Жамбыл облысында сел шығыны 135 миллион теңгеден асқан

Жамбыл облысында сел шығыны 135 миллион теңгеден асқан
сурет: Zakon.kz

Тұрғындарды күніне 3 мезгіл ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы техника бөлінді

Жамбыл облысында сел шайған бірнеше ауылда төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан келген шығын көлемі 135 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

23 маусым күні толассыз жауған жаңбырдың соңы селге ұласып, Қордай ауданындағы Үлкен Сұлутөр және Ноғайбай елдімекендерін шайып кеткен болатын. Нәтижесінде 17 үйдің ауласын су басып, 5 үйдің ішіне кірген. 12 үйдің қора-жайлары мен қоршаулары бүлінді, деп жазды qazaqstan.tv.

Арнайы құрылған комиссияның мәліметінше, үш ауылдан 169 қой-ешкі, 4 жылқы, 2 сиыр және 380 тауық жоғалған. Сұлутөр елдімекенінде ауыз су жүйесі, электр желілері істен шыққан. Тұрғындарды күніне 3 мезгіл ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы техника бөлінді. Сондай-ақ тау суы ауылішілік бірнеше көпірді шайып кеткен.

Қазір онда арнайы техникалар мен авариялық топтар жұмылдырылып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарының барлық шығынын мемлекет өтейді.