Алматыда «От» картинасының премьерасы болды

Алматыда «От» картинасының премьерасы болды
Сурет: Filinpress.ru

Режиссер Айжан Қасымбектің «От» картинасының премьерасы болды

Көрсетілім «Бастау» ІХ халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивальі аясында өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24kz-ке сілтеме жасап. 

Фильмнің әлемдік премьерасы осы жылы Пусандағы халықаралық кинофестивальде өткен болатын. Басқа да байқауларға қатысып, олжалы оралып жүр. 

«От» картинасы қазақстандық қарапайым отбасы жайында. Отағасы ел қатарлы тіршілік етіп, арасында несие де алып тұрады. Күндердің күнінде жасөспірім қызының жүкті болып қалғанын естиді.

«Менің кейіпкерім нан тасушы болып істейді. Өздері пәтер жалдап тұрады. Банктен алған несиесі де бар. Осылай күнелтіп жүрген жан. Осындай қиын жағдайға қарамастан, менің кейіпкерім адамдық ардан аттамайды. Өн бойынан махаббат, мейірімділік, адалдық пен әділдік білініп тұрады», - дейді актер Төлепберген Байсақалов

Туынды шетелдік көрерменнің ілтипатына бөленіп жүр. Пусаннан кейін Германия мен Сингапурда көрсетілді. Ал басты рөлді ойнаған Төлепберген Байсақалов X Russian British Sochi International Film Festival & Awards 2021 және Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival-де екі марапатты жеңіп алды. Ал Минскіде өткен халықаралық «Лістапад» кинобайқауында картина «Үздік режиссер» және «Үздік музыка» номинациялары бойынша жүлдеге ие болды.

«Бұл жанұя осындай қиындыққа қалай тап болды, оны қалай шешеді, осыны көрсеткіміз келді. Бірінші орынға отбасы және көмек ұғымдарын шығардық. Себебі қарбалас тіршілікпен жүріп, қасымыздағы жандарға көңіл бөлмей кетеміз. Осыны естен шығармасақ деймін»,- деді «От» фильмінің режиссері Айжан Қасымбек.

«Бастау» халықаралық кинофестивалі аясында қоғамға ой салатын картиналарды көрерменге ұсыну игі дәстүрге айналып отыр. Биылғы студенттік және дебюттік фильмдер байқауына 80 туынды іріктеліп алынған. Олар 4 желтоқсанға дейін «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісінде тегін көрсетіледі.