Жаркент құрылысшылары мектеп сала бастады

Жаркент құрылысшылары мектеп сала бастады
Сурет: C-pravda.ru

Үстіміздегі жылы Алматы облысында 28 мектеп салынады.

Жетісу құрылысшылары мектеп сала бастады. Үстіміздегі жылы бұл өңірде 30 шақты білім ордасы бой көтереді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы Панфилов ауданында қазіргі уақытта 3 мектептің құрылысы басталды. Соның ішінде екі мектеп жаңадан салынады. 

Панфилов аудандық әкімдігінің мәліметінше, Басқұншы ауылында 300 орындық мектеп бой көтеруде. Оның құрылысымен қоса материалдық базасын толық жабдықтауға 1 млрд 703 млн теңге қаржы бөлінген.

Ал Аққұдық ауылының тұрғындары балаларының жаңа мектепте оқитынына дән риза. Байбатшаев атындағы 120 орындық орта мектептің құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. 703 млн теңге қаржы бөлінген осы мектептің бұрынғы нысаны апатты деп танылған болатын.

Сол сияқты шекараға жақын Қорғас ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеуге 352.9 млн теңге бөлінді. Ауданға қарасты Кіші шыған орта мектебі де күрделі жөндеуді талап етеді. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен 15,5 млн теңге қарастырылған.

Осы аталған құрылыс нысандарында шамамен 150-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылуда.

Жалпы, биыл Алматы облысында 28 мектептің құрылысы жүргізіледі, соның 19-ы үш ауысымды мектептердің орнына тұрғызылады. Және бұл қатарда «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынатын 7 мектептің де бар екенін де атап өту керек.