Жәдігерлер «сөйлесін»

Жәдігерлер «сөйлесін»
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Алматының 8 музейінде 60 мыңнан астам құнды экспонат сақталған

Халықаралық туризм күніне орай, Алматы қаласының музейлер бірлестігі қаланың Туризм басқармасымен бірлесе отырып, мегаполистегі музейлерге баспасөз турын өткізді. Мақсат – еліміздегі турагенттіктермен де байланыс орнатып, шаһардың рухани мұраларын дәріптеу, сонымен қатар, өз ішімізде де музейлердің қызметін ілгерілету, имиджін көтеру.

Республикада, оның ішінде Алматыда  туризм саласы жыл санап қарқынды дамып келеді. Біздің елді көргісі келетін шетелдіктер саны артуда. Бізге негізінен Ресей, Үндістан, ҚХР, Түркия, Германия, АҚШ азаматтары келеді. Олардың арасында музейлерімізге арнайылап ат басын бұратындар да аз емес.

 Ықылас музейіне деген ықылас жоғары

Қазақстанда e-Qonaq туристерді есепке алу жүйесі бойынша биылғы алты ай ішінде 557 мың шетелдік тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бізге басқа мемлекеттерден 144 мың турист келген еді.

Туристер арасында ең танымал дестанациялардың бірі – өзіміздің Алматы. Іле Алатауы баурайында орналасқан қала туристерді ғажайып, сұлу табиғатымен, мөлдір тазалығымен, жұмсақ климатымен және тарихи мұрасымен қызықтыратындай. Туристердің Жетісу аймағы мен Алматы туралы тарихи білімнің қайнар көзіне айналған, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құрамына кіретін қалалық 8 музейге деген қызығушылығы да жоғары.

Баспасөз турын Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен бастадық. Бұл тарихы тереңнен тартқан, 1981 жылы ашылған, Орталық Азиядағы жалғыз музей. Онда қазақ халқының көрнекті мәдениет қайраткерлерінің және әлемдегі 50-ден астам халықтың музыкалық аспаптары қойылған.

2016 жылы ашылған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында да аспаптар, оның ішінде домбыралар сақталған. Бұл музейдің ерекшелігі сол, қазіргі заманғы мультимедиялық технологиялар арқылы қазақтың дәстүрлі мәдениетін көрсететін Қазақстандағы жалғыз музей болып саналады.

Алматы музейі де бірегейлігімен ерекше. Ол 2002 жылы құрылған, қола дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін Алматы қаласының тарихы ұсынылған ірі мәдени орталық.

 

Тұлғалардың өзі мен ізі

Мегаполисте еліміздің дамуына, көркем әдебиетіне үлес қосқан тарихи тұлғаларға арналған музейлерге деген қызығушылық та жоғары. Мәселен, 2002 жылы құрылған Д.А.Қонаев музейі және араға он жыл салып 2012 жылы ашылған Мемориалдық пәтер-музейі саяси қайраткердің бүкіл жүріп өмір жолынан сыр шертеді.

Ұлы қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі өзі  отбасымен бірге тұрған, өзінің керемет музыкалық туындыларын жазған  пәтерде, 2014 жылы ашылды.

Белгілі жазушылар Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өздері тұрған пәтерлерін музейлендіру арқылы 1999 жылы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің Халықаралық музейлер каталогына енген, әдеби-мемориалдық музей кешені құрылды.

Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі 1993 жылы ұйымдастырылған және ХХ ғасырдағы ұлы қазақ реформаторының мұрасын зерделеу және дәріптеу орталығына айналған.

Қазақстанның қасиетті орындары картасына енген Райымбек батыр музей-кешені 1981 жылы құрылған. Еліміздің әр түкпірінен тәу етіп келетін қасиетті баба, қазақ халқының  батыл қолбасшысының жерленген жері.

 Мәдениеттің мәйегі

Осы музейлерде жинақталған құнды жәдігерлердің саны 60 мыңнан асып жығылады. Оларға шаң қондырмай, тазалап, ұқыпты ұстап отырған музей қызметкерлерінің еңбегі ерен десек, артық болмас. Мәдениеттің мәйегін қалқып жүрген олардың айлық жалақысы да мардымсыз болған еді. Сондықтан жас мамандардың бұл салада тұрақтауы қиындау. Тек тарихты, мәдениетті, руханиятты риясыз қадірлейтін нағыз мамандар жүр қазір.

Бір қуантарлығы, музей қызметкерлерінің жалақысы биыл 30 пайызға өсті. Біраз жас маман жеңілдетілген пайызбен үй алып, қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, бүгінде музей қызметкерлерінің шетелдерге жиі шығып, әлемдегі көрнекті музейлерде болып, тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасалуда. Ал биыл іргелі музейлер бірлестігі ұжымының Октүстік Кореяның Сеул қаласының тарихы музейінде «Ұлы дала маржаны», ал Түркияның Стамбул қаласында «Дала дауысы» көрмесін абыроймен өткізіп келгенінің өзі үлкен мәртебе.

Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайтын музейлері жұмыстарын екі, тіпті үш біріктірілген бағыт бойынша қайта құруда, яғни олар бір уақытта ақпараттық, білім беру, ғылыми, мәдени және демалыс орталығына айнала алады. Сондықтан бірқатар музей бүгінгі күні көптеген маманның, атап айтсақ, музей кураторларының, дизайнерлердің, суретшілердің, сәулетшілердің, өнертанушылардың, фотографтардың, тарихшы-ғалымдардың диалог алаңына айналып та үлгерді.

 Қонаевтың үйінде қонақта

Шыны керек, баспасөз туры барысында Д.А.Қонаев музей-пәтерінде көбірек аялдадық. Себебі, ондағы аура ерекше әсер етті бізге. Музейге емес, бейне Дінмұхамед атамыздың үйінде жүргендей сезіндік өзімізді.

Мұқан Төлебаев көшесіндегі бұл үй 1969 жылы салынған. Дінмұхамед Қонаев осы үйдің 2-қабатындағы пәтерде 24 жыл тұрған. Төрт бөлмелі пәтердің аумағы 230 шаршы метр, биіктігі 3,20 метр. Музейге келген адамдар бұл үйде әлі де адамдар тұратындай сезімді бастан кешетінін жиі айтатын көрінеді. Шынымен де, музейдегі сағаттар тілі әлі жүріп тұр. Тіпті, жапондық түрлі-түсті телевизор мен асүйдегі тоңазытқыш та әлі жұмыс істеп тұр. Үйдегі есік-терезелер, жиһаздардың бәрі өзімізде жасалған. Дәлірек айтсақ, Алматыдағы «Мерей» фабрикасынан шыққан. 50 жылдан асса да, әлі күнге дейін есіктердің де, жиһаздардың да сыры кетпеген. Дінмұхамед Қонаев пен Зухра Шәріпқызының күріштен жасалған портреті де ерекше шыққан. Оны Қызылорданың күрішшілері 200 түрлі сорттан жасап, сыйға берген екен.

– Дінмұхамед Қонаев көзі тірісінде оттық жинаған. Оның ішінде өзі алғаны да, сыйлыққа келгені де бар. Бас-аяғы 400-ге жуық оттық тұр қазір. Оның ішінде Джон Кеннедидің отбасы, Жапонияның сол кездегі премьер-министрі Ясухиро Накасонэ берген, Леонид Брежнев, Саддам Хусейн сыйлаған оттықтарды да көре аласыздар. Оттықтармен бірге көлемі кішкентай ғана, яғни қалтаға сыйып кететін кітаптар да көз тартады. Олардың арасындағы көлемі жағынан ең кішкентайы Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандығы». Оның көлемі бір сантиметр ғана. Қонаев атамыз үйдегі уақытының көп бөлігін өзінің кабинетінде өткізген. Мынау тұрған биік-биік кітап сөрелерінде 5 мыңға жуық кітап бар. Үй иесі бұл кітаптың барлығын оқыған. Тіпті кейбірін қайталап оқып шыққан көрінеді. Сонымен қатар, кітап сөрелерінде қайраткердің зайыбы Зухра Шәріпқызы жинаған 29 Құран кітабы бар. Олардың біразы мұсылман елдерінен әкелінген, – дейді Д.А.Қонаев музейінің ғылым бөлімінің жетекшісі Нұрила Жүсіпбаева.

  

 Тақырыпқа орай

 

Ләззат САҒЫНДЫҚОВА, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры:

Музейлер де цифрлық дәуірге жетті

 Алматыдағы музейлер санын әлі де көбейту мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің негізінде құрылатын Сақ мәдениеті орталығының және Райымбек батыр мемориалдық кешені жанындағы «Қазақ батырлары музейінің» жобалау-сметалық құжаттама жасау жұмыстары аяқталуда.  Жаңа музейлердің іске қосылуы біздің бірлестіктің қызмет аясын едәуір кеңейтеді деп отырмыз, яғни жаңа музейлер іші заманауи үлгіде жабдықталып, жарақталып, олардың ішінен қалпына келтіру орталығы, оқушыларға арналған жаңа үйірмелер, тарихқа қызығатындарға арналған клубтар пайда болады.

Қазіргі уақытта музей жәдігерлерін цифрландыру жүйесі  жүріп жатыр. Өйткені, цифрлық дәуір музейі – бұл ескерткіштердің шынайы кеңістігі мен экспонаттардың ақпараттық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін жаңа медиа қондырманың синтезі. Жақын арада Алматы музейлерінің цифрландырылған экспозицияларын әлемнің кез келген жерден онлайн «көруге» болады, бүгінде әлемге әйгілі izi-travel платформасында онлайн-экскурсиялар қолжетімді.