Жыл соңына дейін ел халқының саны 20 миллионға жетеді

Жыл соңына дейін ел халқының саны 20 миллионға жетеді
Сурет: El.kz

Демографтар болжамы осындай.

Бала туу көрсеткіші бойынша әдеттегідей еліміздің батыс және оңтүстік өңірлері алда тұр. Ал өзге аймақтарда жағдай бірқалыпты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

24.kz арнасының ақпараты бойынша, табиғи өсім болғанымен, мамандарды урбанизация қарқыны алаңдатып отыр. Себебі бүгінде ел халқының 60 пайыздан астамы қаланы мекен еткен. Сондықтан елімізде демографиялық теңгерімсіздік белең ала ма деп қорқады. Елімізде соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің бәсеңдеп қалғаны байқалады. Мәселен, былтыр тек бірінші тоқсанда 93 мың 600 сәби дүниеге келсе, биыл жыл басынан бері 93 мың 500 бала туған. Маңғыстау мен Түркістан облыстары көш басында. Одан кейін Шымкент қаласы тұр.

«Көші-қон теріс әсерін тигізіп отыр. Сондықтан біз туудың арқасында ғана көбейіп отырмыз. Егер туу осы қарқынмен көбейіп отыратын болса біз осы жылы, мысалы, 1,3 пайызға өсеміз десек, осы жылдың аяғына дейін 20 млн-ға жетеміз», - дейді демограф Шынар Төлешова. 

Мамандар халық санының бәсеңдеп қалуына кері әсерін тигізетін тағы бір мәселе барын айтады. Бүгінде ауыл халқының қалаға үдере көшу үрдісі белең алған. Табиғи өсімнің өзі еліміздің тек батыс және оңтүстік өңірлерінде ғана қарқынды. Ал өзге аймақтарда бірқалыпта тұр. Бұл болашақта әлеуметтік теңгерімсіздікке әкеп соғуы мүмкін дейді.   

«Халықтың тіпті 80 пайызына дейін болашақта қалалық жерде тұруы мүмкін. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 2000 жылдан бері халық саны күрт өскен. Біздің өзіміз қазір қарап тұрсақ, қала халқының саны 60 пайыздан асты», - дейді демограф Шынар Төлешова. 

Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының үлесі 55-тен 61,7 пайызға дейін өсті. Ал ұлттың даму жоспарында бұл көрсеткіш 2025 жылға дейін 62,6 пайызға жетеді деп болжанған. Алайда құжаттағы деңгейге ерте жеткендіктен, экономикалық тұрғыда дайындық қажет, дейді мамандар.

«2014 жылдан 2022 жылдың басына дейін ауылдан көшкен халықтың кері көші-қон сальдосы 657 мың адамды құрапты. Яғни бұл үлкен бір қала халқының саны бұл. Қалалар бізде көші-қон легіне дайын болуы керек. Бұған Үкімет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар бар. Нақты тоқталатын болсам, 2025 жылға дейінгі елдің аумақтық даму жоспары құрылған болатын. Сонда өңірлерді индустрияландыру, жұмыс орындарын құру, сапалы урбанизация жасау сияқты іс-шаралар қаралған болатын», - дейді экономист Нұрболат Құрметұлы.   

Сонымен қатар елде отбасын құрып, жұп болатындар азайған. Мәселен, 2021 жылы Қазақстанда 140 мың 300 жұп некесін қиса, былтыр 128 мың 400 отбасы тіркелген. Сарапшылар осы мәселенің бәрі қоғамның демографиялық және әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететінін айтады.