Жетісу ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша жергілікті тұрғындардың 18 ұсынысы жүзеге асырылуда

Жетісу ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша жергілікті тұрғындардың 18 ұсынысы жүзеге асырылуда
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Спикер ауданның кез келген тұрғыны «Бюджетке қатысу» жобасы аясында ауланы, көшені немесе скверді абаттандыру бойынша өз идеясын ұсына алатынын еске салды.

Егер бастаманы тұрғындар дауыс беру барысында қолдаса, ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Негізінен Жетісу ауданының аулалары мен қоғамдық кеңістіктерін жөндеу және реконструкциялау бойынша ұсыныстар түсті.

«Осы бағдарлама аясында ағымдағы жылы 7 қоғамдық кеңістік жөндеуден өтті, оның төртеуінің орнында бұрын қараусыз қалған учаскелер мен автомобиль жолдары болды. 101 мекенжай бойынша балалар және спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді, сондай-ақ тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша жеке секторда 11 алаң салынды», - деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, Бұлқышев, Столетов, Таиров, Казаков, Қазыбаев, Ратушный көшелері, "Көкмайса", "Құлагер" шағынаудандары, Макаренко көшесінде, Абылай хан, Рысқұлов, Сейфуллин, Райымбек, Сүйінбай даңғылдары, Полежаев, Жансүгіров, Тузов, Ақпаев, Павлодар, Солтүстік айналым көшелері, Геологтар, Беспақов, Бөкейханов көшелері бойынша аула аумақтарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. "Көкжиек" шағынауданындағы спорт алаңы және "Айнабұлақ-4" шағынауданындағы 167 үйдің балалар алаңы жөнделді.

Жеке сектордың 11 мекенжайында балалар алаңдары пайда болды.