Үкіметте тозығы жеткен құбырлар мәселесі талқыланды

Үкіметте тозығы жеткен құбырлар мәселесі талқыланды
Сурет: Ашық дереккөз

Тұрғындар айлап сусыз қалуда

Сенбі, 20 мамыр күні, Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үйлестіру штабының отырысын өткізді. Онда елді мекендерді сумен қамтамасыз ету шаралары қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын баяндады.

Бүгінгі таңда ауыз суға қолжетімділік қалаларда – 98,4%, ауылдарда – 94,5% құрап отыр.Ең аз қамту Абай, Ақмола және Жамбыл облыстарының қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында тіркелген.

Биыл сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін қалған 25 қала мен 1 395 ауылдың халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Осыған байланысты республиканың әрбір елді мекенін қамтитын тиісті жоспар әзірленді. Оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысына мониторинг жүргізіледі.

Топтық су құбырларын салу және реконструкция жұмыстарының барысы туралы Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев баяндады. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірлерде атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

Премьер-Министр мамыр айының басында Үкімет отырысында ауыз су жобалары бойынша «аяқталмаған құрылыстар» туралы айтылғанын еске салды. Оларды аяқтаймыз дегенше, қолданыстағы инфрақұрылымдар жарамсыз болып қалуда.

«Ақтөбе қаласындағы Қарғалы шағын ауданының тұрғындары суық су мен ыстық судың жиі тоқтап қалатынына шағым айтуда. Ақмола облысының Егіндікөл ауданында әбден тозығы жеткен Нұра су өткізгіші жалғыз өзі 12 ауылды сумен қамтамасыз етіп отыр. Ондағы судың шығыны 70-80% жетеді. Бұл ауылдардың тұрғындары құбырлардың жиі жарылуынан айлар бойы сусыз қалады», — деді Әлихан Смайылов.

Ол сондай-ақ Алматы облысындағы Талғар ауданының Кіші Байсерке ауылында су құбыры толық қуатында жұмыс істемейтінін айтты.

«Бұлар биыл халықтан ресми түрде келіп түскен 9 мың шағымның бірнеше мысалы ғана», — деп атап өтті Премьер-Министр.