Универсиада қатысушысы Әділбек Мусин финалда

Универсиада қатысушысы Әділбек Мусин финалда
Сурет: Inform.kz

Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХI Бүкіләлемдік жазғы Универсиадада қазақстандық Әділбек Мусин 100 метр қашықтықты баттерфляй әдісімен 52,34 секунд нәтижемен жүзіп өтіп, финалға жолдама алды.

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу бойынша ақтық сынға барлығы 8 спортшы қатысады. Финал жексенбі, 6 тамызда Чэнду қаласындағы (Сычуань провинциясы, Қытай) Dong’an Lake орталығында, Бейжің уақытымен сағат 18:51-де басталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Осыған дейін Жапонияның Фукуока қаласында өткен су спортынан әлем чемпионатында Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден 51,68 секунд көрсеткішпен Қазақстанның рекордын орнатқан болатын.
6 тамыз күнгі сағат 12:00-дегі (жергілікті уақыт) жағдай бойынша Қазақстан медальдық есепте 19-шы орында тұр. Қазақстан құрамасының қоржынында 19 медаль бар: екі алтын, жеті күміс және 10 қола. Қытай көш бастап тұр (141 медаль: 78 алтын, 33 күміс және 30 қола). Екінші орында Жапония (74:19-24-31), үшінші орында Оңтүстік Корея (50:17-15-18).

Бұған дейін биіктікке секіру жарысында қазақстандық Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова финалға шыққан болатын.