Жаңа жобалар жүзеге асырылуда

Жаңа жобалар жүзеге асырылуда
almaty-akshamy.kz

Бүгінгі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі, бұрынғы Кеңес Одағының көптеген елдеріндегідей, өте өзекті және өткір тақырып. Бірқатар адамдар психологиялық тұрғыдан да үй тиранының құрбандары атануда.

Осы жағдайдың алдын алу мақсатында Нұржан Жасұзақовтың жетекшілігімен «Гүлболсын» жобасы әзірленіп, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетілуде. Аталмыш іс-шара қаламыздағы ақ жаулықты абзал жандардың құқықтарын қорғауға бағытталған. «Дағдарыс орталықтарымен біріккен жобамызға 10-нан астам адам тартылған. Бұл жерде өз саласының мамандары, психологтар, заңгерлер, репродуктологтар мен жаттықтырушыларды кездестіруге болады. Топ жұмысы ерте жастан жыныстық қатынастың алдын алу, жүктілік және суицидпен күресуге бағытталған», – дейді ұйымдастырушы Ақнұр Оспанова.


Жоба 2021 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Еріктілер бұл жобаның тақырыбына орай болашаққа үлкен жоспарлар құруда. Олар «жоба тек Алматы қаласын ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамтуы қажет» дейді. Сонымен қатар, «Волонтерлар лигасы» ұйымы әр салада жетістікке жеткен аяулы жандарды бір салаға топтастыратын «Аяулы жан» жобасын қолға алған. Бұл – ғылымда, кинода, журналистикада, менеджмент саласында жетістікке жеткен мықты әйелдер туралы жоба. Іс-шара барысында әртүрлі тренингтер, спикер әйелдермен мастер-кластар өту жоспарлануда.

«Жалғызбасты аналарға көрсетіліп отырған көмек өте аз. Меніңше, болашақта алимент мәселесін шешу бойынша арнайы қор құру қажет. Қоғам көп жағдайда кінәні әйелдің мойнына іліп қояды. Бізде «ажырасса да, күйеуі қол көтерсе де, мүгедек бала туса да, әйел кінәлі» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан көп жағдайда әйелдер зорлыққа шыдайды. Қазақстанда 400 мыңнан аса жалғызбасты ана бар. Бұл – біздің қоғамдағы аса өзекті мәселенің бірі. Балаға көзі ашық, санасы ояу ана керек. Анасы білімсіз болса, баласы да білімсіз болып өседі. Қалай болғанда да, баланы қарайтын әйел», – дейді Miss ATU–2017, Dinara Cosmetics брендінің негізін қалаушы Динара Жолдасова.