ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ
almaty-akshamy.kz

Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

2001 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ

 

  1. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 10 жыл!
  2. Семей ядролық полигонының жабылуының 10 жылдығы.
  3. Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға мемлекеттік сапары.

 

Алғысөз орнына: Тәуелсіздігіміздің оныншы жылы   Қазақ Елі үшін  сыртқы саясатта дипломатиялық қарым-қатынастың кең өріс алған кезеңі болды. Сондай-ақ дербес дамудың он жылында   талай  кедергілерді   қажырлы ерік-жігермен жеңе білген ел билігі осы жылы АҚШ-та жасалған терактілердің салдарынан ушығып кеткен халықаралық жағдайды ескеріп,  ұлттық  қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де баса назар аударды. Елбасының қатысуымен  өткен осы жылдың еншісіндегі қайсыбір  кездесулер мен алқалы жиындарды зерделер болсақ,  ұлттық экономиканы одан әрі дамыту мен нығайту,мемлекеттік басқарудың тиімділігін, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын  арттыру мәселелері күн тәртібінен жыл бойы түскен емес. Жұмыссыздықпен күрес, инфляцияны ауыздықтау, қылмыс пен корруппцияға жол бермеу,мүгедектерді, балалар мен жастарды, әлеуметтік тұрмысы нашар отбасыларды қамқорлыққа алу,білім беру мен денсаулық сақтау салаларын  барынша жақсарту  бағыттарына ерекше басымдық берілді.

 5 қаңтар

Мемлекет басшысы   Орталық Азия экономикалық қоғамдастығы мемлекетаралық кеңесінің  алқалы басқосуына қатысты.  Алматыда өткен  бірінші саммитте  Еуразиялық кеңістікті қалыптастыру  бағытындағы Елбасы ұсынған жоба қолдау тапты.

20-22  ақпан

Бұл күндері Нұрсұлтан Назарбаев     жұмыс сапарымен Малайзия Федерациясында болды. Куала–Лумпурде Малайзия Премьер-министрі М.Мохамадпен өткен екіжақты кездесулерде  ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

 1  наурыз

Мемлекет басшысы  Үкімет мүшелерімен кеңес өткізді. 2001 жылғы 1 шілдеден бастап  елімізде  қосымша құн салығы мен  әлеуметтік салық ставкаларының  төмендейтіні жария етілді.  Жеке тұлғалардан алынатын салық табыс мөлшеріне екшеліп есептелетін болды.

19 наурыз

Мемлекет басшысының Жарлығымен «Астананың гүлденуі – Қазақстанның көркеюі» атты еліміздің Бас қаласын  әлеуметтік-эко­номикалық жағынан дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы бекітілді.

30 наурыз

Президент ұсынысымен «Болашақ» халықаралық стипендиаттарының Қауым­дастығы құрылды.

2-4  сәуір

Нұрсұлтан Назарбаев Норвегия Корольдігінде  ресми сапармен  болды. Осы елдің  премьер-министрі Иенс Столпенбергпен кездесуде жаңа технология, кеме құрылысы,мұнай мен газды  тасымалдау мен транзитті дамыту салалары  аясында  келелі уағдаластықтарға қол жеткізілді.

26 сәуір

Ыстамбұл қаласында Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VII саммиті өтті. Алқалы жиынға қатысқан  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылық хартиясын әзірлеуді ұсынды.

6  мамыр

Қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев, экипаж мүшелері – борт-инженер Юрий Батурин, тұңғыш ғарышкер-турист Деннис Тито бар «Союз – ТМ-32» кораблі  Жерге оралған күн. Ғарышкерлер  осы  күні Астанада  мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды.

9 мамыр

Нұр-Сұлтан қаласында  «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені ашылды.

 11 мамыр

Елордада  қаһарман қолбасшы, қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының еңселі ескерткіші ашылды. Мүсіншілері – Нұрлан Далбай мен белгілі сәулетші Шота Уәлиханов. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 11 метр (қоладан құйылған бейненің биіктігі – 6 метр, гранит тұғырдың биіктігі – 5 метр).

