Ұлы даланың тұлпарлары

Ұлы даланың тұлпарлары

Сәйгүлік. Тұлпар.

Ұлан-ғайыр Ұлы Даламыздың кермаралдай керілген кербез төсінде қолтығынан жел кеулеп, көсіле шауып бара жатқан сәйгүліктен сұлу не бар десеңізші! Қазақ үшін ең қасиетті де киелі жануар – жылқы. Жылқыны тіпті жануар деуге де ауыз бармайды... Ол – адамның қанаты, серігі, сырласы!

Қазақта ел қорғаған батырлар туралы сөз бола қалса, олардың ерекше қасиетке ие тұлпарлары туралы да қатар айтылып жатады. Әсіресе, тарихи жырлар мен ба­тырлар жырын, аңыз-әңгімелерді қас ба­тырларға тән тұлпарларсыз кездестірудің өзі қиын. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қа­рақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Бөген­байдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері, т.б. сәйгүліктердің бейнесі бар қазақтың жү­регінде жазылып қалғандай болып тұрады. Ал бұл даланы жылқыдан бөліп қарауға тағы болмайды.

ЖЫЛҚЫНЫҢ ТҰҚЫМЫ 250-ДЕН АСАДЫ

Ғалымдардың есептеуінше, бүгінде дүние жүзінде шамамен 65 миллиондай жылқы бар. Жылқының тұқымы 250-ден асады. Осының бәрінің бастапқы тарихы қазақ даласымен тығыз байланысып жат­қаны қуантады.

«Жылқы біздің қазақ жерінен шыққан. Бұл жәй айтыла салған сөз емес. Оған Көк­шетау облысындағы Ботай қонысынан та­былып жатқан жылқы сүйектері дәлел. Әлемдік археологияда дәл осылай бір қо­ныстан жүз мыңдаған жылқы сүйегінің табылуы болмаған. Осы қонысты көптеген ғалым зерттеп, археолог Виктор Зайберт отыз жылдан астам уақыт қазып жатыр. Археологиялық және палеологиялық зерт­теулер жүргізе келе, табылған жылқылар­дың қазақтың жабысынан айнымайтыны белгілі болды», – дейді этнограф ғалым Ахмет Тоқтабай өз сұхбаттарында.

Атақты партизан, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов бір әңгімесінде Киев қа­ласының төрінде барша жұртты таңқал­дырған қазақтың қасиетті бір арғымағы туралы әдемілеп тұрып айтып беріп еді. Сол ойға оралып тұр.

...1954 жылы жазға салым Украинаның астанасы – Киев қаласы ерекше құлпырып сала бердi. Жаймашуақ кездiң жанға жай­лы уақыты болатын. Украин халқы өз елiнiң Ресеймен тiзе қосқан 300 жылдығын тойлап жатқан. Оған әлемнiң түкпiр- түкпiрiндегi 65 мемлекеттен қонақ шақы­рылды. Солардың қатарында достық қа­р ы м - қатынасы ертеден басталған Қазақстаннан келген кiсiлер де бар едi.

Киевке Қазақстаннан барлығы оншақ­ты адам келдi. Iшiнде бұлбұл көмей әншiмiз Күләш Байсейiтова, мың бұралған бишiмiз Шара Жиенқұлова бар. Арасында­ғы ең жасы – Ермек Серкебаев. Ол кездерi саяси қуғын-сүргiн көрiп, Мәскеуде қыз­мет етiп жүрген Мұхтар Әуезов делегация қатарына жолдан қосылған. Атақты парти­зан, жүрек жұтқан батыр Қасым Қайсенов бұлардың бәрінен де ертерек барып алған едi.

КҮЛӘШ ПЕН ШАРАҒА АТ ЖҮРМЕЙ ҚОЙҒАН

Қазақ даласынан тойға тарту ретiнде бiр сәйгүлiк алып барған болатын. 300 жылдық мерейтой ресми түрде Киевтiң Орталық стадионында аталып өттi. Сол кездi сағына еске алған Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов:

– Халық керемет көп жиналды. Украи­на Үкiметi бiр жақта трибунада отырды. Бiз атты алып келгенде, Мұхаң – Мұхтар Әуезовтiң айтуымен, аттың екi жағынан Күләш пен Шара жетектейтiн болған. Ең алдымен, Мұхаң мен Нұртас Оңдасынов, сосын ат жетектеген екi қызымыз, артынан делегация мүшелерi жүрiп отыратын бол­ды. Аттың ер-тұрманының өзi қымбат, өзі Қостанай малының тұқымы болатын. Атты осылай жетектеп, үкiмет алдына апарып тапсыруымыз керек едi, Күләш пен Шара екi жағынан ұстаған ат жүрмей қойды. Алдыңғы екi аяғын көтерiп, аспанға шап­шып тұрып алды, – деген еді.

Қазақ жұрты қашаннан-ақ өзi қадiр тұтар сыйлы қонағына ат мiнгiзiп жатады. Себебi, қазақ үшiн жылқы малы – мүлде бөлек дүние. «Ер қанаты – ат» деп, оны ерекше бөле-жара атаған. Жол азабына қарамай, алты айшылық жердегi сонау Украинаға ат жетектеп баруы да сондық­тан едi. Бiрақ Күләш пен Шараның жетегi­не ат жүрмей қойған.

Жалпы, «Адам жылқы тектi» деп қазақ тегiн айтпаған. Қалай болған күнде де, қа­зақ пен жылқының арасында беймәлiм бiр байланыс бар. Қазақтың қос шынары – Күләш пен Шараның жетегiне жүрмей, ат аспанға шапшығанда, әркiмнiң әрқалай ойлағаны рас. Ал шындығында, бұл аттың өзiндiк қасиетi бар болатын.

