«Вакцинадан емес, вирустан қорқу керек»

Таңғы сағат 10.00. Қаладағы №18 емханаға келдік. Бүгін жаппай вакциналаудың 4-ші күні.

Таңғы сағат 08.00-ден бастап осы сағатқа дейін 15 адам екпе алып үлгеріпті. Адам қарасының таңертеңге қарағанда түске қарай көп болатынын айтқан мамандар күні кеше демалыс екеніне қарамастан жұмыс істегендерін, 40 адам екпе алғанын жеткізді. Олардың көпшілігі 45 пен 65 жас аралығындағылар. Тағы 18 бен 45 жас аралығындағы 4 адам, 65-тен асқан 5 адам екпе алған.
Бұл тұста келушілерге 7-8 адам қызмет көрсетеді. Өйткені, оларға вакцина салмас бұрын, толық тексеру жүргізіледі. Температурасы көтеріліп тұрған, қан қысымы жоғары немесе төмен адамдарға екпе қалпына келгесін бір-ақ салынады.
Сәуірдің 10-ны күні мұнда 85 адам екпе алған. Бұл тұста да келушілердің басым бөлігі 45 пен 65 жас аралығындағылар екен. Ал жаппай вакциналаудың алғашқы күні 225 адамға вакцина салынған.
Мамандар келушілердің арасында 3-4 адамның қан қысымы жоғары болып қайтарылғанын, бірақ кейін жағдайы жақсарғасын қайта келіп, екпе алғанын жеткізді. Келушілердің арасында жоғары температура тіркелмеген.
Емхананың сыртқы есігінен әртүрлі жастағы 3 кісі кіріп келеді. Есік аузында дене температурасын өлшеп тұрған кісіден вакцинаның қай кабинетте салынатынын сұраған болуы керек, олар бірден солай қарай бет алды. Мамандар жылы қабылдап, дене қызуын, қан қысымын өлшеп жатыр. Бір үйдің үш адамы – әжесі, қызы, немересі бірге екпе туралы біліп, бір жағынан, соған тексерілуге келіпті. Кабинеттен сыртқа шыққан 40 жастар шамасындағы келіншектің жанына келіп:
– Екпе алатын болдыңыздар ма? – деп сұрадым.
– Алсақ деп едік, анамның қан қысымы көтеріліп тұр екен. Енді сол реттелгесін келеміз, – деді.
– Вакцина алуға отбасылық шешім қабылдауға не себеп?
– Вакцина – вирустан қорғайтын, вирусты жеңетін жалғыз шешім. Одан қорқудың қажеті жоқ. Қайта вирустан қорқу керек. Отбасы мүшелерінің қасынан үнемі табылып, «бетперде тақ, қолыңды жу» деп айтып жүре алмайсың. Ал вирус кез келген жерден жұғуы мүмкін. Сондықтан, вакцина алса, олардың қауіпсіздігіне сенімді болуға болады, – деді ол.
Ал Балнұр Айданқызы вакцина алды. Сөйлесіп көрейік.
– Қалай болды? Өзіңізді қалай сезініп тұрсыз?
– Бәрі жақсы. Тек салған орны шамалы ауырсынып тұр. Ол қалыпты деп ойлаймын. Кәдімгі укол қабылдасаңыз да орны біразға дейін біртүрлі болады ғой. Сондықтан оған алаңдап тұрған жоқпын. Өз еркіммен келіп алдым. Жұмыста жаппай вакциналау басталғанын айтты, бірақ алуға мәжбүрлеген жоқ, – деді ол.
Дина Жәкетаева осыдан 10 күн бұрын екпе алған. Алғашқы күні дене қызуы көтеріліп, әлсіздік болып, басы ауырыпты. Бірақ одан кейін ешқандай жайсыздық сезінбеген.
– Негізі әр ағза әртүрлі болады ғой. Соған қарай әркім әртүрлі қабылдайды. Менде тек салдырған күні ғана ауырсыну болды. Ертесіне бәрі реттелді. Ал менің құрбымда ешқандай өзгеріс болмаған, – деді.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *