Дәрігерлердің кәсіби тілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында Қазақ­станның латынға көшу керектігі туралы мәселе қозғап, нақты тапсыр­малар берген болатын. Бұл – заман талабынан туған шешім екеніне тоқталған Елбасы: «2017 жылдың аяғына дейін ғалым­дардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет. 2025 жылға қарай іс-қағаздарды, мерзімді баспа­сөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен шығара бастауға тиіспіз» деген еді.

Латын әліпбиін таңдау – рухани тәуелсіздікке апаратын даңғыл жол деп білемін. Жаңа әліпби – күллі әлемдегі қазақтарды біріктіретін аса маңызды фактор. Елбасымыз айтқандай, бұл қадам бізді әлеммен тұтасуға, ұрпа­ғымыздың ағылшын тілі мен ғалам­тордың тілін игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғы­зады. Ал ана тілімізді жаңғыртудың жолы – латынға көшу.

Жалпы, әлемде медицина саласын­дағы терминдік сөздер мен дәрі-дәрмек, құрал-саймандардың атауының бар­лығы да латын таңбасымен белгіленіп, жазылып, айтылатыны белгілі. Осы жағынан алсақ, Елбасымыз айтқандай, 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшуіміз керек деген ойды құптаймын. Сонымен қатар, латын графикасына өту, ең алдымен, дәрігерлер үшін оңай болатын сияқты. Өйткені, медицинада латын тілі қолданылады. Латын тілі – дәрігерлердің кәсіби тілі, медицинада анатомиялық, емханалық және фарма­цевтикалық терминдер үшін қолда­нылады. Медициналық терминдерді дұрыс түсіну үшін медқызметкерлер латын тілін жақсы біліп, күнделікті қызметінде латын терминологиясын пайдалана алуы керек. Себебі, цифрлы медицина латын тілінен басталады.

Біз барлық уақытымызды науқасқа қызмет етуге, оның жазылып кетуіне ғана емес, денсаулығының нығаюына да атсалысамыз. Бұл күндері біздің 10 мыңға жуық студентіміз жаңа білім саласын меңгеру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Олардың көпшілігі латын әліпбиіне негізделіп жазылған ағылшын тіліндегі әдебиеттер қорын оқиды. Біздің университетте қазақ­стандық студенттер ағылшын тілінде білім алатын халықаралық факультет бар. Ағылшын тілі дәрігер үшін, оның жұмысы үшін құзыреттілігін жетілдіру үшін қажет. Жоғарыда атап өткенімдей, оқу кезінде де тіпті, қазіргі қызме­тіміз­де де латын сөздерін жиі пайдала­нуы­мызға тура келеді. Себебі, әлемдік меди­цинада негізгі байланыс тетігі ретінде ағылшын тілі халықаралық дәрежеде мойындалып, қатынас құралы ретінде, салалық пікір алмасуда қолда­нылатын сөздердің басым бөлігі латын сөздері. Керек болса, құрал-сайман­дарымыз бен бүгінгі таңда қоғамдағы екінің бірі пайдаланатын дәрі-дәрмек атауының өзі осы латын сөздерінің ар жақ, бер жағын маңайлайды. Маз­мұндық тұрғы­дан да, дыбыстық, тіпті, жазылу жағы­нан да аралары аса алшақ емес. Демек, тап осы медицина саласы латын сөзде­рімен астасып жатқан­дықтан, мен латын әліпбиіне көшуді қолдаймын.

Егер қазақстандық дәрігерлер бала кезінен мемлекеттік тілді үйрену барысында латын әліпбиімен таныс болса, бұның бәрі әлдеқайда оңай бола­ды. Бұл олардың ағылшын тілін, сондай-ақ латын тілінің өзін де мең­геруін әлдеқайда жеңілдетеді. Оларға жаңа білімдерді игеруде өздерінің түсініктерін түбегейлі «өзгерту» қажет болмайды. Өзге тілді үйрену адам енді қалыптаса бастаған кезде, яғни бала кезде игерген әлдеқайда жеңіл бола­тыны белгілі.  Латын графикасына көшу арқылы Қазақстанның медици­налық қауымдастығы әлемдік ғылыми қауым­дастықпен жан-жақты қарым-қатынас орнату мүмкіндіктеріне ие болады. Кез-келген өркениетті мемле­кеттегі аса маңызды қоғамдық саланың бірі – медицина саласы. Себебі, мемлекеттің басты байлығы саналатын халықтың денсаулығы оның толық­қанды ел екендігінің де басты көрсет­кіші. Сондықтан медицина саласы бойынша білікті мамандар тәрбиелеу ісінде мемлекеттік тілдің атқарар рөлі ерекше. Сондықтан да болашақ меди­цина саласы маман­дарын термин мүмкіндігін қамтитын медицина атаула­рын қолда­нуға, қалың көпші­лікпен медицина тілінде еркін қарым-қатынасқа түсуге жетелейтін оқытудың ғылыми-әдіс­темелік негізде­рін анықтау көкейкесті мәселе.

 

Клара ЖЕҢІСҚЫЗЫ,

С.Асфендияров атындағы

ҚазҰМУ-дың академиялық

қызмет бойынша проректоры.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *