде бүкіл Қазақстан халқы рухани жаңғыра ма, жоқ әлде, қазақтар ғана ма? Осыған жауап беретін кезде сәл қиналып қала­мын. Сонымен қатар, Елбасының мақаласында «ұлттық код» деген пікір айтылған. Ұлттық рухтың, ұлттық сананың кемел­денуіне жалпы не кіреді? Оған тек салт-дәстүріміз, тарихымыз ғана кіре ме? Жоқ әлде, мұнда бүкіл қазақ­тың ұлттық болмысы,  дәстүрі, тілі, мәдениеті, әдебиеті – бәрі қам­тыла ма? Егер дәл осылай жауап беретін болсақ, онда бізде тіл мәселесі әлі өз биігіне көтеріле алмай келеді. Мен рухани жаңғыру дегенді былай түсінемін. Бүкіл қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Біз өз салт-дәс­түрімізді дәріптеуге тиіспіз. Бала тәрбиесінен бастап, телеарна­лардың жұмысын қолға алуымыз қажет. Тарихи сериал, киноларды көптеп шығарып, ұлттық мәде­ниетті дамытпай, ешқандай рухани жаңғыру болмайды. Әдебиетімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді кешенді түрде дамытуды қолға алуымыз керек. Әйтпесе, қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы құр науқанға ай­налып бара жатқан секілді. Өйт­кені, бұрыннан шығып жатқан кітаптардың тұсаукесерлерін немесе концерт, іс-шара жасайтын болсақ, бәрін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізетін болып алдық. Құдай-ау, бұған дейін де талай кітап шығып, тұсаукесер өтті емес пе? Бұған дейін де «Рухани жаңғыру» демей-ақ, талай концерт берілді ғой. Небір тарихи тақырыптағы кон­ференциялар өтті емес пе? Енді қазір неге ондай жиынның бәріне «Рухани жаңғыруды» тықпалай береміз? Ең арты кітаптың тұсау­кесеріне де қазір «Рухани жаң­ғыру» деп айта салатын болдық. Бұл науқаншылдық емей, немене? Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарла­масын бұлай жалпақ ұранға, даурықпаға айналдыруға болмайды. Мұны кешенді түрде шешудің жолдарын қарастыр­уымыз керек. Бұл жерде қазақ өзінің қазақ екенін сезінетін болуы тиіс. Әрбір қазақ өз тілін қастерлеп, мұндай бай тіл әлемде жоқ екенін ұғынуы қажет. Міне, «Рухани жаңғыру» деген – осы! Әйтпесе, кітап шығарып, шет елге барып концерт өткізуді «Рухани жаңғыруға» тели берудің қажеті жоқ. Кітап шығарған күннің өзінде оны насихаттау жағын кеңірек қолға алғанымыз жөн. Кітапты насихаттау оны шығарудан әлде­қайда қымбатқа түседі. Мәселен, менің шет елде төрт кітабым шықты. Оның алғашқы екеуі үн-түнсіз қалды. Ағылшындардан оны кім алды, кім оқыды, мынау қазақ халқының әдебиеті екен-ау деген пікірлер шыққан жоқ. Насихаты аз болды. Ең қиыны – кітап шығару емес, кітапты өткізу. Жарнамасын жасап, сын мақала­лар ұйымдас­тыру керек. Тіпті, шет елдерге делегациямен барып, әдебиетімізді, мәдение­тімізді кеңінен насихаттап, онда қазақ­тың әдеби және мәдени күндерін өткізуіміз тиіс. Сонда барып мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті деп ауыз толтырып айтуға болады. Әйтпесе, кітап шығарып, тұсау­кесер өткізу, концерт беру «Рухани жаңғыруға» жатпайды.

