Концерттік маусым «Титан» симфониясымен ашылды

Концерттік маусым «Титан» симфониясымен ашылды
Сурет: Филармонияның баспасөз қызметі

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы кезекті маусымын ашты

Филармонияда бес танымал ұжым, сондай-ақ, бүкіл әлемге танымал талантты солистер бар. Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі  концерттік маусымды атақты композиторлар  Р.Вагнердің - «Тристан және Изольда» операсынан «Изольданың кіріспесі мен өлімі» және Г.Малердің № 1 «Титан» симфониясымен ашты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оркестрдің көркемдік жетекші және бас дирижер – Қанат Омаров.

 Маусым ашарға жиналған классикалық музыканың шынайы жанкүйерлері – концертті керемет қабылдап және көтеріңкі көңіл-күймен қол шапалақтарын аямады.

Т. Әбдірашев атындағы  Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі - 1958 жылы филармонияға енгізілді. Оның ұйымдастырушысы, жетекшісі және бірінші дирижері Қазақ КСР Халық әртісі, Ресей халық әртісі, Татар АССР Халық әртісі Фуат Шәкірұлы Мансұров болды. Айту керек, оның есімі осы ұжымның тарихына алтын әріптермен жазылған. 20 жылдан астам уақыт бойы оркестрді белгілі дирижер Төлепберген Әбдірашев басқарды.

Т. Әбдірашевтің шеберлігі әлемнің көптеген елдерінде танылған. Маэстроның жетекшілігімен оркестр әлемдік классика мен заманауи авторлардың шығармаларын орындады. Көптеген жылдар бойы Тимур Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып жұмыс істеді. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкатанушылық қызметті сәтті үйлестірді. Мыңбаев шығармашылығының маңызды бастауы Қазақ ұлттық фольклоры болды. Ал қазіргі уақытта оркестрді дарынды жас дирижер Қанат Омаров басқарып келеді.