Алматыда «Жастар граффити» фестивалі өтуде

Алматыда «Жастар граффити» фестивалі өтуде
Сурет: Қайрат Қонуспаев

«Есентай» өзенінің бойында Республика күніне арналған «Жастар граффити» фестивалі өтті. Іс-шараны Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы мен қаланың Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Азиз ОРАЛБЕКҰЛЫ, Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры:
-Бұл фестивальдің басты мақсаты - біздің креативті, талантты жастардың басын біріктіру. Осы жерде 50-ден астам жас суретшілер жиналды. Жас суретшілер қала деңгейіндегі суретшілер клубының, демалыс орталықтарының қатысушылары. Фестиваль өтетінін естіп, қатысуға ниет білдірген студенттер де бар. Республика күніне орай ең басты эскизді салып жатыр. Ол жерде негізінен Алматы қаласының көрікті жерлерін өрнектейді. Суретшілерге еркіндік те берілді. Өздері ойындағы суреттерін салады. Бір қуантарлығы, сурет салу барысында жастардың негізгі ойы бірлік, еркіндік, тұрақтылық қағидатына сәйкес келіп отыр. Бұл шара бір күн ғана болмайды. Біз әрбір 8 ауданда қайталанбас суреттерді салып шығамыз. Республика күніне орай көптеген іс шаралар өткізу жоспарда бар.

«Республика күніне орай ұйымдастырылған фестивальде басқа да суретшілермен бірге арнайы эскиз салып жатырмыз. Граффитимен 5-6 жылдан бері айналысамын. Алматы қаласының бейнесін граффити арқылы көрсетеміз»,- деді Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті, суретші Еркебұлан Бөрібайұлы.