Кейбіреулер адам жақсы нәрсені өзі іздеп тауып алады деп жатады. Қазір бұл сөз жүрмейді. Бүгінгідей әдебиеттің тасқындаған заманында, телеарналарда 100 шақты канал бар кезде, интернет дамыған уақытта жұрттардың басқа елдің әдебиеті мен мәде­ниетінде шаруасы болмайды. Біз шет елдің шығармаларын оқып болдық. Енді олар біздің туын­дыларымызбен танысуы тиіс.

Біз өз елімізде кімбіз? Осы ел­дің қожасы біз бе, әлде ашық демократияны қолдап, көрінген адамдарды төрімізге шығара береміз бе? «Рухани жаңғыру» деген өз еліңнің қожасы, иесі екендігіңді толық сезіну деген сөз. Мен мұны солай түсінемін. Бұл ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында әр адамның саяси, рухани, мәдени болмысына әсер ете білуіміз керек. Міне, «Рухани жаңғыру» деген – осы! Тек іс-шараларды өткізіп қана қоймай, залда отырған көрер­мендердің мәдениетін көтеруіміз қажет. Көпшіліктің рухани бол­мысының көтерілуіне мұрындық болғанымыз жөн. Қазақ әде­биетіне, мәдение­тіне, киносына, театрына деген халықтың көзқара­сын түзеп, қалыптастыра білуіміз керек. Жақсы нәрсені іздеп, талап ететін көрермен дайындауға тиіспіз. «Рухани жаңғыру» деген осыдан басталады. Тек қана бір іс-шара өткізіп, пәленшенің кітабының тұсаукесерін жасау «Рухани жаңғыруға» жатпайды.

Кейде мен теледидар қарап отырып, «мына адамдар рухани жаңғыра ала ма, жоқ па?» деп өзіме іштей сұрақ қоямын. Қазір теледидарды қосып қалсаң, неше түрлі шоу бағдарламалар, кон­церттерді көресің. Күлдіргіштер, «жұлдыздар» болмайтын нәрсені әңгіме қылып отырады. Оған теледидар алдында, залда отырған адамдар бейғам, мәз болып отыр­ғанда, біз қалай рухани жаңғыр­мақпыз? Осы жағын ойлағанда, ішім ашиды. Халық ненің жақсы, ненің жаман, ненің құнды, ненің құнсыз екенін қашан ажырата біледі? Дарақы күлкіден қашан арыламыз? Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы біз халыққа рухани тәрбие бере білуіміз керек. Ол үшін теле­ар­наларда азаннан кешке дейін концерт емес, халықтың болмы­сын, руханиятын, әдебиеті мен мәдениетін дәріп­тейтін бағдарла­малар ашу қажет. Ұлттық өнерді ұлықтап, тарихымызды түгендей­тін, халықтың патриоттық сезімін, рухын көтеретін кинолар беруіміз тиіс. Сонда ғана Елбасы­ның «Ру­хани жаңғыру» бағдар­ламасын өз деңгейінде орындап отырмыз деп толыққанды айтуға болады.

 

 

Рахман АЛШАНОВ,

Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты:

 

