«Ұлы дала тынысы» 

«Ұлы дала тынысы» 
Сурет: Қайрат Қоныспаев

интерактивті көрмесі өтті

«Форум» сауда орталығында ҚР Мемлекеттік орталық музей қорындағы этнографиялық заттар негізінде «Ұлы Дала тынысы» жылжымалы көрмесі өтті. Көрмеге Орталық музейдің интерактивті қорындағы ұлы тұлғалардың көзі тірісінде ұстаған домбыраларының көшірмелері (А.Құнанбайұлы, Д.Нүрпейісова, Ж.Жабаев, М.Өтемісұлы т.б.) және қару-жарақ түрлері мен ыдыс-аяқтар қойылды. Көрме барысында музей қызметкерлері қазақтың ұлттық мұраларына қатысты құнды ақпараттармен бөлісті.

– Жыл басы күніне орай «Ұлы дала тынысы» этнографиялық көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде ұлы тұлғалардың заттарының көшірмесін алып келдік. Басты мақсатымыз – осындай құнды заттармен халықты таныстыру. А.Құнанбайұлы, Д.Нүрпейісова, Ж.Жабаев, М.Өтемісұлы сияқты аңыз адамдарымыздың бағалы заттарын адамдар күнде көре бермесі анық, – деді ҚР Орталық мемлекеттік музейінің Антропология және эндрология бөлімінің басшысы Арайлы Балаева.

– Өте ерекше көрме өтіп жатыр. Мұндай ұлы тұлғалардың құнды заттарын көремін деп ойламаппын. Бүгін бірінші рет Ортеке аспабын өз көзіммен көріп, тартып көрдім. Осындай тәрбиелік маңызы бар көрмелерді көп ұйымдастырса екен, – дейді көрмеге келуші Нұржан Жолдасбеков.