Қазақстанда әркім маңызды!

Қазақстанда әркім маңызды!
Gov.kz

Мегаполисте 700-ден аса санақ қызметкері оқытылды

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Алматы қаласының 2021 жылдың Ұлттық санаққа дайындық жұмыстарымен танысты.

2021 жылдың Ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізіледі. Дегенмен тұрғын жай ретінде қолданылатын тұрғын үйлер мен тұрғын емес орынжайлардың тізімін алдын ала нақтылап алу қажет. Дайындық кезеңі 1–30 маусым аралығында жүргізіледі.

Қазіргі таңда қалада 48 нұсқаушылық және 618 тіркеу учаскелері құрылған. 4 мамырдан бастап 37 нұсқаушымен ұлттық санаққа дайындық жүргізу және өткізу бойынша еңбек шарттары жасалған. Сондай-ақ, нұсқаушы бақылаушылармен, сұхбаттасушылармен ақылы қызмет көрсету келісімшарттары жасалған. Санақты сапалы өткізу мақсатында барлық санақ қызметкері – 703 адам Алматы қаласының статистика департаментінің базасында оқытылды.

Қазіргі уақытта санақ қызметкерлері толықтай оқытылып, орынжайлармен, компьютерлермен, жиһаздармен қамтамасыз етілді. Компьютерлері Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына қосылды. Әрбір қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған. Қалалық автокөлікте тегін жүру мәселесі шешілді. Әрбір нұсқаушылық және тіркеу учаскесіне учаскелік полиция инспекторы бекітілген.

Нұрболат СЕРҒАЛИҰЛЫ, Ұлттық статистика бюросының басшысы:

– Еліміз Тәуелсіздігін алғалы биыл үшінші рет халық санағы өтеді. Бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Тек Алматының өзінде біздің сұхбаттасушыларымыз санаққа дейін 600 мыңнан астам тұрғын және тұрғын емес орын жайларды аралап шығуы керек. Бұл өте маңызды кезең. Сұхбаттасушыларға берілетін жүктеменің дұрыс бөлінуі мен тұрғын санының негізгі санақ кезеңінде толық есепке алынуы осы жұмыстарға байланысты болмақ. Қалада санақ қызметкерлерін қабылдау кезінде ол туралы департаменттің сайтына және әлеуметтік желіге, тұрғындарды жұмыспен қамту орталығының, «Еңбек электронды биржасы» АЖ-нің әлеуметтік желілеріне хабарландырулар берілді. ЖОО-на, жастар ұйымдарына хаттар жіберілді. Сондай-ақ, жұмысқа орналастыру жөніндегі жеке сайттарға хабарландырулар шығарылды. Биылғы халық санағының басты ерекшелігі – 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн-санақ өтуге мүмкіндік болады. Ең алдымен, арнайы sanaq.gov.kz сайтында жүргізіледі. Екіншіден, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы санаққа қатысуға болады. Үшіншіден, біз санақ жүргізуге ыңғайлы арнайы бағдарлама дайындалуда. Тамыз айына дейін бағдарлама дайын болса халық санағын сол бағдарлама арқылы жүргізуге мүмкіндік болады.

 

Айдар Ахметбекұлы, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы:

 – Халық санағы бойынша жұмыстың қарқыны жаман емес. Санақ қызметкерлері қаланың 68 пайыз тұрғын үйлерін аралап үлгерді. Бұл жұмыс келесі аптаның аяғына дейін бітіп қалады. Жалпы, 703 адам қарастырылған, оның ішінде 618 сұхбатшы үй-үйді аралап жұмыс жүргізу үстінде. Оның үстіне сұхбатшыларды қадағалайтын нұсқаушылар бар. Одан басқа санақ жұмыстарын ұйымдастыратын арнайы уәкілдер бар. Алдын ала алынған мәлімет бойынша, санақ қызметкерлері тұрғындар тұруы мүмкін 631 083 тұрғын және тұрғын емес орынжайларды аралауы керек. 2021 жылдың 18 маусымына санақ қызметкерлері аралаған үйлердің, тұрғын үйлердің, ғимараттардың және тұру үшін пайдаланатын тұрғын емес орынжайлардың саны 401 168 нысан (64%) болды. Мұнда тұратын тұрғындар саны – 1113450 адам.