ҚОҒАМ ЖАҢАРДЫ, ЕНДІ АДАМ ДА ЖАҢАРУ КЕРЕК

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдар­ламасы бізге не берді дегеннен гөрі,  біз өз-өзіміз­ге бұл бағдар­лама  ой-сана­мыздағы нені өзгерт­ті,   қоғамдағы өзгерістерге  ілесе  алдық па? деген сауал қойғанымыз орынды сияқ­ты. Күні кешеге дейін біз өзіміздегі бардың қадірін білген жоқпыз. Тәуелсіздік алып, өрке­ниетті елдердің қатарына іліксек деген тұста  ұлты­мызға тән көп құнды­лықтардан көз жазып қалғаны­мызға, қастерлі жер­леріміздің қадірін біл­мей келгенімізге  көз жет­кіздік.  Осыны көреген­дікпен байқай білген Елбасы  рухани   дүниесіз адамның жаны жалаңаш болатын­дығын аңғарып, осындай ауқымды, халықтың талай жылғы жоғалтқан дүниесін түгендейтін  бағдарлама жасап берді деуге болады. Бұл бағдарлама жаңғыру, жаңару бағдарламасы. Онда айтылған үштілділік мәсе­лесі, жүз жаңа оқулық, ту­ған жерді, елі­міздегі қа­сиеттерді орындарды дәріп­теп, оны жас ұрпаққа кеңі­нен таныстыру, ұмыт қал­ған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту, Қазақ­станның жүз жаңа есімін анықтау, жастардың  білім алуы  мен тәрбиесіне көңіл бөлу  мәсе­лесі  осы уақытқа дейін шашы­ранды түрде жүзеге асырылып келсе, өткен жылдан бері жүйелі, нақты бағыттар бойынша жүзеге асырыла бастады. Мен жақында Кореяда болдым. Онда 1300-дей қазақ­стандық    білім алады екен. Қытай­да 13 мың жас білім алуда. Онда олар орыс тілінде сөйлеп жүрген жоқ,  шетелдік замандас­тарымен ағылшын тілінде қарым-қатынас орнатып, осы тілде білім алып жүр. Демек, үштілділік тұғырнама болашақ   үшін ең басты қажеттілік болып отыр­ғандығын мойын­дауы­мыз керек. Қазақ әліп­биінің латын қарпіне көшірілуі де уақыт талабы, өрке­ниетке ұмтылу жолына бас­тайтын батыл қадам­дарымыздың бірі деп бағалаймын.  Шет тілінен ауда­рылуға тиісті жүз оқу­лықтың да біздің ұлты­мыздың рухани  дү­ние­сіне  қажетті  екендігі айтпаса да түсінікті.

Ата-бабамыз «бар­масаң, кел­месең жат боласың» дегенде бір-біріне қонақ болуды ғана айтпа­ған болар, керісінше  бірі­мен-бірі араласқан адам­ның өресі биік, өрісі кең болатындығын аңғарт­қаны.  Сөзімізді түйіндей­тін бол­сам, бізге шеңберден шы­ғып, жаңару керек.  Эко­номи­камыз жаңа, машина­мыз жаңа. Олай болса, қазақтың жаңа­ша өмір сүретін, жаңаратын кезеңі келді. Жаңа қазақ болып қалып­тасуымыз қажет  дегім келеді.

 

 

 

Жамал ӘШІРБЕКОВА,

Қазақ мемлекеттік Қыздар педаго­гикалық университеті, т.ғ.к., доцент:

 

Заманның қатерлері аяқтан шалмасын

 

Әрбір мемлекет өзінің даму барысында болашағын бағдарлауда сыртқы және ішкі ұлттық қауіп­сіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Қауіп­сіздік экономика мен саясатта ғана емес, рухани мәдениет арнасы үшін де қажетті құбылыс. Ол үшін болуы ықтимал сын-қатерлерді болжап, оның алдын алу шараларын айқындап алуымыз керек. Бұл мәселенің өзек­тілігін Елбасы  Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?» деген сауал қоя отырып, жауап іздейді.

Бүгінгі ақпараттық қоғамдағы өзекті мәсе­лелердің бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Күн­делікті өмірде сыртқы идеология­лардың жағым­сыз тұстары немесе біздің ұлттық құндылық­тарымызға кереғар идеялардың қоғамдық санамызға білдіртпей сіңірілуі байқалады. Мәселен, бір жыныстылардың заңдастырылуы, діни жат пиғылдық идея, т.б. атап өтуге болады. Оның үстіне еуропаландыру, аме­рикалан­дыру, арабтандыру, т.б. түрлі идеоло­гиялар таратылуда. Бүгінгі таңдағы мультикуль­турализм­нің, пост­модернизмнің жағымсыз жақтарының алдын алу да қауіпсіздік шаралары болып табылады. Міне, осы идеологиялардың ықпалдарын қабыл­дауда бізге сүзгі керек. Бұл – ұлттық код арқылы жүзеге асатын құрылым. Ұлттық код сол халықтың ішкі болмысы мен өзіндік төлтума сапалары арқылы сақталатын рухани кілті іспеттес. Мәдение­тіміздің одан әрі өркендеуінің басты бағдарлары­ның бірі де ұлттық кодқа тікелей байланысты. Ұлттық кодты негізге алып, рухани даму үшін болашаққа бағдар құру бірден-бір сенімді, адастырмайтын бағдар.

