Ұлыбританияда сайлаудың соңғы кезеңі басталды

Ұлыбританияда сайлаудың соңғы кезеңі басталды
Сурет: Stan.kz

Ұлыбританияда Консервативті партия басшысын сайлаудың соңғы кезеңі басталды. Бүгіннен бастап партияның елдегі 160 мың мүшесіне пошта арқылы бюллетень таратылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Олар дауыс беру қағазын 2 қыркүйекке дейін толтырып, қайта жіберуі тиіс. Консервативті партияның көшбасшылығына екі кандидат үміткер. Олар бұрынғы қаржы министрі Риши Сунак пен сыртқы істер министрі Лиз Трасс. Дауыс берушілердің талап-үддесінен шығу үшін қос кандидат ара-тұра тікелей эфирдегі дебаттарда пікір таластырады.

Алдыңғы пікірталаста Сунак Трасстан сәл озған еді. Алайда соңғы сауалнамаға сүйенсек, сыртқы істер министрінің бәсі басым. Жеңімпаз 5 қыркүйекте анықталады. Билеуші партияның қай кандидаты жеңсе, сол бірден Ұлыбританияның премьер-министрі атанатынын айта кеткен жөн.