Жақсылық жақсылықты шақырып тұрады

Жақсылық жақсылықты шақырып тұрады
Суретті түсірген - Қ.Қоныспаев

АЯЛДАМАДА

Таңертең. Аялдама. Жанымнан өткен бойжеткен әрірек барып тұрды. «Басы қалай тоңбайды?» дедім іштей.

Әй, жастар-ай! Бірақ өзіне, жастыққа жарасып тұр, таң атпай мына суықта жалаңбас, шашы күртесінен асып төгіліп тұрғаны.

Кірпік жапсырып алыпты. Жанары көрінбейді. Әдемілік деген көзде ғой негізі. Жерде қар, бұл кірпік бұл мезгілмен үйлеспей тұрғандай көрінді маған. Қайдан білейін, қазіргі талғам басқа шығар бәлкім.

Сөмкесі де әдемі екен, бетіне өрнектелген қоңыр түсті ноқаттар өзгеше етіп тұр. Қазір бәрі бар ғой, қалағаның табылады.  Автобус кешіккен соң жан-жағыңа осылай қарап тұрасың.

Бір кезде әлгі ару қалтасынан кішкентай «Қазақстанды» шығарып, қағазын ашып, тәттіні аузына тығып жіберді де, кәмпиттің қағазын аяғының астына тастай салды.

Қасына бардым.

– Анау қағазыңды ал, – дедім дауысымды қатайтып.

– Неге алам? – деді қыз көзі емес, кірпігі көрініп.

– Алып, қалтаңа салып қойғын. Қоқыс тастайтын шелек кезіксе соған тастай саласың.

– Алмаймын. Әне, жатыр ғой, – деді иегін айдалаға нұсқап. Қарасам, әріректе «максишәйдің» бөтелкесі жатыр екен.

– Оны да сен сияқты адам лақтырып кеткен ғой, – деп бұрылып кеттім. Ендігі сөзім шығын. Оның үстіне алқызыл түспен боялған тырнағы сояудай екен, тырнап алып жүрсе, жұмысқа не деп барам. Ақылың өзіңе деген шығар ішінен. Негізі, әдемілік сыртқа емес, ішке біткен жақсы ғой.

 

АҚЖАРҚЫН АПА

Сенбі. Жұмыс күні болмаса да, автобуста жолаушылаған адам қарасы көп. Аялдамалардан апалар көбірек мініп жатыр. Автобуста отыратын орын жоқ. Бір әйел:

– Сізге орын берер едім (үлкен кісінің тікесінен тұрып қалғанына қысылғаны болар), мынау аяқ жарамайды, операциядан шыққанмын, – деді.

– Бәріміздікі сол, аяқ шыдатпайды. Біз де салдыртып едік тізеге әлгісін, бәрібір өзіңдікіндей болмайды екен. Отыра бер, отыра бер. Көшеге қыдырып шық деген сен емес, – деп күлді, еш зілсіз, ашусыз. Әйбат апа екен.

Сөзін қайта жалғады сосын.

– Жәй күндері балалар жұмыста. Біз немерелерді қарап қаламыз. Сосын осылай бір демалыста сыртқа шығып келгіміз кеп тұрады, – деді жайдары апа.

Бір кезде орын босады.

– Әй, келін, мында кел, орын босады, – деп көптің арасынан әлдекімді шақырды сосын. «Келін» дегені де өзі секілді жаулық тартқан апа екен. Ол кісі де сергіп қайтуға шыққан секілді. Сөйтіп екі апа екі жағына кезек-кезек аударылып, теңселіп келіп жайғасып жатты босаған орынға.

«Әй бала, тұр! Аяғым ауырады. Осы күнгі жастар осы, тәрбие жоқ!» деп зіркілдемей, осылай әдемі қартайған жақсы.

 

КӨЛДЕЙ КӨҢІЛ

Күн әжептәуір қысқарған. Таңның өзі қараңғы қазір. Автобустамын. Терезеден сыртқа қарап отырмын. Көше жарықтары самаладай жарқырап тұр.

Кезекті аялдамадан жүгі көп бір әйел автобусқа міне алмай жатыр. Сүйрететін темір арбаға артып, бірнеше жерінен байлап қойған үлкен пакеті, 5 литрлік суы, қолына ұстаған бөлек тағы бір пакеті бар. Автобус жүріп кетіп қалып қоярмын дегендей жанталаса ентелей кіріп келе жатқандықтан есікке сыймай жатыр әлгі заттарымен.

Жүргізуші күтіп тұр.

– Таң атпай құдалыққа шыққансыз ба, немене, мына жерді көшіріп жібердіңіз ғой, – деп әзілдеді орта жастардағы шопыр. Салондағылар күліп жатыр. Әйел де еріксіз күліп жіберді.

Автобус жүйткіп келеді. Жүргізуші ойланып кетті ме екен, кезекті аялдамадан біраз өтіп барып кілт бұрылыс жасап тоқтады. Кейіндеу қалып қойған бір әйел ентіге жүгіріп жетіп, рақметін жаудырып жатыр.

– Көрдіңіз бе, мен сіз үшін маневр жасап барып тоқтадым ғой, – деді шопыр, аялдамаға тоқтауға міндетті екенін, соны ескермей қалғанын жуып-шайғандай. Тағы езу тарттық.

Кезекті аялдамадан 6-7-лердегі бір қыз баланы әжесі отырғызып жіберген болатын. Әлгі бүлдіршін түсер кезде шопырға жолақысын ұсынды.

– Жарайды, төлемей-ақ қой, қызым! – десе де бала қолын алға әлі созып тұр, жолақыны алыңыз дегендей.

– Төлемей-ақ қой, балам, бара ғой, түсе бер, – деді тағы да жүргізуші. Қызыл телпекті қыз түсіп алып томпаңдай жүгіріп бара жатты.

Автобус терезесіне қайта үңілдім. Сыртта да талай адам кетіп бара жатыр. Асығыс жүгіріп бара жатқандары бар. Таң да атыпты. Терезеден жарық түсті.

Міне, таңмен бірге тағы бір күн басталды. Әр күніміз қалай басталса, солай өтері ақиқат нәрсе. Жақсылық жақсылықты шақырып тұрады. Бүгін біздің күнімізді жаны жайсаң, қарапайым, көңілі кең жүргізуші жақсы бастап берді.