Рухани жаңғыру аясында ұлттық мәдениетті дамыту ол бір сәткі акт емес, үздіксіз жүріп оты­ратын және болашаққа бой сермейтін үдеріс. Даму мен өркендеу жаңғыруды, жаңаруды, модифи­кацияны, инновацияны керек етеді. Бұл сананың ашықтығы арқылы жүзеге асады.

Мәселен, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр инс­титуты – халқымыздың тұрмыс тірші­лігіндегі бихевиоризм қағидасы бойынша байқап көру – қателесуді, рухани-әлеу­меттік тұрғы­дан кері кетудің немесе адасудың алдын алып отыратын жалпы­лама канондық, барынша абсолютті өмірлік ұстаным ережелері мен ғұмыр кешудің нақты және тұтас бейнесі болып табылады. Мұнда әуел бастан-ақ бәрінің жауабы нақты берілген, тығырықққа тірелгенде немесе «өмір сүрудің қай жолы дұрыс» деген сауал тасталғанда ата-баба дәстүріне сүйеніп ғұмыр кешу ұстанымы мыңдаған жылдар бойғы тарихты құрайды. Себебі, ол бір күнде-ақ пайда болған, не мистикалық тұрғыдан тылсым күштер арқылы жіберілген бір сәттің туындысы емес, халықтың мыңдаған жылдар бойғы өмір сынағынан өткізілген, шыңдал­ған, жүйеленген, сұрыпталған, тиім­сіз­дері мен қажетсіздері алынып тасталынған өмір сүрудің формуласы іспеттес айқын тұғыр­намасы деп те айтуымызға болады. Демек, қайта-қайта өмір сынағынан өткізіліп, өмір­шең кейіпке енген, өзінің тиімділігі мен оңдылығын дәлелдеген, халықтың ділі мен дүниетанымына үндескен дала заңдарының стихиялық көрінісі.

Ал ұлттық код әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтымен сабақта­сады. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды одан әрі өрістету – маңызды қадамдардың бірі. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Кеңестер Одағы дәуірінде біз музыка саласында көбіне орысша әндерді тыңдайтын болсақ, қазіргі таңда жас қазақ әншілері буынының пайда болуымен олардың тек қазақша әндерді шырқауы үлкен серпіліс алып келді.

Тұрмыстық-техникалық бұйым­дар елімізде өндіріліп, «Қазақстанда жасалған» деген белгімен таралып жатыр. Осы өнімдерде де ұлттық рәміздердің көрініс­тері байқалып отырылуы тиіс.

Ақпараттық технологиялық даму аясында олардың тетіктері мен қызметтерін жетік меңгеріп отыру, заман талабынан қалмау да адам санасының ашықтығы мен мәдени-тұрмыстық өмірге бейімделуінен туындайды.

Заман талабынан туындап отыр­ған латын әліпбиіне көшуге дайын­дықты да одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Қазірден бастап, барлық ақпараттарды, әсіресе, оның жазба түрлерін бірте-бірте латынға ауыс­тыруды қолға ауға тиіспіз. Сананың ашықтығына сай біздің мәдениетіміз де барынша ашық болуы тиіс. Біздің озық мәдени құндылық­тарымызды әлемге тарату, бұл – еліміздің әлемге әйгіленуінің маңыз­ды шарттарының бірі болып отыр.

Өркениетті 30 елдің қатарына ену стратегиясы тек экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар мәдени-рухани саланы да қамтиды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *