Қыз алып қашу салт па?

Қазақстанда қыз алып қашу әлi де бар екен деп таңданады кейбiр осы саланы iндетiп зерттеп жүргендер. Тiптi бұл жағдай ауылды жерде ғана емес, қалада да кең өрiс ала бастапты. Ежелден қалған бұл дағды қазiргi күнi мектеп бiтiру кешiнен соң-ақ қызу басталып кететiнге ұқсайды. Тiптi, олардың көбiсi жазаланбай жататын көрiнедi, – деп таңданады зерттеушiлер. Зерттеушiлердiң сөзiнiң де жаны бар. Мектеп 12 жылдыққа көшедi дегенде бiр ағамыз «балалар мектептен бала-шағалы болып шығады десеңшi» деп едi. Десек те ағамыздың қапаланатын жөнi бар екен. Зерттеушi мамандардың айтуынша, қалыңдық алып қашудың тарихы әрiде жатыр. Қыз алып қашу Қазақстан халықтарының ежелден қалыптасқан дағдысы екен, соның iшiнде қазақтар да бар. Әдетте, қыз алып қашуды жас жiгiттер ерлiкке балайды. Бұл әдет, бiртүрлi мақтаныш сезiмi әлi де жалғасып келедi. Осыдан бiраз уақыт бұрын Шығарма- шылық бастамалар жөнiндегi әйелдер лигасы аталмыш мәселе туралы түбегейлi зерттеу жүргiзiптi. Қыз алып қашудан алдына жан салмайтын облыс – Оңтүстiк Қазақстан екен. Қоғамдық ұйымның дерегiне сенсек, қыздарды 16 жастан ғана емес, 13-14 жастан алып қашу деректерi де аз кездеспейдi. Әрине, мұндай деректердi ресми түрде тiркеу мүмкiн емес, күйеу және оның туысқандары «әзiрге былай да тұра беруге болады, кейiннен кәмелеттiк жасқа толған соң тiркеуден өткiзiп, толыққанды отбасы болуға болады» деп түсiндiредi. – Мұндай бала қандай жағдайда болатынын елестете аласыз ба? – дейдi Шығармашылық бастамалар жөнiндегi әйелдер лигасының төрайымы Әсия Хайруллина. – Бiз ауылды жерде болға- нымызда 200 адамға әлеуметтiк зерттеу жүргiздiк. Олардың 40 пайызы осындай жағдайды бастан өткерген. Төрайымның айтуынша, ҚР Денсау- лық сақтау министрлiгiнiң дерегi бойынша, 2009 жылы елiмiздегi 360 мың ерлi-зайыптылардың төрт мыңы 15-18 жастағылар екен. Сондай-ақ некеге тұрмаған жасөспiрiмдер 23,5 пайызды құрайды. Бүгiнде Қазақстан заңдарының баптарында қыз ұрлап қашу мәселесi қарастырылмаған. Кезiнде бұл жағдай туралы сан мәрте ой-пiкiр, ұсыныстар айтылғанымен, оған аса мән берiлмедi. Себебi, бұл мәселе жөнiнде құқық қорғау орындарына шағым түсiретiндер жоқтың қасы екен. Оның есесiне «Адам ұрлау» жөнiндегi 125-бап бар екен. Оның талабы қатал-ақ. Мәселен, 7 және 12 жыл, 10 және 15 жыл үй мүлкiңiздi қоса тәркiлеп, бас бостандығыңыздан айырады. Әйтсе де 2009 жылы Шымкенттiң үкiметтiк емес ұйымдарының өкiлдерi Қылмыстық кодекске «Қалыңдық ұрлау» туралы арнайы бап қосу керектiгi жөнiнде тиiстi орындарға ұсыныс жасаған болатын. Мәселен, «Сана-сезiм» атты әйелдердiң құқықтық орталығы бұл мәселе жөнiнде едәуiр нақты деректер жинаған. Мыңдаған әйел өз басынан өткен қиын тағдырды жасырмай баяндаған. Алайда, полицияға бармаған, себебi белгiлi, әйел жолы жiңiшке, ар-ұждан қымбат. Қыз алып қашу не себептен тиылмай отыр? Аталмыш лиганың айтуынша, кейбiреулер мұндай қадамға той шығынын қысқарту үшiн баратын көрiнедi. Тiптi кейбiр жағдайы жоқ ата-аналар қызының қашып кеткенiне де наразы емес. Себебi, оның қызына ұзату тойын жасауға жағдайы жоқ. Ал ендi мына жағдайды қыз алып қашудың қай түрiне жатқызар едiңiз? Мәселен, бiр-бiрiн сүйген қыз бен жiгiт үйленуге келiседi. Жiгiт бұл жайдан ата- анасын хабардар етедi. Олар келiседi. Ал қыз жағы болса, «әлi алдыңда үлкен апаң бар, қоя тұр» дейдi. Ақыр соңында қыз бала әжесiмен ақылдасады. Әжей «егер бiр- бiрiңдi сүйетiн болсаңдар, ештеңеге қарамаңдар, жiгiт алып қашсын» дейдi. Содан, амал жоқ, жiгiт қызды алып қашуға мәжбүр болады. Ал, қыздың ата-анасы болса дау шығарады. Мiне, бұл мәселенiң осындай жағы да бар. Қысқасы қыз алып қашу салт па, дәстүр ме, әлде қылмыс па? Бүгiнде бұл мәселеге көзқарас әртүрлi. Зерттеушiлердiң пiкiрiнше, бұл жағдайда көбiне екi жақ арасында түсiнiсушiлiк орын алатын тәрiздi. Содан кейiн де ол қылмыс түрiне жатпай, дағдыға айналып бара жатқан тәрiздi.

Ж. ҚҰДЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *