Алматыда үстел теннисінен республикалық турнир өтті

Алматыда үстел теннисінен республикалық турнир өтті
Сурет: 24.kz

Алматыда үстел теннисінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті.

Бұл жарыстың ерекшелігі - кіл мықтылар қатысты. Қазақстан рейтингінің алдыңғы ондығына кірген ұл-қыздар ғана өнер көрсетуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Нәтижесінде, 18 жасқа дейінгілер арасында елордалық Тимофей Герасименко алдына жан салмай, жеңімпаз атанды. Ол 14 ойынның 11-інде жеңіске жетті. Үздік үштікті Алматы мен Қарағанды спортшылары түйіндеді. Қыздар арасында тағы бір қарағандылық Жанерке Көшкімбаева топ жарды. Айта кету керек, күміс пен қола да дәл осы өңірдің өкілдеріне  бұйырды.

Ал 15 жасқа дейінгілер бәсекесінде шымкенттік Қасым Нұрислам мен астаналық Елизавета Лаврова бірінші орын алды. Қасым 15 кездесудің барығында жеңіске жетсе, Елизабета 14-інде қарсыласынан басым түсті. Енді үздік теннисшілерден ұлттық құрама жасақталып, алдағы халықаралық жарыстарға дайындықты бастайды.