Ұландықтар боз кілемде белдесті

Ұландықтар боз кілемде белдесті
Almaty-akshamy.kz

Алматы қаласында «Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы» кешенінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскери қызметшілері арасында қазақ күресінен чемпионат өтті. 

Жарыстың шымылдығын ашқан ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Константин Куатов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы оқу-жаттығу орталығының бастығы майор Берден Ақпанбеков спортшыларға сәттілік тіледі.  

Біріншілікке Алматы, Қызылорда, Шымкент, Тараз және Талдықорғаннан келген 9 командадан 63 балуан қатысып, үш күн бойы бозкілемнің шаңын қақты.

Құқықтық тәртіп әскерінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл жарыста спортшылар 7 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасты. Қазақ күресінен әскери бөлімдерде өткізілген біріншілікке жеңіске жеткен тәжірибелі балуандар жіберілгендіктен, жарыс өте тартысты өтті. Әсіресе, финалға өткен бозкілем шеберлері жарыс көркін қыздыра түсті. Осылайша, жарыс жолында қарсыласын қапы қалдырып, айласын асырған жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды. 

Сайыс қорытындысында жалпы командалық бірінші орынды 6506 әскери бөлімінің (Шымкент қаласы) командасы иеленсе, екінші орынды 5513 әскери бөлімінің (Тараз қаласы) командасы қанжығасына байлады, ал үшінші орынды 3650 әскери бөлімінің балуандары (Алматы қаласы) қанағат тұтты. 

Жеке көрсеткіштер мен командалық есепте топ жарғандар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевтің атынан кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары Ұлттық ұланның алдағы уақытта наурыз айында қазақша күрестен Семей қаласында өтетін чемпионатына қатысып, оңтүстіктің намысын қорғайтын болады.