Жамбыл жәкемнің өзі келіп, батасын берген мектеп

Алаштың Асылы мен Аягүлі!  Қос саңлақтың бірі қазақ тілінің нағыз жанашыры болса, енді бірі жас ұрпаққа білім беру жолына бүкіл саналы ғұмырын арнаған жан.

Рая ЕСКЕНДІР

 

Жақында Елбасымыз Н.На­зар­­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Медеу ауда­нының әкімі Ержан Жылқыбаев­тың «Ұрпақтар сабақ­тастығы» баста­ма­сымен Ж.Жабаев атын­дағы №161 лицейде «Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты танымдық кез­десуі өткен еді. Айтулы мек­тепке кезінде Жамбыл-жә­кем­нің өзі келіп, батасын берген екен. 

Көненің көзіндей болған шаңы­рақ білім бәсекесінде қаладағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Ұрпақ­тың тәлімді тәрбиесін алдың­ғы қатарға қойған мектеп ұжымы сапалы білімнің де биігінде келеді. Өткен оқу жылында Алматы қала­сының ең үздік мектебі атанып, бірінші орынды иеленсе, көптеген шәкірттері халықаралық, республи­калық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба­лардың жеңімпазы. Мектеп шаңыра­ғында танымал тұлға­лармен, жас ұрпаққа үлгі болар аға-апалармен жиі кездесулер болып тұрады.

Сондай керемет кеш көктемнің шуақты күнінде өтіп, оқушылар есінде ұзақ сақталып қалды. Бұл жолғы кездесу кейіпкерлері елімізге кеңінен танымал тұлғалар болды. Есімдері тарих бетінде алтын әріп­пен жазылып қалған қос саңлақтың бірі қазақ тілінің нағыз жанашыры болса, енді бірі жас ұрпаққа білім беруде бүкіл саналы ғұмырын арнаған жан. Мектептің білікті басшысы Роза Сұраншиева арнайы уақыт бөліп келіп отырған Алаштың қос ардақты қызымен жан-жақты таныстырып, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі жолында сіңірген еңбек­теріне тоқталды.

Асылы Османды білмейтін адам кемде-кем шығар. Қазақ тілін да­мыту, оның шын мәнінде мемле­кеттік тіл деңгейіне көтерілу ісіне белсене атсалысып, қанатымен су сепкен қарлығаштың күйін кешкен кісі. Кездесуге келген Асыл апа­ларын көрген мектеп оқушылары да ерекше құрмет көрсетіп, сан сауал­дың астына алды. «Алаштың Аягү­лі» атанған тұңғыш Қазақ­станның Еңбек Ері Аягүл Миразова қазақ білімінің биігі. Елбасымыздың осынау құрметті атаққа алғаш рет ұстаз бен диқанды лайық деп табуы да тегін емес. Сондықтан кеш бойғы әңгіме ең өзекті мәселе тіл мен білім төңіре­гінде өрбіді. Қашанда тіл мәселесі дегенде арқаланып, қанат­танып шыға келетін Асылы Әли­қызы қойған сауалдың бәріне рахат­тана отырып жауап берді.

– Қазақ тілінің ғұмырлы болуы, ең алдымен, жас ұрпақ сендерге бай­ланысты. Отбасындағы тәрбие, ел мен жерге деген іңкәрлік, ана тіліне деген адалдық нағыз бай қасиеттер. Адамның бойында осындай асыл қасиет мол болса онда ата-ана мен ұстаздардың, үлкен­дердің берген тәрбиесінің текке кетпегендігі. Ақ сақалды аталарың мен ақ жаулықты аналарыңның батасының ақтал­ғандығы, – деген Асылы Осман өмірден көргені мен түйгенін ортаға салды.

Атақты ұстаз Аягүл Төреқызы­ның әңгімесі де өте әсерлі шықты.

– Адам биікке ұмтылса жетеді екен. Мен де сіздер сияқты бала болдым. Көп армандадым. Отбасы­ның тұңғышы болғандықтан, тезірек үлкейіп ата-анама қолғанат болғым келетін. Соңымнан ерген бауыр­ларыма да ақылшы әпке болу ізгі мақсатым еді. Менің бала күні арманым дәрігер болу еді. Аппақ халат киіп, адам жанының араша­шысы болғым келетін. Мектеп бітірген жылы Алматыға келіп Медицина институтына құжат тапсырдым. Өкінішке қарай жолым болмады. Бәлкім, ұстаздық жолдан бақытымды табатынымды тәңірім сезді мекен деп те ойлаймын. Сол жолы мектепке вожатый болып орналастым. Балалардың ортасында жүру дегеннің өзі бір бақыт екен ғой. Өзім де сол балалардан екі-үш-ақ жас үлкен болсам да кәдімгі ұс­таз­дар сияқты сезінетінмін. Билі­көлдегі балалық шағым, Тараздағы сту­дент­тік дәуренім, Алматыдағы еңбекпен табысқа жеткен жыл­дарымның бар­лығы да мен үшін жеке-жеке тарих.

Сонау 1972 жылдан бері бас­талған білім сапары мен үшін сәтті болды дер едім. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылы ашылған Алматыдағы №159 гимназияны ұзақ жыл басқарып, құрметті зейнетке шығуым да Тәңірдің маған берген сыйы дер едім. Мұның бәрі еңбек­пен келді. Сондықтан қашанда ізде­ніп, білімге берілген уақытты білімге арнаңыздар дегім келеді. Қазіргі уақыт білімнің, жаңашыл­дықтың заманы. Өркениеттің көшіне ілесу үшін терең білім болу керек, – деген Аягүл Төреқызы мұғалімнің мәрте­бесі туралы да кеңінен әңгіме қоз­ғады.

– Дүние жүзінің ең ақылды, ең данышпан деген ғалымдарының өзі барлық дүниені ойлап тапты. Қазір роботтың заманы. Тек адамға білім беретін мұғалім-роботты ойлап шығу ешкімнің қолынан келмей жатыр. Өйткені, мұғалім болу ол жүректің қалауымен ғана берілетін мамандық, – деді білім саласының білгірі.

Осынау әдемі кеште мектеп оқушылары да өз құрметтерін ән мен күй арқылы жеткізіп, қонақ­тарға 6 «ә» сынып оқушылары «Қа­зақ қызы» әнін орындап, «Ақ мар­жан» биін тарту етті. Сонымен қа­тар, 11 «ә» сынып оқушысы Әлихан Есілбай «Аққу» күйін, 5 «ә» сынып оқушысы Темірлан Өсімқұл «Ита­льян» әнін, 6 «а» сынып оқушысы Ақерке Мұратбекова «Еліме сәлем» әнін, Әдемі Машекеева, Ернұр Баққыдыр, Адина Төлеген орын­даған «Астана» әні мен 10-сынып оқушылары орындаған «Мектебім» әні әсерлі кештің көркін кіргізіп, мазмұнын аша түсті.

Күнде жолы түсе бермейтін қазақ­тың қос мықты қызымен ұжым мұғалімдері мен оқушылары кезектесе суретке түсіп, тарихи оқиғаның куәгері болғандықтарын мақтана айтып жатты. Алаштың Асылы мен Аягүлі!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close