Жол нормативтерін енгізудің америкалық тәжірибесін елімізде қолдану мәселесі қаралады

Жол нормативтерін енгізудің америкалық тәжірибесін елімізде қолдану мәселесі қаралады
Сурет: Gov.kz

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары америкалық нормативтік базамен танысу және жол құрылысы саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапарымен барды.

Атап айтқанда, олар Пенсильвания штатындағы American Society for Testing and Materials (Америкалық сынақтар және материалдар қоғамы) Халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Көлік министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жұмыс сапары барысында ҚазжолҒЗИ вице-президенті Ерік Әмірбаев, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әсел Нұғманова, автомобиль жолдары және көпір құрылыстары басқармасының басшысы Қайсар Шалқар ASTM International директоры Джим Ольшевскиймен, сондай-ақ компанияның жол саласы бойынша сарапшыларымен кездесті.

Атап айтқанда, ASTM International материалдарға, өнімдер мен жүйелерге, сонымен бірге қызметтерге арналған ерікті стандарттарды әзірлеумен және шығарумен айналысады. Америкалық компанияда қазақстандықтар әлемнің 60 елінде нормативтік базалардың негізі ретінде алынған АҚШ-тың 5 мыңнан астам жол саласындағы стандарттарымен танысты.

«Америкалық жол стандарттары 5 жылда бір рет тексеріліп, қайта шығарылады. Бүгінгі таңда материалдардың, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға, қауіпсіздікті күшейтуге және нарыққа шығуына ықпал етуге арналған 12 мыңға жуық ASTM стандарттары бүкіл әлемде қолданылады. Олардың практикалық нұсқауларын өнеркәсіп пен көптеген елдің үкіметтері пайдаланады. ASTM-нің бай тәжірибесі ҚазжолҒЗИ жүргізіп жатқан Қазақстанның жол саласының нормативтік базасын реформалау бойынша жұмыстары барысында пайдалы болуы мүмкін», деп атап өтті Әсел Нұғманова.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға дейін жолдардың сапасын арттыруды тапсырған болатын. Ол үшін басқа да міндеттермен қатар Үкімет жол саласының қолданыстағы нормативтік базасын сәйкестендіруі тиіс.

Осы ретте ҚР Көлік министрлігі салалық нормативтік құжаттарды өзектендіру мен реформалауды Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтына тапсырды. Институт тәуелсіз жол сарапшыларының қатысуымен техникалық кеңестің отырыстарын өткізді. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 400-ден астам ГОСТ, 200-ге жуық стандарттар және 300-ге жуық ведомстволық нормативтік-техникалық құжаттар қайта қаралды.