– Төрт түлiк малдың iшiнде жылқы қазаққа ең жақыны болып есептеледi, жа­нындай жақсы көретiн малдың бiрi. Жыл­қы деген әрi тамақ, әрi көлiк. Жылқының мiнезi де қызық, өзi қазақпен ортақтасып тұрады. Қазақ тұрған жердiң бәрiнде жыл­қының Керқұлан дейтiн бiр түрi болды. Ол 1917 жылға дейiн бар болатын, содан кейiн ол құрып кеттi. Анау, Прежевальский жыл­қысы деп жүргенi сол – Керқұлан. 1917 жылдан кейiн ол тек Жоңғарияда ғана қалды. Жылқының тағы бiр Тарпаң деген тегi бар едi, оның ең соңғы тұяғы 1864 жылы Украин даласында оққа ұшты. Со­дан кейiн Тарпаң болған жоқ, – деген бола­тын бір әңгімесінде этнограф-ғалым Жағ­да Бабалықұлы.

«АТ СIЗДЕРГЕ СӘЛЕМ БЕРIП ЖАТЫР»...

Әрине, бұл аттың арғы аталарының бiрi осы Украин даласында оққа ұшқанын Киевтің стадионында отырғандардан ешкім бiлген жоқ. Бiлген күннiң өзiнде, ұлан-асыр той үстiнде ол кiмнiң есiне түсе қойсын. Сыйға алып барған ат ойламаған жерден мiнез көрсеткенде, ел-жұрт шо­шыңқырап қалады.

Асаулық танытқан арғымақ аспанға шапшығанын қойғанда, төрдегi құрметтi орында отырған маршал Буденный жүгiрiп келiп, атты аялай берген. Қазақстан деле­гациясын бастап барған Нұртас Оңдасы­нов халқымыздың рәсiмi бойынша тойға тарту ретiнде әдейi арғымақ әкелгенiн айтты.

– Аттың екi аяғын аспанға көтерiп, мi­нез көрсеткенiн көрген жұрт «Аттарың асау ма, немене?» деп сұраған едi. Оған Мұхаңның қалжыңдап: «Ол асау емес, ат­тың сiздерге сәлем берiп жатқаны» дегенi­не жұрт бiраз күлiп алды. Тойға келген Буденный трибунадан жүгiрiп түсiп, қатты қызығып, аттан айырылғысы келмей, қы­зықтады да жүрдi, – дейдi Қасым Қайсе­нов.

Марқасқа маршал аттың сырын жақсы бiлсе керек. Сүйрiктей сәйгүлiкке қатты қызыққан. Ол жағына бiр шығып, бұл жа­ғына бiр шығып, әбден ындыны құрыған. Аттың жал-құйрығына алма-кезек көз тастап, тосын тартуға таң-тамаша қалып­ты. Арғымақты айналшықтап жүрiп алған.

Атты тани бiлетiндерге дауа жоқ. Олар тұлпары қайсы, мәстегi қайсы – сыртынан қарап-ақ ажырата алады. Қазақ жерiнен жаман аттың келмесiн Буденный да бiлген. Ұлы далада аңызға айналған небiр арғы­мақтар болғанын, бәлкiм, естiген де болар. Бұрынғы қазақтардың да қайсыбiрi бол­сын, аттың сыны мен жай-күйiн жетiк бi­луге талпынған. Белгiлi сатирик-ақыны­мыз, марқұм Қажытай Iлиясұлы соның бiрi десе болады.

– Қазақ жылқының құйрығының өзiн жетi-сегiзге бөледi: қылыш құйрық, сым­пыс құйрық, қисық құйрық, ұялы, шұба­лаң, шалқұйрық, шолаққұйрық деп келедi. Қазақ үшiн, алдымен, ат, сосын – бап. Екеуi бiр жерден шықса, ол бәйгеден ке­ледi. Пони деген, мәстек деген бiзде болма­ған. Жылқыны мен тоғызға бөлемiн, қазақ соның ең тәуiр нұсқасын алып қалған. Алайда, қазаққа бiткен тұлпардың бәрiн сыртқа, Ресейге алып кетiп қалып отырған, содан кейiн өзiмiзге жылқы құтаймаған, – дейдi Қажытай Iлиясұлы.

Украинаға алып барған ат та осындай тектi тұқымнан болатын. Жетекке жүрмей жұлқынған аттан шошынған жұрт Әуе­зовтiң тапқырлығына дән риза болады. Ел-жұрттың есiн алған ер-тұрман мен қа­расаң көз тоймайтын сұлу сәйгүлiк тамаша тойдың сәнiн кiргiзген. Украин халқы Та­рас Шевченконың бiр жұртына айналған Қазақстаннан келген тартуды ерекше ықыласпен қабылдайды.

– Күләш пен Шараның жетегiне ат жүрмей қойғанда, аттың күтушiсi: «Бұл ат әйел адамның артынан ермейтiн едi, басқа кiсiлер жетекке алсын» дедi. Содан не iс­теймiз, бiр жағынан мен, бiр жағынан Ермек Серкебаев ұстап едiк, ат жүрiп кеттi, – дейдi Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов.

Шынында, байқап қарап тұрсаңыз, жылқы да адам сияқты, өзiндiк әртүрлi мiнезi болады. Оның үстiне, той үстiнде тарпаңдық танытқан тұлпар Қазақ даласы­нан барған емес пе. Күләш пен Шара әйел заты болғасын, жетегiне жүрмей қойған. Тектiлiгiн танытқан. Беріге дейін келген қасиетті сәйгүліктер ойға түссе, көзден ғайып болған қайран тұлпарлар-ай дейсіз амалсыз...


«Аlmaty-akshamу» №85, 18 шілде, 2023 жыл