18 мамыр

Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратына  көк түркілер көсемі Күлтегін ескерткішінің  ғылыми көшірмесі қойылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған  «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша  халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

1 маусым

Беларусь астанасы – Минск қаласында  ЕурАзЭҚ  мемлекеттері көшбасшылары кеңесінің басқосуы өтті. Төраға болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

9 маусым

Мемлекет басшысының Жарлығымен Елордада «Атамекен» Қазақстан картасы» этнографиялық-мемориалдық кешені» ашылды. Аспан астындағы мұражай Қазақстанның кішірейтілген картасы іспеттес. Мұндай кешендер  дүние жүзінің 17 елінде ғана бар. Ұлыбритания, Испания, Германия, Бельгия, Австрия, Швейцария сияқты бірқатар әлем елдеріндегі осыгндай мұражайлық құрылымдар  үлгісімен жасалған қазақстандық  «Атамекенде» 14 облыс, 2 қала – Нұр-Сұлтан  мен Алматы қалаларының макеттері қойылған.

 15 маусым

Қытай Халық Республикасының  Шанхай қаласында  «Шанхай бестігіне»  мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммиті өтті. Тарихқа жүгінсек, «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім» (Шанхай қ., ҚХР, 1996 жыл) және «Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісім» (Мәскеу қ., РФ, 1997 жыл) негізінде «Шанхай бестігі» деген термин пайда болған еді. 2001 жылы бестіктің сапына  алтыншы мүше болып Өзбекстан қосылғаннан кейін Ұйымның атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп өзгертілді. Өзбекстанды «Шанхай ынтымақтастық  ұйымына» қабылдау  туралы бірлескен Мәлімдемеге қол қойылды. Саммитте ұйымның атын «Шанхай ынтымақтастық  ұйымы» деп  өзгерту жөнінде ұсыныс қабылданып, ШЫҰ үкіметаралық халықаралық ұйым ретінде қалыптасты. Ұйым барша еуразиялық аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты сақтауды көздейтін  Еуразия мемлекеттерінің көптарапты қауымдастығы.

Қазіргі уақытта Ұйымға сегіз мүше-мемлекет бар: Үндістан  Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы; төрт мемлекет ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесіне ие мемлекеттер, олар – Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия Республикасы; алтауы – ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер, олар – Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Непал Федеративті Демократиялық Республикасы, Түркия Республикасы, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы.

Бүгінде ШЫҰ (байқаушы және сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттермен бірге) 3 миллиардтан астам тұрғынды немесе дүние жүзі халқының 50 пайызға жуығын құрайды. Ұйымға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі және ядролық қаруға ие екі мемлекет – Қытай мен Ресей, әлемде халқы көп екі ел – Қытай мен Үндістан, сонымен қатар БРИКС-ке мүше бес елдің үшеуі – Ресей, Үндістан, Қытай және әлемде қуат көзін мол тұтынатын екі ел – Үндістан мен Қытай кіреді.

ШЫҰ-ға тән ерекшелік – Ұйым мәртебесі бойынша НАТО сияқты әскери блокқа жатпайтын, АСЕАН сынды қауіпсіздік бойынша тұрақты ашық кеңес емес аралық ұстанымы бар ұжым.  ШЫҰ бірікпеу, бейбітшілікті қамтамасыз ету және үшінші тараптарға бағытталмаған саясатты қарастыратын «Қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын» қолдайды.

 26 маусым

Нұр-Сұлтанда «SOS Қазақстан балалар қалашығы» ашылды.

 29 маусым

Нұрсұлтан Назарбаев  «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

27 тамыз

Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі тағайындалды. Медальдің сыртқы бетінің жоғарғы жағына - «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» жазуы, ал төменгі бөлігінде «10 лет Независимости Республики Казахстан» деген жазу бар. 

