Жатақхана коменданты студенттердің атынан кредит алған

Жатақхана коменданты студенттердің атынан кредит алған
Сурет: Zakon.kz

Келтірілген залал шамамен 16 млн теңгеден асады.

Жетісу облысында жатақхана коменданты өзгелердің атынан 16 млн теңгеден астам сомаға тауарлық несие алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық фактілері бойынша арыздар Талдықорған полициясына 2022 жылғы қазан айында түсе бастаған. Тәртіп сақшылары қылмыс жасады деген күдікпен студенттер тұратын жатақханалардың бірінің бұрынғы комендантын ұстады.

Комендант әйел ел бойынша үш банкте және бірнеше микрокредиттік ұйымдарда тауар-ақшалай кредиттерді алаяқтық жолымен ресімдеген деген күдікке ілінді. Принтер, теледидар, кондиционер, ұялы телефон, басқа да тауарлар түрінде алған және кейін сатып жіберген.

"Бүгінгі таңда 18 жәбірленуші бар, олардың негізгі бөлігі – студенттер. Келтірілген залал шамамен 16 млн теңгеден асады. Жақын арада сотқа жіберу үшін материалдарды дайындаймыз", - деді Талдықорған полиция департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.

Қалалық прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық істі тергеу амалдары ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша жүргізілді.