ҰҚК Марат Шайхутдиновке қатысты сот үкімі шыққанын жеткізді

ҰҚК Марат Шайхутдиновке қатысты сот үкімі шыққанын жеткізді
Сурет: Inform.kz

Бұл үкімді Астана соты шығарды.

ҚР Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдиновке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік құпияларды жария ету, тыңшылық және мемлекетке опасыздық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеу жұмыстары аяқтады.

«2022 жылғы 21 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Марат Шайхутдиновті (Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары) ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оны мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», - делінген хабарламада.

Қылмыстық іске қатысы бар Л.Скаковскийдің (ҚК-нің 175-бабы 1-бөлігі – мемлекетке опасыздық жасау) және О.Жданның (ҚК-нің 176-бабы – тыңшылық) кінәсі толық дәлелденді. Олар сәйкесінше 11 жыл 3 айға және 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Арнайы іс-шаралар кешенінің басқа да кезеңдерін іске асыруды ескере отырып, шет елдік арнаулы қызметтердің қай елге тиесілі екені және қылмыстық іске қатысы бар адамдар туралы өзге деректер жария етуге жатпайды.