29  тамыз

Алматыда  Семей ядролық полигонының  жабылғанына 10 жыл  толуына байланысты  «ХХІ  ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені қалайды»  атты халықаралық  конференция басталды. Ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған  конференцияда Елбасы: «Біздің конференциямыз ізгілікті мақсатты – ХХІ  ғасырды адамзаттың ядролық қатерден құтылатын ғасырына айналдыру мақсатын көздейді. Біздің дауысымыз бүкіл әлемге естілуі тиіс, естіледі де!»  деді.

7 қыркүйек

 Ақтау қаласында Қазақстан жастарының 1-ші Конгресі өтті.

22-25  қыркүйек

Мемлекет басшысы  Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген  Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-мен кездесті. Ұлы Қазақ Еліне  алғаш рет келген Ватикан мемлекетінің басшысы ыстық ықыласпен қарсы алған қауымға алғыс айтып, қазақ топырағын сүйді.  Шапағатты Әкей сапар барысында   «Отан-Ана» ескерткішінің алдында 20 мыңға жуық адамға уағыз айтты. Қазақстан мен Орталық  Азия  католиктері үшін   Қасиетті месса өткізді.   «Саған Құдайдың рақымы жаусын, сен келшекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деп, ақ тілегін білдірді.

17 қазан

Елордада  «Қазақстан және Назарбаев: өзгерістер қисыны» кітабының таныстыру рәсімі болып өтті.

29 қараша

Ресей астанасы – Мәскеу қаласында  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Тараптар Ресейдің Байқоңыр ғарыш айлағын жалдау ақысын төлеу жөніндегі келісімге қол қойды. 

 

8 желтоқсан

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев пен АҚШ Президенті Дж.Буш ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайту туралы мәлімдемеге қол қойды.

17-22  желтоқсан

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев    Испания Корольдігіне, содан соң АҚШ-қа,  одан кейін соңғы күні Ұлыбритания Біріккен Корольдігі   мен  Солтүстік Ирландияға  жұмыс сапарымен  барып қайтты.

16 желтоқсан

Елордада Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Жиында  Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. 

30 желтоқсан

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін қолдау және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында  «2002 жыл – Денсаулық сақтау жылы» болып жарияланды.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:

 

  • 2001 жылы  «Түркі бастамасы». ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Ыстамбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттер  саммитінде сөйлеген сөзінде  «Азиядағы бейбітшілік және тұрақтылық хартиясын» әзірлеу, Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жасаудың Трансұлттық пактісін жасасу және түркітілдес  мемлекеттердің «Ақсақалдар алқасын» құру ұсынылды.

 

  • Осы жылы 15 маусымда Шанхай бестігі механизмі негізінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы декларация.

 

СТАТИСТИКА:

  2001  жылы Президент республика өңірлеріне 17  рет, шет елдерге  19 рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  143  Заң қабылданып,  192  Жарлыққа қол қойылды.

 

ЖЫЛ ТҮЙІНІ:   2001 жыл  Қазақ Елі үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтанған жылы болды. Өз Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойын  еліміз айтарлықтай ілгерілеушілік траекториясымен қарсы алды. Бұл ретте осы жыл бедерінде ғана  жиырмаға жуық жаңа нысан: Батыс Қазақстан облысында «Қарашығанақ газ өңдеу кешені – Ақсай»  және Павлодар облысында «Ақсу-Дегелең» темір жолдары, Солтүстік Қазақстанда «НАН» комбайн құрастыру цехы,  Жамбыл облысында «Қазфосфат» фосфор зауыты,Теміртауда «ыстық цинк және аюминий цехы, Ақтауда  паром терминалы және т.б  ашылғанын айта кеткен жөн. Ал, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарында тауар айналымы 1 млрд.долларға жетті. Мұның өзі  алдағы жылдарға экономикалық өсім динамикасын қалыптастыруға ықпал еткен факторлар екенін  атап өтті сарапшылар.