Вакцинаның салдары көрсетілген Барби қуыршағы сатылып жатыр

Вакцинаның салдары көрсетілген Барби қуыршағы сатылып жатыр
Сурет: Stopfake.kz

Telegram мессенджерінде мүгедектер арбасында отырған Барби қуыршағының суреті тарап кетті.

Оның бағасында бұл қуыршақтың «Барби — бустерлік дозадан кейін» деп аталатыны жазылған. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, осылайша өндіруші компания COVID-19 қарсы вакциналар өте қауіпті және емделмейтін аурулар тудыратынын жеткізбек. Бұл жалған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Шын мәнінде, суретте көрсетілген қуыршақ Barbie Fashionistas Doll #165 деп аталады. Өндірушінің сайтында қуыршақтың вакцинацияға немесе COVID-19 пандемиясына қандай да бір қатысы бар екендігі туралы ештеңе айтылмаған.

Mattel компаниясы мүгедектер арбасында отырған және протездері бар қуыршақтар сериясын 2019 жылы әр түрлі адамдардың болатынын көрсету үшін шығарды.

Демек, мүгедектер арбасындағы Барби қуыршағының пандемиямен ешқандай байланысы жоқ және вакцинацияның «қауіптілігі» жайлы ескерту болып саналмайды. Ал бағасындағы «бустерлік доза» жазуы манипуляция және ойыншықтың бірегей атауына қатысты емес.